Арқар

(Бұрынғы өлең)

Қазақтың классик қаламгері
шетел асты…

Арқада қысың жайлырақ болса,
Арқардың ауып несі бар?
Мұнарға батып, ай құлақтанса.
Сан арқар әлі жосылар.

Ақсақ ойылып, асықты қиған
Көкшегір мұзды қысың бұл.
Асылды алып, жасықты құрбан
ететін жұттың ісін біл.

Халқына бейне қалқандай еді,
Қаламы – қару-жарағы.
Арқарды қойшы,
Арқардай, әне,
Азат ой ауып барады.

Шет жұртты асты,
батысты ап бетке,
Прага барып бекінді.
Атамекеннен алыстап кеткен
Ораз Мұхаммед секілді…

Тамсары – анда, аңсары – мұнда,
Жүрекке жеңіл жүк пе екен?!
Аралас өскен аршалы қырда
Сексеуіл сынды мықты екен.

Арқаның қысы – гүл, құрақ болса,
Арқарың ауып не керек?
Шыңылтыр қыста күн құлақтанса,
Кешігер көктем-көбелек.

Селеуін күзде желге бүктемес
Сары дала салқын күй ақты.
Құлазыр көңіл ер көшіп емес,
Ел көшіп кеткен сияқты.

Мандытпайтұғын мехнаты көп
Тірліктің жүгі – тартарым.
Алматысы бар,
Чехиясы жоқ –
Мен де бір жалғыз арқарың.

Абзал БӨКЕН,
ақын, Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының иегері