Арқа туризмінің ауқымы артады
Сарыарқаның сайын даласы биыл туристті тек қарсы алып қана қоймай, жаңа деңгейде таңғалдыруға ниетті. Қарағанды өңірі жаңарған инфрақұрылым, заманауи сервис және батыл бастамалар арқылы ішкі туризмнің жаңа тынысын ашып, әр сапарды ұмытылмас әсерге айналдыруға әзір.

Президент пәрмені
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында туризм турасындағы түйткілдерге тоқталған еді.
– Мен шілде айында туристік жерлердің барлығын ретке келтіру туралы тапсырма бердім. Бұл жұмыс менің жеке бақылауымда. Жұрт жиі баратын демалыс орындарынан бөлек, болашағы зор басқа да бағыттардың әлеуетін арттыру маңызды. Міндеттердің ара-жігін ажыратып алған жөн. Жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болады. …Қазіргі таңда бұл бағыттағы ең өзекті мәселе – заманауи инфрақұрылым салу. Егер осы міндетті ойдағыдай орындасақ, еліміздің курорттары жер жүзіне танылып, Қазақстанның беткеұстар ұлттық бренді болмақ, – деді Мемлекет басшысы.
Расында биыл Қарағанды облысы ішкі туризм әуесқойларын шын мәнінде таңғалдыруды ұйғарып отырғандай. Балқаш пен Қарқаралы аймақтары қонақтарын қол қусырмай қабылдауға қызу дайындық үстінде. Жаңа глемпингтер, заманауи жағажайлар, қолайлы жолдар, тіпті, жақсартылған мобильді байланыс мәртебелі меймандарды бейжай қалдырмасы анық. Санамалап көрсек, жыл сайын тек Қарқаралы мемлекеттік ұлттық паркінің өзі 40 мыңға жуық адамды қабылдайтын көрінеді. Аудан аумағында жалпы сыйымдылығы 2,5 мың орыннан асатын 40-тан астам туристік нысан жұмыс істеп тұр. Өткен жыл қорытындысы бойынша туристер саны 8,3%-ға өскен. Ал, биылғы маусымда жаңа рекорд күтілуде.
Турист тартатын өңір
– Туристік маусымға дайындық – облыстың имиджі мен инвестициялық тартымдылығын айқындайтын стратегиялық маңызы бар бағыт. Туристерге ұсынылатын қызмет сапасы, нысандардың жай-күйі және инфрақұрылымның қолжетімділігі халықаралық талаптар мен заманауи стандарттарға толық сәйкес болуы тиіс. Бұл – тек маусымдық шара емес, өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын, тұрақты түрде жүргізілетін кешенді әрі жүйелі жұмыс. Қауіпсіздіктен бастап, сервистің сапасына дейін ерекше назарда болуы қажет, – деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Балқашта да даярлық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Шұбартүбек, Торанғалық және Барковский жағажайлары жаңа кейіпке еніп келеді. Мұнда заманауи күнқағарлар, ыңғайлы киім ауыстыру кабиналары, санитарлық модульдер, құтқару мұнаралары мен пирстер орнатылып жатыр. Курорттық аймақты рәсімдеуде бірыңғай стиль пайда болмақ. Демалыстың тек қызықты ғана емес, сонымен қатар, қауіпсіз болуы назардан тыс қалмайды.

Облыс аумағында су жағасындағы жаппай демалыс үшін ресми түрде 149 орын белгіленген. Әрбір коммуналдық жағажайда құтқару бекеттері, алғашқы көмек бекеттері мен медициналық сүйемелдеу жұмыс істейді.
Жол бойындағы сервис те жоғары деңгейді талап етеді. Облыстың республикалық трассаларында жанармай бекеттерінен бастап, кемпингтер мен дәмханаларға дейін 105 нысан қызмет көрсетеді. «Астана-Балқаш» және «Қарағанды-Қарқаралы» сияқты танымал бағыттардағы нысан атаулысының бәрі тәулік бойы жұмыс істейді. Тіпті, электромобильмен саяхаттайтындар үшін электр қуаттағыштары да орнатылды. Жанармай қоры жеткілікті. Мамандар жағдайды күн сайын қадағалайтынын әрі кезек пен тапшылық болмайтынына сендіреді.
Әлбетте, заманауи қолайлы шарттар да ұмыт қалмады. Балқаш пен Қарқаралының туристік аймақтарында жаңа байланыс мұнаралары орнатылып, ескілері болса, жаңғыртылуда. Бұл ең көрікті жерлерден әдемі суреттерді әлеуметтік желіге кедергісіз жүктеп, саяхатшылардың жақын-жуығына қоңырау шалу үшін жасалуда.
Visit Karaganda туристік орталығы өкілдерінің тарапынан ыңғайлы портал мен чат-боттар іске қосылып, блогерлермен және туроператорлармен белсенді жұмыс жүргізілуде. Өңір интернет кеңістігінде сенімді түрде ілгерілеп, тек қазақстандықтарды ғана емес, шетелдік қонақтарды да қабылдауға әзір.
– Туристік салада цифрлық сервистерді енгізу жалғасуда. Өңірдің туристік әлеуетін дамытуға бағытталған мәдени-іс-шараларды өткізуге дайындық ойдағыдай жүріп жатыр. Іс-шаралар форматы туристік маусым бойы белсенділікті қамтамасыз етуге бағытталған. «Balkhash» туристік индустриялық аймағы құрылып, инвестициялар тарту және орналастыру мен демалыс саласындағы жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аумақтарды дамыту бойынша қосымша шаралар, соның ішінде, инвесторларды тарту және бизнеске арналған мүмкіндіктерді кеңейту мәселелері қарастырылуда, – деп мәлімдеді Қарағанды облысының туризм басқармасының басшысы Ирина Любарская.
Респондент пайымы
Travel-блогер Арман Бекшора бүгінде еркін форматтағы саяхат фрилансын өмір салтына айналдырған. Ол тек турист емес, әр сапарын терең зерттеп, жаңа мәдениеттерді сезініп, әр елдің тынысын өз тәжірибесі арқылы жеткізетін заманауи зерттеуші деуге болады. Әлемнің Германия, Түркия, Швейцария сынды дамыған мемлекеттерін аралаған ол әр елдің өзіндік ерекшелігін, туризм инфрақұрылымының деңгейін және саяхатшыға деген көзқарасын салыстыра отырып, терең ой түйген. Өз тәжірибесіне сүйене отырып, Арман Бекшора саяхаттың тек демалыс емес, адамның дүниетанымын кеңейтетін, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын ерекше мектеп екенін атап өтеді. Оның пікірінше, қазіргі заманда фриланс форматындағы саяхат – еркіндік пен жауапкершіліктің үйлесімі. Ал, әрбір жаңа бағыт – өзін-өзі танудың тағы бір белесі.
– Жыл сайын әр жерді бейнекамерамен және рюкзакпен аралайтын адам ретінде айтарымымыз мынау. Әзірге «қағаз бетінде» шешіліп жатқан, бірақ іс жүзінде дамуды тежеп тұрған бірнеше жүйелі мәселе бар. Қазір барлығы тек маусым-тамыз айларымен ғана шектеліп тұрғандай. 15 қыркүйектен кейін тіршілік тоқтап қалып жатады. Шешіміне келсек, қазірден бастап-ақ қысқы өнімдерді де, мәселен, қарда жүретін көліктерді, мұз астындағы балық аулауды, тау шаңғысы турларын межелеп қоймақ ләзім, – деп ой тұжырады Арман.
Блогердің сөзінше, тек ұлттық парктің өзінде 40 мың адам болуы экологияға кәдімгідей салмақ көрінеді. Қазіргі қарқынмен 3-4 жылдан кейін біз қоқысқа толған соқпақты көріп, қапалануымыз кәдік. Сондықтан, электронды билеттер арқылы келушілер санына лимит енгізу және міндетті түрде белгіленген сома көлемінде «экологиялық алым» енгізу керек. Бұл қаражат тазалық пен қалпына келтіру жұмыстарына жұмсалуы тиіс.
