Қарағандыда «Ел жүрегі — Астана» акция-концерті өтті

Ынтымақ түбі – бірлік. Бірлік пен тұтастықтың ұйытқысы болып отырған берекелі шаңырақ – Қазақстан халқы Ассамблеясы. 25 шілде күні Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының этно-мәдени бірлестік мүшелерінің қатысуымен патриоттық «Ел жүрегі – Астана» атты акция-концерті өткен болатын. Шара барысында ынтымақтың, бірліктің, ауызбіршіліктің, достықтың жасампаздық үлгісіне тағы бір мәрте көзіміз жетті.

Бағдарлама Астанамыздың мерейлі мерекесіне орай ұйымдастырылған. Өткенге үңілсек, 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен «Бейбітшілік қаласы» атағы мен медаліне ие болған еді елордамыз. Бүгінгі күні Астана абыройы – алты құрлықтағы алпауыт елдердің назарында.

Естеріңізге сала кетейік, Бас қаламызға осы жылдың 1 шілдесі күні облыс әкімі Ерлан Қошанов, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының этно-мәдени орталық өкілдерімен бірге «Ұлытау» аллеясы мен «Қазақ еліне мың алғыс» монументін сыйға тартқан еді. Игі істі негізге ала отырып, үш баласы ( корей ұлы, шешен ұлы, орыс қызы ) «Жер – Ана» бейнесін сахналаған еді. Ұсынған бейне дәл монументтегідей әсер сыйлады көрермендерге.

Концерт «Қуаныш» ансамблінің би шашуымен ашылды. Сондай-ақ, этно-мәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары, «Казачья Волница», «Дакия», «Вайнах», «Хайдакъ» және басқа да өнерпаздар көрермендерге керемет әсер сыйлады. Айшат Құттыбаеваның орындауындағы «Қазақ елі осындай» әні мен Ассамблеяның жалауын желбіреткен жас бүлдіршіндердің флешмоб биі көптің көңілінен шықты.

Кештің тағы бір көрнекілігі, Астанада қызмет ететін қарағандылық жерлестеріміздің бейнежазба арқылы құттықтауы қуаныш сыйлады.

Мерекенің құрметті қонағы – Қазақстандық боксшы, жерлесіміз, 2012 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Сәпиев, елордамыздың 20 жылдығымен құттықтап, атқаралып жатқан іс-шараларға табыс тіледі.

Мерекелік кеш соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді мүшелеріне Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық Келісім» мекемесінің алғыс хаттары тапсырылды. Марапаттарды Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Д Касапиди әр өнерпазға ерекше құрметпен табыстады.

Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Ерлан Құсайын кештің әсерімен бөлісіп, алғысын жаудырды.

Бірлік пен тұтастықты, елдің достығын насихаттап жүрген шаңырақтың Астанаға арнаған мерекелік кеші ғажап әсер құшағында түйінделді. Бір шаңырақтың астына бірнеше ұлт өкілдерін сыйдырған кең қолтық қазақ елінің дархандағы, бауырмалдылығы тағы бір көрініс берді.

Қасымхан ҒАЛЫМ,

«Орталық Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.