Жаңалықтар

Алтын тұғыр немесе Ле Пленің теориясы

Ұлы Төле биден қалған мысалды тарқатып жатпаймыз. Бір балаға жалғыз шыбықты тізеге салып сындыртып, одан кейін сондай елу шыбықты біріктіріп тізеге басқанда, сынбағаны туралы мысалы бар. Қарапайым ғана бірліктің қадірі осындай-ақ болар. Мәселе, жеке-жеке – қызыл шеке болған дарақтардың басын қосуда. Ол заманда хан-сұлтан, билер десек, бұл заманда кім?

«Тозған қазды топтанған қарға алады» демей ме? Қарқылдаған қарғалар қазды жұлмалап жатқаны қандай аянышты сурет. Осы тұрғыдан келгенде, біз бүгін ынтымақ пен бірліктің қадіріне жете алып жүрміз бе деген сұрақ туады. Оған ғұлама Таласбек Әсемқұлов жауап қалдырыпты бір жазбасында: «Біздің халқымыздың болашағы бар ма? Бар. Ең бастысы, біз тарихтың ең ауыр өткелектерінен жүгіміз ауса да аман өттік. Содан соң, біздің санымыз көп, болашақ биологиялық комбинацияларға, болашақ селекцияға жетерліктей көп. Алайда, аяқ астынан керемет болады дегенге сеніп керегі жоқ. Қоғамның алдында сан ғасырлық ауыр еңбек күтіп тұр. Адам, оның қайталанбас тіршілігі, кұқығы, игілігі, кісілігі мен намысы басты қазынаға, басты құндылыққа айналуға тиіс. «Адам, адам, ең бастысы – адам. Адам – ақшадан қымбат. Адамды ешбір базардан сатып ала алмайсың, себебі, олар сатылмайды да, сатып алынбайды да. Адам ғасырлар бойы тәрбиеленіп қана адам болып шығады, бірақ, ол ғасырларға уақыт керек», – деген еді Достоевский.

Содан кейінгі басты шарттың бірі – бейбітшілік болуы керек. Ұлы әлеуметтанушы Ле Пле бейбітшілікті адамзаттың басты Конституциясы деп есептеген. Өз заманының дегдар деген білімділерінің бірі «бейбітшілік, бейбітшілік» дегеннен танбаған. Әрине, біздің егемендігіміздің тарихынан талай әнтек басқан қадам, талай қатені табуға болады. Алайда, біздің Президентіміздің саясатының қашанда болсын айнымас, озық бір сипаты бар. Ол – оның бейбітшілікті қамтамасыз ету жолындағы түбегейлі, жүйелі күресі. Және бұл Қазақстан шегіндегі ғана емес, бүкіл аймақ шегіндегі бейбітшілік үшін күрес. Міне, біздің болашақ туралы үмітіміздің тиянағы – осы» – деп түйеді автор. Тыныштықбек Әбдікәкімұлы айтпақшы, «Абайдан қалған уды сарқып ішкен» Таласбек Әсемқұлов қой бұл. Жүгінеміз. Жүгінеміз де, мына сөзін үнемі назарда ұстауды құба-құп көреміз. «Қоғамның алдында сан ғасырлық ауыр еңбек күтіп тұр» деген. Бейбітшілікті місе тұтып, қарап қалуға болмайды екен. Бейбітшілік қандай елде болады? Тәуелсіз, азат елде ғана. Азаттығың болмаса, соның жолында қырық пышақ болып қырқысасың да жатасың. Бостандық пен бейбітшілікті баянды ететін жалғыз күш – ұлттың орасан зор тынымсыз еңбегі ғана деп тұр. Елбасы аузынан тастамайтын екі сөздің бірі – тәуелсіздік болса, екіншісі – бейбітшілік. Үшіншісі – бәсекеге қабілеттілік. Ал, бәсекеге қабілеттілік тек қана тынымсыз еңбектің арқасында ғана келеді. «Алма піс, аузыма түсті» көтермейді ол. Қазір бірер апта өткізіп алсаң, ақпарат ағынынан қалып қоясың. Олардың оң, терісін саралап, дұрыс шешім қабылдау үшін де сауатты сана керек. Әйтпесе, өріп жүрген жалған ақпараттың біріне ілесіп жарға жығыласың. Оның арты қайда апарып соғып жатқаны тағы белгілі. Аз қазақты бір-бірімен жауластырып қою. Тілге, дінге, руға, жүзге…