– Қызметкерлер (әсіресе жағажайлар мен кішігірім дәмханаларда) әлі де «ескіше» жұмыс істейді. Жылы шырай мен ағылшын, қытай тілдерін ең болмаса, базалық деңгейде білу жетіспей жатады. Демек, осы бастан туристік нысан қызметкерлеріне арналған тегін екі апталық курстарды (сервис, ағылшын тілі, цифрлық дағдылар) өткізген абзал. Онан кейінгісі «келе-келе» «transparent pricing» (ашық баға) жүйесін енгізу қажет сынды. Сонда турист сапарының нақты құнын көріп, күтпеген шығындарға тап болмайды. Бұған қоса, тұрақты келушілер мен маусымнан тыс уақытта келетіндерге арналған лояльділік бағдарламаларын енгізген маңызды. Негізінде Қарағанды облысының биыл Қазақстанның үздік үш ішкі туристік бағыттарының қатарына кіруге толық мүмкіндігі бар. Инфрақұрылым дамып келеді, қаражат пен биліктің қолдауы мен назары да бар. Ендігі қалғаны – «әдемі суретпен» шектелмей, осы әлгіндегі көзге ұрып тұрған түйткілдерді жол-жөнекей шешу. Сонда туристер «бір рет бардым, болды» демей, жыл сайын оралатын болады. Маусымның ашылуын күтемін және бәрін өз көзіммен көріп қайтуға тырысамын, – деп түйіндеді сөзін кәнігі блогер.
Қоржынқағар
Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың туризмді дамыту тұрғысындағы тапсырмасы мен Жолдаудағы нақты нұсқаулары – Қарағанды облысы үшін стратегиялық сынақ. Мемлекет басшысы айтқандай, «жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға жауапты болады» және заманауи инфрақұрылым – еліміздің курорттарын әлемге танытатын ұлттық брендтің негізі болып қаланбақ. Мұнымен қатар, ел Президенті қол қойған туризм саласын қолдау туралы жаңа заң – өңірлердің дамуына серпін беретін нақты тетік. Облыс үшін оның әлеуеті ерекше. Ендігі күндерде гидтер мен экскурсоводтардың жұмыс істеу шарттары едәуір жеңілдейді. Бұл, әсіресе, Қарқаралы ұлттық паркі мен өңірдегі тарихи-мәдени нысандарда тәуелсіз мамандардың көбеюіне жол ашады. Авторлық маршруттар пайда болып, туристерге ұсынылатын бағыттар әртараптана түспек. Демек, сапар тек стандартты экскурсиямен шектелмей, мазмұнды әрі бірегей тәжірибеге айналады.
Заң визит-орталықтарды дамытуға да басымдық береді. Бұл дегеніміз – туристі қарсы алып, бағыт-бағдар беретін заманауи нүктелер. Қарағанды облысында мұндай инфрақұрылым Қарқаралыдан бастап, Теміртауға дейінгі аралықта жүйелі түрде қалыптасуы бек мүмкін. Табиғи ландшафт пен индустриялық мұраны біріктірген бағыттар өңірдің жаңа туристік бейнесін айқындайды. Сонымен қатар, мемлекет туристік инфрақұрылымға кеткен шығындардың бір бөлігін өтеуге дайын. Жол бойындағы сервистер, қонақ үйлер, көлік логистикасы бизнес үшін нақты қолдауға ие болмақ. Кәсіпкерлер үшін тәуекел азайып, жаңа жобаларды іске қосуға қолдау артады. Туроператорларға көрсетілетін қолдау мен туристік автобустардың шекарадан өтуін жеделдету де маңызды қадам. Ал, балалар үшін ұлттық парктерге кірудің тегін болуы – ішкі туризмді дамытудың тиімді құралы. Енді отбасылар демалыс бағытын таңдағанда Қарқаралы ұлттық паркі сияқты көрікті жерлерге жиі бет бұратын болады.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



