Руханият

Қарағандының жүрегінде – ғасырлар кардиограммасы (эссе)

Ақынды төбемізге тұтқан халықпыз. Себебі, һас ақынның (өлеңші емес) жүрегінен туған Сөз Жаратқаннан түседі деп білеміз. Санасы сәулелі жандар халқының мұң-мұқтажын ғана емес, келешегін де дөп болжай алады. Осы сөзімізге дәлел келтіру үшін қазақтың маңдайына біткен таланттың бәрін тізбей-ақ қоялық. Абайды ғана мысалға келтірсек, жеткілікті. Көңіліңіз ауып жатса, әрідегі билердің, жыраулардың асыл сөзіне жүрек көзін бұрыңыз. Әбден көзіңіз жетеді. Ақын – әулие!

Осыдан тура 20 жыл бұрын, яғни, 2004 жылдың ақпан айында облыс­тық «Орталық Қазақстан» газетіне «Қарағандының жүрегінде – ғасырлар кардиограммасы» деген эссе жарияланды. Бұл эссе – Қарағанды қаласының 70 жылдығына арналған еді. Авторы – Алаштың айбоз ақыны, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы. «XX ғасырдың жиырма сәтімен» жарқ етіп, поэзиясымен ғасырлар бойы теперіш көрген ұлы рухты қазағының кеудесінде жаңғыртқан классик ақын. Халқы мойындап, төріне шығарған шайырдың әр сөзі дүмпу туғыз­ды.

Ақын эссесінде Қазақстан үшін Қарағанды қаншалықты қастерлі екенін айтады. Өткен мен бүгінді салмақты таразылайды. 90 жылдығына жеткен Қарағандының келешегін де тап басып айтқандай әсер қалдырады. Ақынның әулие екеніне тағы да көзіңіз жетеді. Дауылпаз Қасым «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ, Қараймын елесіңе мен таңырқап…» деді емес пе?! Түсінген жанға біз – Егемен елдің бақытты қазағымыз. Ойласаңыз, Қасым бізге таңырқапты. Қалай білген? Серік Ақсұңқарұлы да бүгінгі шалқып жүрген қарағандылықтарға таңырқай да, қызыға қараған.

Редакциядан.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Сарыарқаның ұшы-қиырына көз жетпес ұлан ғасыр даласының осынау ой-қыры әр кезде Сармантай Мұраттың жаз жайлауы болатын-ды. Аңғалдығына иісі Алаш түгілі, адамзат таң қалатын көшпелі жұрттың қой соңындағы бір перзенті күтпеген жерден көмір қабатына кез болып қараған жағатын қазақтың қазан-ошағын қара көмірмен маздатқан күні осы белеңде өзінен соң 34 жылдан кейін дүниеге келетін қаhарлы империяның ғаламат бір кенті бой түзейді деп ойлады ма екен…

Керемет оқиғаларға толы керуен дүние ғой бұл. Айбарынан адам сескенетін ұлы Тұран тұралап құрып, қабағына қарсы қараса жылаған бала уанатын уытты империяның болымсыз бір бөлшегі болады деп кім ойлаған?!

Капитализмге ат басын шалдырмай, феодолизмнен социализмге бірақ қарғыған қазақ 70 жылдың ішінде жер бетінде бұрын-соңды болып көрмеген тарихи сілкіністерді бастан кешірді. Қапас дүниенің қара түнегінде құл мен күңнің қаhарланып тұрған кезі болатын-ды. Пайғамбар жасынан асып, алып шаһарға айналған қара алтынды Қарағанды ГУЛАГ-тың бесігінде жатып ержетіп, дүние­жүзілік екінші қырғынның бастауында Кеңестер Одағының керуен көшін өгіздей өрге сүйреп, ғарыш заманның ғаламат аэропортына айналып еді. Алаштың Алматыдан кейінгі Арқадағы екінші Астанасы да, егіздей бас қаласы да – осы болды.
Пролетариат диктатурасы оны жұмысшы табының табан тіреген жатақханасына айналдырмақ болса да, тарихтың дамуы, тағдырдың жазуымен ол қазақ зиялы қауымының бас қосқан екінші қаласы болды. Алматы Мәскеуге ұқсаса, бұл Санкт-Петербургке ұқсап барады. Алатаудың бауырындағы асқақ шаhарымыз Алаштың От-анасы болса, Қарағанды От-ағасына айналды!

Сондықтан оны Қазақстанның ірі индустриалды орталығы деп қана қоймай, Алаш ақылманының ордалы отауы, рухани бесігі деп түсінгеніміз жөн болар. Арқаның өзіне тән ойлау жүйесі, көңіл арбайтын көркем дүниесі, тамаша талғам дәстүрі осы жерден көзге ұрып тұрса, қандай ғанибет?! Еншісі бөлінбеген қазақ Тәттімбеттің күйіне осында келіп тамсанса, Қаздауысты Қазыбектің даналығын осы өңірден бойға сіңіріп, Мәдидің әніне осы жерден таң-тамаша қалса, Қасым Музасының тереңіне осы өлкеде сүңгісе, қандай ғажап болар еді?!