Қит етсе біздің рухымыз төмен деп шулаймыз. Рас. Екі жарым ғасыр Орта Азиядағы хандықтармен, оның ішінде Жоңғариямен соғыс, тағы сондай уақыт орыстың қол астында жаншылып қалған біздің ұлт жантүршігерлік ауыр соққыдан әбден есеңгіреп шыққан адам сияқты. Мертіккен сана-сезім бірден айығып кете қоя ма? Сол буынның сана-сезімінде омір бойы таңба болып қалуы мүмкін ол қасірет… Сондықтан, ұлттың болсын, адамның болсын өзіне келуі үшін біраз уақыт күтімсіз болмайды. Сол күтімнің екінші аты – бейбітшілік. Соның арқасында өз-өзіне келген ұрпақ еңбек майданында ысылып, қабілетіне қарай қоғамнан өз орнын табады. Ұлт тірі ағза екендігін ескерсек, оның жетіліп, дамуы үшін жағдай туғызушы бейбітшілікті сақтап тұратын – біздің бірлігіміз. Екі қазақ бір-бірімен ана тілінде пікірлесіп, бір тілде ойланбайынша, екі қазақтың арасында шынайы сүйіспеншілік туып, үшіншісін демеп жібермейінше, дәулеттісі жарлысына, оқығаны оқымағанына көмектеспейінше, сөйтіп Абай айтқан бірліктердің (единица) тамшысы тама-тама үлкен дарияға айналмайынша, ұлт ұлы болып кетпейді. Бостандық та баянды болмақ емес. Ендеше, бізге бірлік пен елдік туын көтергеннен басқа түк те қалған жоқ!

Сонау Алтын Орданың дәуірлеп тұрғанында Сарай-Бату, Сарай-Беркеден сегіз қиыр шартарапта қандай халық болса, солардың қайқайсы да табылар еді дейді тарих. Ұлы Жібек жолының кіндігі болған Ұлы Даламыз. Тіпті кейінгі Қазақ хандығы кезінде де солай. Сарайшық, Сығанақ, Сыр бойы қалаларында сауда керуендері арқылы өркениет қайнап жатқан. Кейінде іштен іріп, бүйректей бөлінсек, «бөліп ал да билей бер» деп іріткі салған басқыншы жұрттың қитұрқы саясатының кесірі. Соның өзінде шілдің қиындай шашырап кетпеппіз. Әйтпесе, «таспен атқанды аспен ат» деп өсиет қалдырған ел алауыз болды деудің өзі ақылға сыймайды. ХХ ғасырда арып-­ашып тыйтығы құрыған, онымен қоймай, репрессияға байланған кездің өзінде тағдырдың айдауымен жер ауып келгендерге кеңқолтық бауырмалдық танытқанымызды қайда қояды әлем? Түк көрмеген тобырлық өркениеттің өкілі болса өйте ме? Өзі жетпей отырғанда, бықпырт тигендей тырқыратып қуып шықпай ма? Жоқ, олай етпеппіз. Үлкен өрелі елдің текті тұқымынан екендігімізді танытып, тағдыр айдауымен келгендерге жарты нанымызды бөлісіп, бауырымызға басыппыз. Елдігімізді көрсетіппіз. Немісіңе, кәрісіңе, жер ауып келген жөйітіңе болсын…

