Қарағанды полицейлері 36 литрге жуық қан тапсырды

19 қараша – Дүниежүзілік жол-көлік оқиғасы құрбандарын еске алу күні. Осыған орай, Қарағанды облысының 100-ге жуық полицейі облыстық қан орталығына келіп, жол апатынан зардап шеккендердің өмірін сақтап қалу үшін 36 литрге жуық қан тапсырды.

Сурет: Полиция департаментінен

Биыл облыста 289 жол-көлік оқиғасы орын алып, оның салдарынан 132 адам қаза тауып, 323 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған. 63 жол-көлік оқиғасында 9 бала қаза тауып, 72-сі жарақаттанған.

Зардап шеккендердің көпшілігі қанға мұқтаж. Сондықтан полицейлер зардап шеккендерге көмек ретінде қан тапсыруды игі дәстүрге айналдырған.Ішкі істер органдарында қан тапсыру дәстүрі 2005 жылдан бері жүргізіліп келеді. Қан тапсыратындар негізінен

Қарағанды, Теміртау, Абай, Саран және Шахтинск қалаларының патрульдік полиция қызметкерлері.

– Жол-көлік оқиғасы құрбандарын еске алу күні – қайғы мен мұңға толы күн. Аталмыш күн қарсаңында полицейлер дәстүр бойынша жаппай қан тапсырып, сол арқылы жанашырлық танытып, барша жүргізушілерді жол ережесін құрметтеуге және немқұрайлы қарамауға шақырады, – дейді Қарағанды қалалық ЖПҚ ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Гүлнұр Құдайбергенова.

Акцияның мақсаты – тұрақты қан донорлары мен оның компоненттерінің тапшылығы мәселесіне қоғамның назарын аудару. Полиция қызметкерлері бұл әрекеттерін қандай да бір іс-шараларға, даталарға байланыстырмай да жүйелі түрде қан тапсырады екен.

– Қарағандылық полицейлер жол апатынан зардап шеккендерге бір күнде 36 литрге жуық қан тапсырды. Бүгін тапсырылған қан ең алдымен балалардың, одан кейін қатерлі ісікке шалдыққандар мен ауыр науқастардың, сосын шұғыл қанға мұқтаж адамдардың өмірін сақтауға септігін тигізеді, – дейді Қан орталығының басшысы Төлеген Сәдуақасов.

Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.