Жаңалықтар

Әлеуметтік саясат: көмектен мүмкіндікке көшу

Мемлекеттік қолдаудың тиімділігі берілген жәрдемақымен ғана емес, азаматтың тұрақты жұмыс тауып, өз табысын қалыптастыруына жасалған жағдаймен өлшенеді. Президент Жолдауында көтерілген әлеуметтік саясатты жетілдіру міндеті Қарағанды облысында жұмыспен қамту, кәсіби даярлау және әлеуметтік осал топтарды еңбекке тарту бағытындағы жұмыстармен сабақтасып отыр.

Сурет zhasalash.kz

Әлеуметтік саясаттың негізгі міндеті – мұқтаж азаматқа уақытша көмек көрсетумен шектелмей, оның өмір сүру сапасын жақсартуға, еңбек нарығында өз орнын табуына мүмкіндік жасау. Мемлекет басшысы Жолдауында әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру, халықтың әл-ауқатын арттыру және азаматтардың экономикалық белсенділігін күшейту мәселелеріне назар аударды. Бұл ретте қысқа мерзімді көмектен тұрақты нәтижеге бағытталған шараларға көшу маңызды. Аталған бағытта Қарағанды облысында да бірқатар жұмыс жүзеге асырылып келеді. Өңірлік әкімдіктің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері облыста 22 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал жұмыспен қамту шараларымен 28 мыңнан астам тұрғын қамтылған. Өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4 пайызды құрайды.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғалымжан Спабековтің айтуынша, еңбек нарығындағы өзгерістер азаматтардан жаңа дағдыларды меңгеруді талап етеді. Технологиялық даму мен жасанды интеллекттің таралуы мамандықтарға қойылатын талаптарды өзгертіп отыр.

–  Алдағы жылдары жасанды интеллекттің әсерінен 14 мамандық жойылып, 500-ден астам мамандық айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Сондықтан өз дағдыларыңды үнемі жаңартып, өзгерістерге дайын болу аса маңызды, – дейді Ғалымжан Спабеков.

Осы орайда өңірде жұмыссыз азаматтарды қайта даярлау мен жаңа кәсіп игеруіне мүмкіндік беретін бағдарламалар қолға алынған. Мәселен, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары үш айдан алты айға дейін жалғасады. Оқу барысында қатысушыларға шәкіртақы төлеу де қарастырылған. Мамандықтар тізімі жұмыс берушілердің сұранысына қарай қалыптастырылады. Азаматтар еңбек нарығында қажеттілігі бар кәсіптерді меңгеріп, курсты аяқтаған соң тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.

Әлеуметтік қолдаудың тағы бір маңызды бағыты – аз қамтылған отбасыларды кешенді сүйемелдеу. Қарағанды облысында атаулы әлеуметтік көмек тек ақшалай төлеммен шектелмейді. Оның аясында азаматтарға жұмысқа орналасуға, кәсіби оқудан өтуге, жастар практикасына қатысуға, қоғамдық жұмыстарға тартылуға және шағын несие алуға жәрдем көрсетіледі. Бұл тәсіл отбасының қаржылық жағдайын уақытша жақсартумен қатар, ұзақ мерзімді табыс көзін қалыптастыруға бағытталған.

Мемлекеттік қолдаудың нәтижелілігі азаматтың еңбекке араласу мүмкіндігімен де өлшенеді. Бұл ретте мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту мәселесіне де басымдық беріліп отыр. 2026 жылдың сегіз айында облыста мыңнан астам мүгедектігі бар адам жұмысқа орналасқан. Биыл осы санаттағы азаматтарға арнап 11 арнайы жұмыс орны құрылған. Шілде айынан бастап өңірде JOB COACH жобасы іске қосылды. Оның ерекшелігі – мамандар азаматқа жұмыс іздеу кезінде ғана емес, жұмысқа орналасқаннан кейін де бейімделуіне көмектеседі.

Әлеуметтік саясаттың жаңа мазмұны – азаматты жәрдемақы алушы ретінде ғана емес, қоғамның экономикалық өміріне белсенді қатысушы ретінде қалыптастыру. Қарағанды облысындағы жұмыспен қамту, қайта даярлау және әлеуметтік бейімдеу шаралары осы бағыттағы жұмыстың нақты көрінісі. Ендігі міндет – көрсетілген көмектің санын көбейтумен қатар, оның сапасы мен ұзақ мерзімді нәтижесіне мән беру. Өйткені, тұрақты жұмыс, кәсіби біліктілік пен дербес табыс – халықтың тұрмыс сапасын айқындайтын негізгі өлшемдердің бірі.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Орталық Қазақстан»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button