Азаттықтың алғашқы жылдарында да елде жағдай мәз еместі. Өліара. Осындай өткелекте, жаза басса жазым болар қылдан жіңішке, қылыштан өткір тұста ұлттың қантамырында қайнап жатқан дегдар қасиет қайта ояныпты. Демек, Алтын Орда дәуірі, Қазақ хандығы заманынан бойына сіңген ұлттың ұлы қасиеті өшіп кетпепті. Азаттықтың жалына жармасқан бойда алғашқы Президентінің маңдайын жарқыратып, аузына түсіпті. Кездейсоқ емес. Әлімсақтан Алаштың қаны мен жанынан сүйегіне сіңіп кеткен дегдарлық – елдікке, бірлікке, татулыққа бастайтын қасиет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасына қонып, Ассамблея туралы ой аузынан шыққаны 1992 жыл дейді жылнамашылар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылынан соң. Демек, азаттық алған бойда ел іргесін бүтіндеу туралы ойлағанда, Президенттің басында бірінші тұтастық тұрды деген сөз. Бірлігі бекем біртұтас елдің болашағы да жарқын. Сөйтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Елбасының Жарлығы 1995 жылдың 1 наурызында шығып, ол Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы кеңесші орган болып құрылғанға дейін, Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы Алматыда өткен Қазақстан халқының бірінші форумында Ассамблея құру туралы ойын білдірді. Сонда бұл идея тәуелсіздіктің тетелесі, азаттықпен қатар ержеткен болып шығады. Парықтай беріңіз…

Тәуелсіздіктің темірқазығы тұтастық десек, алтын арқауы – бірлік пен ынтымақ. Ынтымағы ұйыған Отанымыздағы келісім мен қауымдастық. Берісі адамзат баласының бір-біріне деген бауырластығы мен доскөңіл ізгілігі. Ал, ізгілік үстемдік құрған жерде, зұлымдыққа жол жоқ. Адамзат бір-біріне бауыр тартып, бірлік орнай бастағанда барып береке шөгеді. Татулық пен ынтымақтың төбесі көрінген жерден ғана тұтастық пен елдіктің туы көтеріледі. Кісі баласының арасындағы азғантай ғана жақындастық, азғантай ғана көңіл осындай үлкен дүниелерге бастайтынын ертеден білген атам қазақ. «Көңіл көңілден су ішеді» дей ме, әйтпесе. Адам бойына қуат бітіретін көңіл болса, сол көңілдің өзі қуатты екінші бір көңілден алатын болып тұр ғой сонда. «Қай жеріңнен көңілге қуат қылдық, Қыр артылмас болған соң – мінсе қырқың» депті Абай. «Басбасына би болған өңкей қиқым, Мінекей, бұзған жоқ па елдің сиқын?» деген де кемеңгер Абай. «Аққу, шортан һәм шаян» болып әркім өз білген жағына бұра тартса, елдің ынтымағы бұзылады екен. Жоғарыда біз атаған «бөліп ал да билей бер» содан шығады екен. Ендеше, Елбасының «Ассамблея, татулық, тұтастық» деп ұран көтеруінің мәні – тереңде. Азаттығымызды баянды етуде жатыр деген сөз. Сол азаттықтың арқауы тұтастықта болғанда, оның алтын тамыры сонау бағзыдағы қазақтың ақылманы, идеологиялық көсемі Бұқар жырауда, беріге келсе Абайда болып тұр ғой. «Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек, Бұл үйректей болыңыз» деп, құсекеш құстың топтанып ұшқанынан ғибрат тартқан Бұқардың жыры. Топталып ұшқан үйректер мысалының соңында «Айнала алмай ат өлсін, Айыра алмай жат өлсін, Жат бойынан түңілсін, Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз» демеді ме Бұқарекең?! Көмекей әулие атанған абыз жырау бұл жерде ұлттың кемеліне келіп, өз қадіріне жетуін айтып тұр. Қадірің қайтса, бәрі қайтады! Қадірімізді қашырмау жолында күресейік онда.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button