Қарағандыда балаларды ұрып-соққан екі балабақша тәрбиешісі жазаланды
Қарағанды қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұрынғы екі балабақша тәрбиешісінің ісін қарады. Жеңіл дене жарақаттары салдарынан балаларды ұрып-соғу фактілері бойынша қылмыстық істер жабылып, әкімшілік іс қозғалды.
Бірінші оқиға 2023 жылдың желтоқсан айында «Восток-1» шағын ауданында орналасқан «Бірге өсеміз» балабақшасында орын алған. Балалардың ата-анасы тәрбиешінің балаларына күш қолданғаны туралы шағыммен полицияға хабарласқан. Қарағандылықтар балалардың денесінен көгерген, сызаттар мен гематомаларды тауып, камерадан түсірілген бейнежазбаны көрсетуді талап етеді. Жазбаны тексеру нәтижесінде тәрбиеші балаларға қол көтерген болып шықты. Осы факті бойынша полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабының 2-бөлігі «Білім беру ұйымы қызметкерінің қызметтік міндеттерін тиісінше орындамауы» бойынша қылмыстық іс қозғады. Полицейлер сот-медициналық сараптама тағайындады, ол балалардың ауыр жарақат алмағанын және денсаулығына зиян келтірмегенін көрсетті. Қылмыстың дәлелі болмағандықтан іс жабылды. Тәрбиешіге қатысты әкімшілік іс қозғалды. Сотта тәрбиеші балаларға қатыгездік көрсеткенін мойындап, өкінді. Нәтижесінде сот тәрбиешіні екі тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы қаулы шығарды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ және оған шағым жасауға болады.
Дәл осындай екінші жағдай мамыр айының ортасында «Шығыс-2» шағын ауданында орналасқан «Джин» балабақшасында орын алған болатын. Камералардың арқасында ата-аналар тәрбиешінің балаларды ұрғанын білген. Бір бала жеңіл жарақат алған. Сондай-ақ балабақша қызметкері міндетін тиісінше орындамағаны үшін тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Кейін қылмыстың айғағы болмағандықтан іс жабылды. Әкімшілік іс сотта қаралып, тәрбиеші өз қылмысын мойындап, өкініш білдірді. Нәтижесінде сот оны төрт тәулікке қамауға алу туралы шешім қабылдады.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.