Қарағандының жүрегін ашып қарасаңыз, ХХ-ХХІ ғасырлардың кардиограммасы көзіңізге шалынар еді. Архитектурасынан бастап шежіресіне дейін кешегі кеңестік дәуіріміздің қолынан шыққан. Асқақ романтикаға толы алғашқы бесжылдықтар, Ұлы Отан соғысы, соғыс­тан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіру дәуірі, тың игеру, ғарыш заманы, желтоқсан ызғары осы Қарағандының кеудесінің үстінен өтпеп пе еді. Қарағанды – қазақтың автопортреті.

Ел егемендік алғалы Қарағанды да қайта туды. Билік басына Камалтин Ескендірұлы келгелі балконда шәй қайнатып, аулада ет асқан кезімізді езу тартып еске алатын күнге жеттік. Қаламызда жаңа ғимараттар бой көтеріп, көшелер шеру тартып барады. Қаламыз самаладай жарық. Тәңірі Қарағандыға оң көзімен қарап тұр. Қарағанды – Қарағанды болғалы билік басына исі қазақтан Камалтин Ескендірұлындай ірі тұлға келген емес-ті. Келді!

Сарыарқада хан нөкерін түзеді!
Сарыарқада хан нөкерін түзеді,
Ешкім де енді батыра алмас тізені.
Осы еді ғой Көк Бөрінің қорымы,
Кейін оны ит те, құс та торыды.
Қазағым-ай, қалай толар деуші едім,
Хан Кененің үңірейген орыны?!

Өмірде бұл бақ та, сор да өтпелі,
Тәңіріне ұлып тұрған көктегі, –
Ит пен құс кеп тартып алған орынын,
Бұл дүниенің шерлісі ғой Көк Бөрі!

Алашымды аяр заман алдап бір,
Қара шекпен бір талады, қалмақ – бір.
Сайтан келіп саф алтынын тонаған,
Сарыарқа емес – ҚарЛаг бұл!

Алла –
Алтайдан түгендеуге құтымды,
Бір қыранның томағасын сыпырды.
Нефедовтің ат қорасы мұндағы –
«Авгейдің ат қорасы» сықылды!

Пенденің көп онысы мен мұнысы…
Ұл тумаса, кеңейе ме ел тынысы?
Құл тумаса көншімейтін көңілі,
Ұрғашы екен бұл тобырдың –
Жынысы!
Алаш зәру уытты ұлға ұлы істе,
Алтынға аптап, күптейтін сол күміске.
Лаң салған Ықыластан қажыды ел,
Махамбет пен Исатай керек бұл іске!

Көк тәңірі Қарағандыға қарады,
Сарыарқа – Ару қара шашын тарады.
Азаттығы –
Алтын алқа мойнында,
Қазақ Тілі аспанға ұшып барады!

Қарағандыны таныған адамның қазақты да тануы сөзсіз. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дейтін қазақ халқының бітім тұлғасы осы қаланың көшелері мен гүлзарларында менмұндалап тұр. Қазақ болудың қасіреті мен ұлылығын ұққысы келетін жұрт осы қаланың тысы мен астарына үңіліп, көне шежіресінің беттерін парақтап көрер. Fасырдың гордий түйініндей қайшылығы Қарағандының көшелерінің бұрыш-бұрышында буырқанып жататыны – содан. Оның Бұқар жырауының Иса пайғамбарға ұқсайтыны да содан болуы керек…

Бізден кейіндеу дүниеге келіп, Қазан төңкерісін тарих оқулықтарынан зерделейтін ұрпақ Қарағандыға қайтсе де соқпай кете алмайды. Адам баласының қып-қызыл қаны мен ащы маңдай терінің мұхитының үстінде тұрғызылған бұл қала өзінің тылсым жұмбағымен ел назарын өзіне аудара бермек. Осалдығы қандай болса, мықтылығы да сондай бұл шаһардың тарихнамасында алтын әріппен жазылған беттер, жазылатын беттер әлі де көп. Адамзаттың нелер жақсы мен жайсаңы ат басын тіреген алтын бекетіміз Орталық Қазақстанның ордабасындай Евразия екі құрлығының күретамыр жолдары осында келіп тоқайласып жатады. Алашты келешекке жалғайтын керуен сарай осы болар, мүмкін?

