Қарағандыға бір мың жарықтандыру тірегі орнатылады
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды қаласын дамыту жөніндегі кеңесте әлеуметтік нысандар мен қоғамдық орындарды жарықтандыру мәселесін шешуді тапсырды. Қала әкімі Мейрам Кожухов биылғы жылы бір мың жарықтандыру тірегін орнату жоспарда бар екенін айтты.
– Биылға бір мың жарық тірегін орнатуды мақсат етіп отырмыз. Мектептердің, ауруханалардың, әлеуметтік маңызы бар нысандардың кіреберістерінің барлығына жарық орнатамыз. Қала орталығы жарықтандырылды, енді шалғайдағы көшелерге кірісеміз, – деді қала әкімі.
Сонымен қатар қала әкімі Бұқар жырау даңғылындағы тротуарларды қайта жаңарту жалғасатынын айтты. Ыңғайлы жаяу жүргіншілер аймағы Назарбаев даңғылында да жабдықтала бастайды.
Оңтүстік-Шығыста Сарыарқа гүлзары мен Алаш аллеясының құрылысы жоспарлануда. Әлихан Бөкейхан ауданының Сталелитейная, Байжанов атындағы көшелері мен Пришахтинскідегі № 32 мектептің алдындағы гүлзарлар жабдықталады.
Сонымен қатар Жаңа Майқұдық мәдениет үйі алдындағы аумақ абаттандырылады. Болашақта Әлихан Бөкейханға ескерткіш орнатылады деп жоспарлануда.
Биыл Станиславский театрының алдындағы алаңды ретке келтіру басталады.
Жобада баспалдақтар мен тіреу қабырғаларын реконструкциялау, демалыс аймақтарын жайластыру, аялдама павильонын ауыстыру көзделген.
Сондай-ақ, Аппақ Байжанов ескерткішінің алдындағы алаң абаттандырылады.
Жеңіс саябағында тәжік-ауған шекарасындағы әскери қимылдарының ардагерлеріне арналған естелік белгі орнатылады.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz