ЖаңалықтарБас тақырып

Болсайшы қожалықтың бәрі осындай!

Ақтоғай ауданының орталығынан 60 шақырымдай жерде Ордабек қыстағы бар. Бұл қыстақ Қызыларай ауылдық округіне қарасты. Бір қарағанда, қыстақ деуге аузың бармайды екен. Тау етегіндегі шағын елдімекеннің түнде де жарығы самаладай жанып, байланыс пен интернеті үздіксіз жұмыс істеп тұр. Жаңадан бой көтерген ақ үйлер, еңселі қора-қопсылар мен қамбалар бірден көзге түседі. Осыдан бірнеше жыл бұрын кәсіпкер, осы өңірдің тумасы Ержан Нұртазин «Ерасыл» шаруа қожалығын құрып, иен жатқан далада Ордабек қыстағының негізін қалаған еді. Содан бері мұнда тіршілік жанданып, шаруашылықтың ауқымы кеңейе түсті. Бүгінде қожалық ауыл шаруашылығын өркендетуге, жергілікті жердің өндірістік әлеуетін арттыруға және ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға елеулі үлес қосып келеді.

 

Байлық емес, береке жинаған

«Ерасыл» шаруа қожалығы аймақтағы іргелі әрі ілгері дамып келе жатқан шаруашылықтардың бірі. 2019 жылы иен жатқан иесіз аумақты Ержан Нұртазин өз күшімен игеріп, шаруашылықтың негізін қалады. Әуелде мұнда елдімекенмен байланыстыратын жол да, электр жарығы мен интернет желісі де болмаған. Шаруа қожалық жетекшісі қыстаққа қатынайтын жолды өз қаражаты есебінен салған. Электр желісі мен интернет байланысын да өз есебінен тартыпты.

Шаруашылықтың алғашқы қадамы мал өсіруден басталған. Аз-аздан мал басын көбейтіп, қора-жай тұрғызыпты. Уақыт өте келе, егін шаруашылығын да қолға алып, кәсіптің ауқымын кеңейтіпті. Бүгінде шаруашылықта оннан астам ауыл азаматы тұрақты еңбек етіп, нәпақасын осы жерден тауып отыр. Ержан Нұртазин жұмысшыларына жоғары жалақы төлеп, жыл сайын қысқы соғымын да үлестіруді дәстүрге айналдырған. Қыстақ басынан жұмыскерлеріне жаңа үй салып, жағдайын жасаған. Баспана ішіне енсеңіз, ауылдағы қарапайым тұрмыстан гөрі қаланың қолайлылығын көресіз. Әр үйге ауызсу кіргізіліп, санитарлық тораптар да қарастырылған. Сонымен қатар, келімді-кетімді қонақтарға арнап, жеке үй салуды да ұмыт қалдырмапты.

Суреттерді түсірген автор

– Қазіргі таңда екі қыстағым бар. Оның бірі – жайлау. Жаз бойы ірі қара мал сол жақта жайылады. Қараша айының ортасында сиырларды бөліп, тайыншаларды бордақыға қоямыз. Қожалықтың негізгі бағыты – ет және егін шаруашылығы. Егін алқабына негізінен арпа мен бидай егеміз. Жер жырту, тұқым себу, егінді күтіп-баптау және астық жинау жұмыстарының барлығы заманауи техникалардың көмегімен атқарылады. Қазіргі таңда 400 гектар жерім бар. Биыл гектарына 20 центнерден өнім алдық. Алғашқы жылдары өнім көлемі 45-50 центнерге дейін жеткен. Алдыңғы жылы бидай бітік шығып, жиналған өнімнің барлығын «Сарыарқа нан» кәсіпорнына өткіздік. Енді егіс алқабын одан әрі ұлғайтқым келеді. Алайда, әзірге бос жер жоқ. Алдағы уақытта қосымша жер алып, екпе шөп өсіруді жоспарлап отырмын. Өйткені, қазір мал азығының тапшылығы сезіледі. Осы мәселені шешу үшін жемшөп қорын өзіміз қалыптастыруымыз керек, – дейді Ержан Нұртазин.