Дегенмен, Қарағанды, ғаламның бірде-бір қаласына ұқсай қоймайтын шаһар. Ұқсаса – Ресейдің шаһарларына ғана тартып кететін жері бар шығар. Бірақ, Түркия­ның Стамбулына мүлдем кереғар екеніне көзімді жұмып бәстесе аламын. Батыстың бояуы молдау болғанымен, Шығыстың шырайы аздау болып тұр. Ғасырлар бойы көрші болып, үбірлі-шүбірлі ошағымыздың отын бірге жағысқан Ресейге көңіл-күйіміз бен көкірек шеріміз қандай ұқсас болса, көшедегі қайыршыларымыз бен сыраханадағы сылқымдарымыз да екінің бірі, егіздің сыңарындай ұқсас келетіні содан. Көне түркінің көп жұмбағына ой көзімізбен қарап, Самарқанның сансыз бояуына арбалмайтынымыз да, Мәскеуден қызыңқырап келіп, Қарағандыдан бас жазатындарға таң қалмайтынымыз да содан шығар.

Қазір Маркстен көңілі қалған қалың елдің Мағжанды қайта тауып, Алла Тағалаға бас иетін заманында ғұмыр кешіп жатырмыз. Соңғы кезде 3004 жылғы Қарағанды қандай болады деген ой менің де түсіме кіріп, түн ұйқымды төрт бөлетін болып жүр. Заман озған сайын дәстүр де тозады.

Ол кезде ой-толғамымыз бұдан гөрі кемелденіп, қаланың төрт бұрышына қараған кісінің көзіне қазақтың ою-өрнектері көбірек шалынуы мүмкін. Кілем төсеніш босағаға жылжып, сырмақ, текемет төрге озатын болады әлі. Мұздатқыштың қақпағын айқара ашып қараған қарағандылықтың жанары қазы-қарта, жал-жаяға түсіп, көңілі колбаса жарықтық қайда кеткен осы деп алаңдап қалуы да мүмкін.

Қаламыздағы пәтер құны пәленбай доллар болып тұрғанымен, енді жүз жылдан кейін оның бағасы жүз есе арзандауға тиіс. Ол кездегі қарағандылықтар жатақхана деген сөзге жатырқай қарап, оның немене екенін түсінбей қалуы ғажап емес.

Біздің буын үйінен қызмет орнына, одан базарға жеткенше автобустың жолақысына 20 теңге төлеген екен деген қауесет естілгенде болашақ қарағандылықтардың бізге жаны ашып қалуы да ғажап емес. Дегенмен, біздің өзіміздің өзімізге жанымыз ашып, өзгенің көзіне көзтүрткі болмаудың қам-қаракетін бүгіннен бастап қарастыруымыз қажет.

Енді жүз жылдан кейін Қарағандының ішкі һәм сыртқы келбеті Европадан гөрі Нью-Йорктан келген қонағымыз Мекке-Мәдинеге келдім бе деп ойлап қалуы, тіпті, ғажап емес. Бір кезде бүкіл он бес одақтас республиканы асыраған Қарағанды кеніші ол кезде жер шарының қазанында қазы-қарта салып бермесе де, бүкіл планетаның ошағының отын жағатын шамаға келіп қалады. Алаштың ғана емес, адамзаттың ырысына үлес қосу деген емес пе!

1883 жылы Қарағанды өлкесінен қара көмірдің бір кесегін тауып алып, ошаққа от тұтатқан Аппақ Байжанов Американы алғаш ашқан Колумбыға ұқсас адам екен. Сол кісінің от жаққан жерінде ордалы көмір кеніші тұр. Ғаламзаттың саяси картасындағы адамзаттың айтулы елдімекені бұл. Тоталитарлық қоғамның темір қақпасы тас төбесінен қанша түйсе де, Алашының абыройын аспандатып, ырысын молайтып келеді. Тамыз бүлігінде тамам дүние демін әзер алып, Кеңес империясының тілі аузына жабысып қалғанда:

– Бұл – мемлекеттік төңкеріс! – деп жарық дүниеге жар салған жалғыз дауыс­ты ең алғаш осы қала естіген еді!

Қарағандының әкесі – Қазан төңкерісі болғанымен, анасы – қазақ, кіндік шешесі – он бес одақтас ел еді. Бүгінде оның кейбіреуі бүйректен сирақ шығарып, еншісін бөлісе алмай, бір-бірімен ерегісіп жатыр. Қарағандының жүрегіне ол да оңай тиіп тұрған жоқ.

Хауа-Ананың Қабылы мен Әбілі қыр­ғи қабақ болып, қырғын сала бермес. Татулық деген бала бар, адамзаттың бауыр еті – татулық, жыл құсы болып ұшар да, еліне қайта оралар. Оралмай қалай жоғалар, түңілген көңіл түзеліп, бүлінген заман оңалар. Тіліміз басқа болғанымен – тілегіміз бір, жүзіміз басқа болғанымен – жүрегіміз бір Адам Ата – Хауа Ана перзенттеріміз ғой, ел ішіміз тыныш болып, кенішіміз ырысқа тола берсін, халайық!

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button