«Кең далаға бауыр басып кеткенбіз!»
Қара жердің қадірін біліп, маңдай терімен даланың дидарын нұрландырған еңбек адамдары ел ырысының алтын діңгегі. Солардың бірегейі – ата кәсіпке адалдық танытып, «Шахтерское» ШС-да бір бригадада иық тіресе еңбек етіп жүрген ағайынды Ескеновтер.

Ескеновтер әулетінің тамыры Нұра ауданына қарасты Көбетей ауылынан бастау алады. Отағасы, 1934 жылы туған Жұмабек Ескенұлы мен 1939 жылы дүниеге келген анамыз Алма Сыданқызы он бір перзент – алты қыз бен бес ұл тәрбиелеп өсірген өнегелі де үлкен отбасы. Әкесі Жұмабек ақсақал Көбетей ауылында 42 жыл бойы К-700 тракторының тізгінін ұстаған ауыл шаруашылығының майталманы, кеудесіне «Еңбек ардагері» орденін таққан азамат. Әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған еңбекқорлық қасиет ұлдарына да берілді. Барлық ұлдары әке жолын қуып, механизатор мамандығын меңгеріп шықты. Ағалы-інілі механизаторларды бала күнінен әкелері баулыған.

Әулеттің кенжесі Нариман Ескенов 1981 жылы Көбетей ауылында дүниеге келген. Мектепті 1998 жылы бітіріп, 1999 жылы өз ауылында К-700 тракторына отырып, еңбек жолын бастайды. Нариман 2004 жылы Шахтер ауылына көшіп келіп, осы серіктестікке жұмысқа орналасады. Біліктілігін үнемі шыңдап, ол «Buhler», «Class», «Class Xerion» сияқты кешендер мен комбайндарды, ал қазіргі уақытта «John Deere» комбайнын тізгіндеп жүр.
– Біз техниканың барлық қыр-сырын бала күнімізден әкеміздің жанында жүріп меңгердік. Ол кісі алып трактордың рөлін бізге еш тартынбай сеніп тапсырып, өзі жанымызда қырағы бақылап отыратын. «Қалай жүргізгілерің келеді, солай байқап көріңдер, техниканың тілін тек өздерің басқарып қана түсінесіңдер» деп бізге еркіндік беретін. Әкенің осынау сенімін ақтау үшін біз де темір тұлпарды тезірек игеруге барынша тырмысып, талпынатынбыз. Дәл осы әкелік мектеп бізді жастайымыздан еңбекке баулып, мамандығымызға деген сүйіспеншілігімізді оятты, – дейді Нариман Ескенов.
Нариманның соңынан оған еріп, ағалары да Шахтер ауылына қоныс аударды. Жасұлан үлкені болса, одан кейін Қуаныш, сосын кенжесі Нариман үшеуі қазір бір бригадада жұмыс істейді. Ағайындылар еңбек жолын отандық К-700 техникасынан бастағанымен, бүгінде түгелдей шетелдік заманауи техникаларды толықтай меңгерген.
– Біз қашанда жұбымызды жазбай, бір-бірімізге сүйеу болып бірге жүреміз. Бір алқапта қатар еңбек етіп жүрсек те, «қай тұста, шеткері жақта жүрген жоқ па екен» деп бір-бірімізге үнемі алаңдап отырамыз, ал техникадан ақау шыға қалса, дереу көмекке ұмтыламыз. Біз осы кең даланың тыныс-тіршілігіне әбден бауыр басып кеткенбіз. Сондықтан да, жеңіл-желпі жұмыстың реті келмейді, бар күш-жігерімізді осы жерге арнауға дағдыланғанбыз, – дейді Қуаныш Ескенов.
Ағайындылардың осы ұжымда табан аудармай еңбек етіп жүргендеріне жиырма жылға жуық уақыт болды. Дала жұмыстары аяқталып, қыс түскен шақта да олар қол қусырып қарап отырмайды. Мәселен, Нариман ауылдың орталық қазандығында қызметін жалғастырса, Қуаныш пен Жасұлан шаруашылықтың өзге де күнделікті шаруаларына қолғабыс етіп, көктемгі науқанға дейін техниканы жөндеумен айналысады.
Іргелі шаруашылықтың тасы өрге домалап, шалқып отыруына Ескеновтер сынды маңдай терімен ел ырысын еселеп жүрген қарапайым шаруа адамдарының қосар үлесі зор.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