2024 жылы Қарағанды облысының аграршылары қамбаға 1 миллион 300 мың тонна астық құйып, 400 мың тонна картоп жинаған. Бұл өңірдің ауыл шаруашылығы тарихындағы рекордтық көрсеткіш болып тіркелген. Аталған толайым табысқа «Ерасыл» шаруа қожалығының да қосқан үлесі аз емес. Сол жылы шаруашылықтың жұмысы жоғары бағаланып, қожалық жетекшісі Ержан Нұртазинді арнайы марапатқа ұсыну туралы шешім қабылданады. Алайда, ол бұл құрметке өзі емес, жұмысшыларын лайық деп санап, марапатқа комбайншы Мәулен Бекмағанбетовті ұсынады. Нәтижесінде, адал еңбегімен көзге түскен Мәулен Бекмағанбетов «Үздік комбайншы» атанып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталады.

– Бұл шаруа қожалығын ашуыма ұлымның бір ауыз сөзі себеп болды. Ол кезде ұлым кішкентай еді. Бірде: «Әке, неге біздің ауылымыз жоқ?» деп сұрады. Баламның осы сөзі маған үлкен ой салды. Содан кейін 2019 жылдан осы іске кірістім. Бүгінде ұлым 11-сыныпта оқиды. Ал, комбайншы Мәулен шаруашылықта 2020 жылдан бері еңбек етіп келеді. Комбайн жүргізу, қыс мезгілінде қар тазалау жұмыстары соның жауапкершілігінде. Негізі, өзімнің жеке компаниям бар. Мәулен сол жерде механизатор. КамАЗ көлігін де жүргізеді.Бір кездері осы аумаққа Beeline байланыс мұнарасын орнату үшін арнайы тендер ойнатылып, оны бір компания ұтып алған екен. Алайда, электр қуатының болмауына байланысты жоба жүзеге аспай қалған. Мәселені шешу үшін өз қаражатыма кабель сатып алып, байланыс мұнарасын электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында желіні қыстақ арқылы тартқыздым. Соның нәтижесінде бүгінде екі ауыл қызығын көріп отыр. Бүгінгі жеткен жетістігімнің бәрі – жұмысшыларымның арқасы. Негізгі еңбекті атқарып жүрген де – солар. Сондықтан қандай марапат болса да, соған ең алдымен қызметкерлерім лайық деп есептеймін. Олардың маңдай тері мен адал еңбегін әрдайым бағалаймын, – дейді Ержан Жәмелұлы.

Қамбасы дәнге, даласы мәнге толы

Бүгінде шаруашылық иелігінде төрт КамАЗ, екі комбайн, бес тракторы бар. Одан бөлек, егін егуге, жер өңдеуге және мал азығын тасымалдауға арналған түрлі ауыл шаруашылығы агрегаттары да сақадай сай.

– Егін егуде барлық қажетті технологияны пайдаланамыз. Тұқымды дәрілеп, дақылдарды түрлі зиянкестерден қорғау шаралары уақытылы жүргізіледі. Топырақты өңдеу жұмыстарына да ерекше мән береміз. Ал, ылғал мәселесіне келсек, көктемде топырақтағы ылғалды сақтап қалу әдісін қолданамыз. Бұл, әсіресе, жауын-шашын аз жылдары егіннің шығымын төмендетпеуге көп көмегін тигізеді, – дейді шаруашылық жетекшісі.

Мал бордақылау ісін де жүйелі жолға қойған. Қазіргі уақытта әрқайсысы 160 басқа арналған үш бордақылау қорасы бар. Былтыр 160 бас бұқаны бордақылап, Балқаш қаласындағы ет комбинатына көтерме бағамен өткізіпті.

Шаруашылықтың күнделікті тыныс-тіршілігі мен жұмысының жүйелі жүруіне жауапты азаматтардың бірі – Нұрсұлтан Мәнен. Өзі 2019 жылдан бері «Ерасыл» шаруа қожалығында еңбек етіп келеді. Бүгінде шаруашылық меңгерушісі. Қызыларай ауылының тумасы болғанымен, қазір қыстақ пен ауылдың арасында қатынап жұмыс істеп жүр.

– Әрқайсымыздың жеке көлігіміз бар. Өзім Қызыларай ауылында тұрамын. Күн сайын қыстаққа қатынап жұмыс істеймін. Ержан Жәмелұлы осыдан бірнеше жыл бұрын ауылдан маған арнап үй салып берді. Ауыл азаматтарын қамқорына алып, жағдайын жасап беріп отырған осындай жанға айтар алғысымыз зор. Шаруашылықта мал күтімі мен жемшөп дайындау жұмыстары жолға қойылған. Шөп шабу, малдың жай-күйін бақылау, жем мен арпа қорын әзірлеу – күнделікті атқарылатын негізгі міндетіміз. Мұнда төрт түлік малдың барлығы өсіріледі. Қараша айының ортасында сиырларды қыстаққа әкеліп, бөлеміз. Бордақылауға қойылатындарын іріктеп, алты ай бойы байланады. Мал бордақылаудың да өзіндік тәртібі бар. Алғашқы күні әр басқа екі келіден кебек беріп бастасақ, кейін бидай мен кебекті араластырып, азық мөлшерін біртіндеп 6-12 келіге дейін ұлғайтамыз. Ең бастысы, жемді күн сайын белгіленген уақытта беру қажет. Жемдеу тәртібі бұзылса, малдың салмақ қосуы да баяулайды. Сондықтан, әрқайсысының жай-күйін жіті бақылап отыру шарт. Мал күтімімен бес адам айналысады. Әрқайсымыздың өз міндетіміз бар. Техникаларды да өзіміз жүргізіп, қажет болған жағдайда жөндейміз де. Мәселен, мен тракторларға жауаптымын. Бұзылған жағдайда өзім жөндеп аламын. Ал, шөп шабу науқанында төрт трактор қатар жұмыс істейді. Оның екеуі шөп шауып, қалған екеуі жинайды. Бір қысқа шамамен екі мың рулон шөп дайындаймыз. Бұл малдың қыстан қысылмай шығуына жеткілікті, – дейді Нұрсұлтан Мәнен.

Арпа, бидай ас екен…

Биылғы егін науқанында шаруашылық қоймасына 250 тонна бидай жеткізіліпті. Оның 100 тоннасы бүгінде сатылып үлгерген. Қалған өнім – қамбада. Егінді өсіруден бастап, оны жинау, тазалау, сұрыптау және сатуға әзірлеу жұмыстарына дейін өздері атқарады.

– Орылған бидай мен арпаны алдымен қамбаның алдына жеткізіп, сонда төгеміз. 15 тонналық КамАЗ күніне үш мәрте астық тасиды. Одан кейін өнімді арнайы астық лақтырғыш техниканың көмегімен үш рет жел қақтырамыз. Сонда дәннің арасындағы сабан, шаң-тозаң мен өзге де қалдықтар бөлініп, таза астық қалады. Жел қақтыру барысында дәннің артық ылғалы шығып, жақсылап құрғайды. Соның нәтижесінде астықтың сапасы жақсарып, салмағы да артады. Ал, тазалау кезінде бөлінген қалдықтарды арнайы аппаратпен тартамыз. Оны кебек ретінде дайындап, бордақыдағы малға жем ретінде пайдаланамыз. Былтыр осындай жолмен бес тонна кебек жинап, түгелдей өз қажетімізге жараттық. Бізде ештеңе ысырап болмайды, – дейді Нұрсұлтан Айдосұлы.

Бірлігі бекем, тірлігі көркем «Ерасыл» шаруа қожалығының бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Құрылғанына көп уақыт өте қоймаса да, аз жылдың ішінде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарып, аяғынан нық тұрған шаруашылыққа айналды. Мұның барлығы, ең алдымен, Ержан Нұртазиннің табанды еңбегі мен іскерлігінің нәтижесі. Ел ішінде абыройға ие. Айналасына сыйлы. Қол ұшын сұраған жанға көмектесіп, жолынан жығылған емес. «Өзім болдым, өзім толдым» деген жоқ. Бәлкім, бүгінгі береке мен ырыстың бастауы да осындай кең пейіл мен ақ ниетте жатқан шығар…

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Ақтоғай ауданы

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button