Жаңалықтар

Ата Заң – ел дамуының жаңа бағдары

Ата Заңымыз мемлекеттің құқықтық тірегі ғана емес, қоғамның қандай құндылықтарға сүйеніп дамитынын айқындайтын басты құжат. Ата Заңға енгізілген әрбір өзгеріс елдің ертеңіне, азаматтардың бүгінгі өміріне тікелей әсер етеді. 2026 жылы қабылданған жаңа Конституция Қазақстанның саяси-құқықтық жүйесін жаңғыртып қана қоймай, адам құқығы, заң үстемдігі, білім мен ғылым, қоғамдық жауапкершілік секілді басымдықтарды жаңа деңгейге көтерді.

Сурет Ақордадан

    Қазақстанның конституциялық даму тарихында 2026 жыл айрықша орын алады. 15 наурызда өткен республикалық референдумда жаңа Конституция қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енді. Осылайша, 1995 жылғы Конституцияның қолданысы тоқтап, еліміздің мемлекеттік құрылымы мен қоғамдық дамуының жаңа құқықтық кезеңі басталды. Жаңа Ата Заңның басты ерекшелігі – адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекіту. Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру негізгі бағдар ретінде айқындалды. Бұл өзгерістердің мәні тек заң мәтініндегі жаңа нормалармен шектелмейді. Ең маңыздысы – олардың күнделікті өмірде жүзеге асуы. Азаматтың құқығы қорғалып, мемлекеттік органның жұмысы ашық әрі жауапты болғанда ғана конституциялық қағидаттар нақты нәтижеге айналады.

   Жаңа Конституцияда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктеріне де ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, адамның жеке бас бостандығына қол сұғылмауы, ұсталған сәттен бастап қорғаушы көмегін алу құқығы, өзіне және жақын туыстарына қарсы айғақ бермеу, кінәсіздік презумпциясы секілді кепілдіктер бекітілді. Сонымен бірге дербес деректерді қорғау, цифрлық қауіпсіздік және зияткерлік меншік құқығы конституциялық деңгейде қамтылды. Бұл – ақпараттық технологиялар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған қазіргі кезең үшін маңызды қадам. Мәселен, азаматтардың жеке мәліметтері электрондық платформаларда сақталып, мемлекеттік және жеке қызметтер цифрлық форматқа көшкен уақытта ақпараттық қауіпсіздік мәселесі де құқықтық қорғауды қажет етеді. Демек, жаңа нормалар адамның тек дәстүрлі құқықтарын ғана емес, цифрлық кеңістіктегі мүдделерін де қорғауға бағытталған.

   Конституциялық өзгерістердің өңірлер үшін де маңызы зор. Өйткені мемлекеттің негізгі даму бағыттары ең алдымен жергілікті жердегі әлеуметтік-экономикалық ахуал, білім беру, еңбек қатынастары, қоғамдық қауіпсіздік және азаматтардың өмір сапасы арқылы бағаланады.Өңірдің өндірістік әлеуеті мен еңбек нарығын ескерсек, Конституцияда бекітілген еңбекқорлық, білім, ғылым және прогресс құндылықтарының орны ерекше. Өнеркәсіп, білім беру, медицина, шағын және орта бизнес салаларындағы даму да осы қағидаттардың іс жүзінде орындалуымен тығыз байланысты. Әсіресе жастар үшін білім мен ғылымды стратегиялық басымдық ретінде бекіту маңызды. Өйткені бәсекеге қабілетті маман даярлау, ғылыми ізденістерді қолдау, жаңа технологияларды игеру – өңірдің ғана емес, тұтас елдің болашағына салынған инвестиция.

   Жаңа Конституцияда отбасы, тарихи-мәдени мұра, ұлттық мәдениет, экологиялық жауапкершілік және қоғамдық келісім мәселелеріне де айрықша мән берілген. Бұл – мемлекеттің дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейтінін аңғартады.Қоғамның тұрақтылығы отбасының беріктігіне, ұрпақ тәрбиесіне, ұлттық құндылықтардың сақталуына және азаматтардың ортақ жауапкершілігіне де байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, Ата Заңда бекітілген қағидаттар мемлекеттік саясаттың ғана емес, қоғамдық сананың да бағдарын айқындайды. Дегенмен Конституцияның өміршеңдігі оның мәтінінде жазылған нормалармен емес, сол нормалардың орындалуымен өлшенеді. Заңға құрмет әр азаматтың күнделікті әрекетінен басталып, мемлекеттік органның шешімінен, лауазымды тұлғаның жауапкершілігінен және қоғамның құқықтық мәдениетінен көрініс табуы керек.

   Сондықтан жаңа Конституция – мемлекеттік басқару жүйесін жаңартудың құралы ғана емес, азамат пен мемлекет арасындағы жауапкершілікті жаңа деңгейге көтеретін маңызды құжат. Оның негізгі қағидаттары қоғам өміріне қаншалықты терең сіңсе, елдің құқықтық мәдениеті де соншалықты нығая түспек.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
“Ortalyq Qazaqstan“

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button