Қарағандыда ауызашардан шыққан бір топ адам жансақтау бөліміне түсті

Қарағандыда ауызашардан шыққан 20 адам астан ұшынып ауруханаға түсті. Жағдайы ауыр үшеуін  тіпті жансақтау бөліміне жатқызуға тура келген. Ауызашар берген үйдің иелері болса, базардан алынған еттен ұшындық дегенді айтады. Қазір олардың жеген астары зертханада тексеріліп жатыр. Бұл туралы KTK арнасы хабарлады.


Осыдан 3 күн бұрын ауызышарға шақырылығандар бүгін бүк түсіп аурухана төсектерінде жатыр. Барлығы да сол отырыстан кейін өздерін жайсыз сезініпті. Ересектердің ағзасы алғашында сыр бермесе, кішкентай балалардың бірден іші өтіп, ыстығы көтерілген.

Құндыз Ақеділова, Қарағанды қаласының тұрғыны:

-Ең бірінші менің бауырымның 6 жастағы баласы реанимацияға түсті. Сондан кейін менің 5-тегі қызым ауырды. Ақырында 20 адам жаттық осында.

Жансақтау бөлімінде жатқан кішкене балалардың жағдайы тұрақты түрде ауыр деп бағаланып отыр. Бәріне тиісінше ем-дом жасалып жатыр екен. Сондықтан қатты алаңдауға негіз жоқ, беттерін бері қаратамыз дейді дәрігерлер.

Ботакөз Жантақбаева, дәрігер:

-Қажетті ем-домның барлығы жасалып жатыр. Жағдайлар тұрақтанды. Бір науқасты ертең жансақтау бөлімінен ортақ палатаға шығарамыз. Науқастардан қажетті сараптамалардың барлығы алынып, зертханаға жіберілді.

Ауызашарға елді жинаған үй иелерінің айтуынша, асқазанды құртқан бұзылған ет екен. Дегенмен мамандар қала базарларынан еттен өзге тамақтың түр-түрін алған отбасының бұл сөзін негізге алған жоқ. Олар енді сараптама қорытындысын күтеді.

-Ал сараптама қорытындысы 3-4 күнде шығуы тиіс. Мамандар ішті өткізген ет болған күннің өзінде де ауызашар бергендер ол етті алған жерді көрсетіп, дәлелдеуі керек. Өйткені еттің базардан емес, басқадан алынбағанына да кепілдік жоқ дейді олар.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.