Ресми

Кәсіпкерлерге арналған жаңа салық режимдері

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында салық жүйесін жетілдіру, кәсіпкерлер үшін салық заңнамасын түсінікті әрі қолайлы ету мәселесіне ерекше тоқталды. Президент салық салу тәртібіндегі қайшылықтар мен екіұшты түсіндірілетін нормаларды жою, бизнеске түсетін артық салық жүктемесін азайту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, салық саясаты тұрақты әрі болжамды болуы керектігін баса айтты.

Сурет dknews.kz

Осы бағыттағы маңызды өзгерістердің бірі – 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген жаңа Салық кодексі. Құжатта арнайы салық режимдерін қолдану тәртібі жаңартылып, салық төлеушілер үшін үш режим қарастырылған. Олар кәсіпкерлік қызметтің ерекшелігіне, табыс көлеміне және қызмет бағытына қарайбелгіленген. Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Біржан Үсембаевтың түсіндіруінше, жаңа тәртіп жеке кәсіпкерлерге, заңды тұлғаларға, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға, сондай-ақ, шаруажәне фермер қожалықтарына қатысты.

– Арнайы салық режимдерінің негізгі мақсаты – салық төлеушілердің қызмет ерекшеліктерін ескере отырып, салық міндеттемелерін орындаудың қолайлы тәртібін қалыптастыру. Әрбір кәсіпкер өзінің қызмет түріне, табыс көлеміне және жұмыс істеу ерекшелігіне қарай тиісті салық режимін таңдауы қажет. Бұл ретте режимдерді қолданудың нақты талаптары, табыс шектері мен қызмет түрлеріне қатысты шектеулер белгіленген. Сондықтан, кәсіпкерлерге өз қызметінің жаңа талаптарға сәйкестігін алдын ала тексеріп, салық міндеттемелерін дұрыс орындау маңызды, – дейді департамент басшысы.

Бірінші режим – оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимі. Оны Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қолдана алады.
Бұл үшін күнтізбелік жылдағы табыс мөлшері айлық есептік көрсеткіштің 600 мың еселенген мөлшерінен аспауы тиіс. 2026 жылы бұл шек 2 миллиард 595 миллион теңгені құрайды. Сонымен қатар, кәсіпкердің қызмет түрі Үкімет бекіткен, осы режимді қолдануға тыйым салынған қызмет түрлерінің тізбесіне енбеуі керек. Аталған режим бойынша базалық салық мөлшерлемесі табыстың 4 пайызын құрайды. Дегенмен, жергілікті өкілді органдар қызмет түрі мен объектінің орналасқан жеріне қарай мөлшерлемені 50 пайыздан аспайтын мөлшерде төмендетуге немесе арттыруға құқылы. Осыған байланысты Қарағанды облысында 2026 жылға арналған салық мөлшерлемесі 2 пайыз болып белгіленді.

Сонымен қатар, Салық кодексінің 723-бабында осы режимді қолдануға қатысты қосымша шектеулер көзделген. Аталған режимді қолданатын салық төлеушілер әлеуметтік салық пен қосылған құн салығын төлеушілер болып табылмайды.

Екінші режим – өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған. Оны жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген Қазақстан Республикасының азаматтары мен қандастар қолдана алады. Бұл үшін азаматтар Үкімет бекіткен рұқсат етілген қызмет түрлерінің біреуімен немесе бірнешеуімен айналысуы, жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбауы және белгіленген табыс шегінен аспауы тиіс. Атап айтқанда, күнтізбелік айдағы табыс мөлшері 300 АЕК-тен аспауы қажет. 2026 жылы бұл көрсеткіш 1 миллион 297 мың 500 теңгені құрайды. Аталған санаттағы азаматтар салық төлемейді. Алайда, ай сайын табысының 4 пайызы мөлшерінде әлеуметтік төлемдер аударады.

Үшінші режим – шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған. Оны Қазақстан аумағында жеке меншік немесежер пайдалану құқығындағы, оның ішінде қайталама жер пайдалану құқығындағы жер учаскелері баршаруашылықтар қолдана алады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің жалпы алаңы белгіленген шекті мөлшерден аспауы тиіс. Қарағанды облысы үшін бұл көрсеткіш 3 500 гектарды құрайды.
Бұл режим бойынша салық салу объектісі – салық кезеңінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуден алынған табыс. Салық мөлшерлемесі 0,5 пайыз болып белгіленген.

Сонымен қатар, аталған режимді қолданатын шаруа және фермер қожалықтары бірқатар салықтар мен бюджетке төленетін міндетті төлемдерді төлеуден босатылады. Олардың қатарында жер салығы және жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы, көлік құралдары салығы, мүлік салығы, әлеуметтік салық, қоршаған ортаға терісәсер еткені үшін төлемақы және қосылған құн салығы бар. Алайда, импортталатын тауарлар бойынша және бейрезидент үшін төленетін ҚҚС бойынша ерекшеліктер сақталады.

– Әрбір арнайы салық режимі белгілі бір санаттағы салық төлеушілерге арналған. Мәселен, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ, заңды түрде табыс табуға мүмкіндік алады. Оңайлатылған декларация негізіндегі режим шағын және орта бизнес субъектілеріне бағытталған. Ал шаруа және фермер қожалықтары үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуден түскен табысқа 0,5 пайыз мөлшерінде салық белгіленген. Сондықтан, кәсіпкерлер мен шаруашылық иелері өз қызметінің ерекшелігін ескере отырып, тиісті режимді дұрыс таңдауы қажет, – дейді Біржан Үсембаев.

Жалпы, жаңа Салық кодексіндегі арнайы салық режимдері кәсіпкерлік субъектілерінің қызмет ерекшеліктеріне қарай салық міндеттемелерін орындауға мүмкіндік береді. Дегенмен, әр режимнің өзіндік талаптары, табысшектері мен шектеулері бар. Сондықтан, кәсіпкерлерге салық заңнамасындағы өзгерістерді мұқият зерделеп, өз қызметіне сәйкес келетін режимді таңдағаны жөн.

Ал, мемлекеттік кірістер органдарының негізгі міндеттерінің бірі – жаңа салық талаптарын түсіндіру, салық төлеушілерге әдістемелік көмек көрсету және заңнама талаптарының дұрыс орындалуына ықпал ету. Бұл Мемлекет басшысы атап өткен кәсіпкерлерге түсінікті, ашық әрі болжамды салық жүйесін қалыптастыру бағытындағы маңызды жұмыстардың бірі.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq Qazaqstan

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button