Жаңалықтар

Арқа төрінде – ақпараттық технологиялар

Бейсенбі күні аймақ басшысының орынбасары Алмас АЙДАРОВТЫҢ қатысуымен облыс орталығындағы Н.Әбдіров атындағы спорт сарайында Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының Цифрландыру күні өтуіне орай «Ақылды қала» жобасының көрмесі ұйымдастырылды.

Бұл ретте, көрмегеннің көрігін қыздырған өңіріміздің цифрландыру саласы бойынша табанды тер төгіп келе жатқан ірі әрі шағын компаниялар екенін айта кеткен абзал болар. Яғни, егемендіктің 27 жылында аймағымыздың цифрландыру саласы бойынша жеткен жетістігі мен бағындарған белесі қарағандылықтар назарына ұсынылды

– Бүгін Қарағанды шаһарында Цифрландыру күні өткізіліп отырғаны белгілі. Шара аясында облыс орталығындағы үш түрлі орында әр қилы жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – осы Н.Әбдіров атындағы спорт сарайында қанат жайған ақпараттық технологиялар көрмесі. Бұл көрменің өзі үш бағытқа негізделген. Яғни, компаниялардың мемлекекттік органдарға ұсынып жатқан жобалары, бизнеске арналған бағдарламалар және азаматтарға арналған сервистік қызметтер мен бағдарламалар. Үшінші бағыт – жасөспрімідердің ІТ бағдарламарды қолданудағы, робототехника жасаудағы жеткен жетістіктерін тамашалау. Мұндағы басты мақсат – тұрғындарымызға Қарағанды қаласында ақпараттық технологияларға қатысты жасалып жатқан жобалар мен компанияларды таныстыру, – деді облыстың ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рашит Белгібаев.

Байқағанымыздай, шарада өңіріміздің оннан аса компаниясы өнімін ұсынған екен. Соның қатарында «Цит Өрлеу» ЖШС-де бар. Аталған компания жүректің соғуынан пайда болатын электр тоқтарының ағымын көрсететін электрокардиограмма жасау аппаратын ойлап тауыпты. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі құптап, еліміздегі түрлі денсаулық сақтау мекемелері қолданысқа енгізген бұл аппарат электрокардиограмманы кез келген орында жасап, оны орталықтандырылған базаға бірден жіберуге қауқарлы. «Қазақтелеком» АҚ және «DMED» кешенді медициналық ақпараттық жүйесімен бірлесе жасалған жұмыс осы күні оң нәтижесін беруде. Ал, аппарат құны шамамен 2000 АҚШ долларына тең.

Бұдан бөлек, әлгінде айтылған «DMED» кешенді медициналық ақпараттық жүйесі де өз өнімін көпшілікке таныстырды. Осы күні медицина қызметін оңтайландырып отырған ұялы телефондардағы «DamuMed» қосымшасы – уақыт үнемдеудің ең тиімді тәсіліне айналуда. Мәселен, бұл қосымшаға тіркелу арқылы жерлестеріміз дәрігер қабылдауына жазылу, сараптама қорытындысын алу сынды түрлі мәселелерді үйден аттап баспай-ақ атқара береді. Аталған кешенді медициналық ақпараттық жүйе бұдан өзге де маңызды қызметтер ұсынып келеді.

«Перспектива» ғылыми-өндірістік бірлестігі» ЖШС қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бейнебақылау жүргізудің озық технологияларын пайдалану сынды қызмет түрлерін қолға алған. 2014-2017 жылдар аралығында аталған компания облысымызда ІІД және ҰҚК талаптарына сай келетін 1248 бейнекамералар орнатыпты. Биыл компания «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында түрлі жабдықтардың сериялы өндірісін қолға алуды жоспарлауда.

Шара барысында бұдан өзге де компаниялар тауар өнімдерін таныстырды. «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-интернатының оқушылары әзірлеген робототехника үлгілері ұсынылды.

Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button