Алтын сандық
Иә, ол – алтын сандық. «Алжыған ғасырдың» алтын сандығы!
«Алжыған ғасырда» алтын сандық қайдан болсын дейсіз бе? Болады. Бар. Егер, біздің тағдыр талайымызға тап келген қабағы қату, адамы қатыгез, ұлт құндылығы ұлы мұратқа емес, жалған ұранға айналған мынау «ғаламат ғасырда» Ақселеу көкем, Төрехан ағам болмаса, біз әлдеқашан рухани жұтқа ұшырап, жұқанамыз да қалмас еді. Әрине, жоғын түгендеп, шытынағанын бүтіндеген Ақаң мен Төкең ғана деген біржақты пікірден аулақпын. Дегенмен, сонау Асан қайғыдан бастап ұлтына ұшпақ іздеген Әлекеңдердің, Ахаңдар мен Жақаңдардың аманатын арқалап, ХХ ғасырдың соңы, ХХІ ғасырдың бүгінгі сәтіне дейін қазақтың өзін де, сөзін де, асыл арманын да, күмәнді таңдарын да қызғыштай қорыған кіміміз бар еді?

…Алаштың ХХ ғасырдағы Асан қайғысына айналған Ақселеу көкем жоқ бүгін. Өз биігінде дамылдап жатыр. Төрехан бауыры да өз биігіне көтерілді. Ақселеу ағасы жете алмаған жетпіске жетті. Бұл белес Төрехан ағаның замандасы Базар Мамыр, қаламдасы Тілеуқабыл Байтұрсын, рухани бауыры Мағауия Сембай жете алмаған жетпіс еді. Ақселеу көкесі бастаған арманда кеткен асылдардың жазбағанын жазу, емеурінін елге жеткізу үшін қалған. Жазды. Жазып жүр. Жеткізді. Жеткізе береді.
Бүгін Арқада қарымды қаламгер, этнограф Төрехан Майбастың 70 жас мерейтойы өтіп жатыр делік. Тірі болса, той түндігін Ақселеу ағасы түрер еді. Сонда Ақаң не дер еді? Алтын ғасырдың Ақаңы Төкеңнің алжыған ғасырына:
– Мына Қарабаланы сақтаңдар! – деп ескертер еді.
Әттеген-ай! Бұл тойдың бір олқы тұсы бар. Төкеңді төрге отырғызып қойып, мына сөзді Ақаң айтпайды. Шығыстан Оралхан ағасы іздеп келмейді…
Төрге озған, төрден ығысып көрмеген Төкеңнің мерейлі жасы аталып өтілер. Мадақ сөзден жоралғы жасап, одадан жорға мінгізерміз. Жайғастырарға – жерден орын таба алмай, көкті шарлап кетерміз. Төкең – мұның барлығына әбден лайық, әрине. Зәру емес. Алайда, осынша дақпырт жоқшының жолын бөгейтінін түсінеміз бе? Төрехан аға – жоқ іздеп бара жатқан жолаушы ғой! Дүниенің боғын емес, ұлтының жоғын іздеп жолға шыққан…
Біз не жоғалтпадық?! Сөздің сөлін сарқып алғанбыз. Талғаммен емес, жаргонмен сөйлеуге пейілміз. Күйіміз бен биіміз ырғағынан, әніміз сарынынан, ұлттық тәрбие қалыбынан ажыраған. Тұлпары шабыстан, азаматы намыстан қалған. Аруы – қылықсыз, алтын сандығы – құлыпсыз. Діні – дүбара, тілі – шұбарала. Бұл – Төкеңнің «Алжыған ғасырының» бейнесі.
Өзінің сорына, біздің бағымызға қарай, Төкең біздің ғасырда туған. Ал, XVIII ғасырда туса ше? Онда Бұқар жыраумен тізе қосып, Абылайдың ғасырын ақылынан алжастырмайтын өз дәуірінің ірі қайраткері болар еді. Ал, ХІХ ғасырда туса ше? Сойы соқталдай болып, Абайдың ақын шәкірттерінің тізімінде Шәкәрімнен бұрын болмаса да, Көкбайдың мұғдарында тұрар еді. ХХ ғасыр ше? Алла сақтасын! Алаш арыстарымен бірге тағдыры оққа байланып, қазір қабірін іздеп жүрер едік…
Бірақ, маған Төкең сонау Шалкиіз, Доспанбет жыраулар өмір сүрген XV ғасырда да өмір сүрген сияқты. Серағаң (Ақсұңқарұлы) әлеужеліге жариялаған құттықтау лепесінде Төрехан інісін «күлден қайта жаралып, аспанға қанат сермеген Феникс құсқа» теңеген екен. Мен иланып қалайын. Шынымен де, Төкеңнің арқалап жүргені – ықылымдағы қазақтың інжу-маржаны, жазып жүргені – көне қазақтың мұң-зары, айтып жүргені ғана – бүгінгі қазақтың арманы. Қазақ руларының көне шежіресін қотарып жазған еңбегіне қараймын, осы ойымнан айнымаймын. Серағаңның пікірін қуаттай беремін. Көне сөзбен көмкерілген жазбаларын оқып отырып, Төрехан ағаны қазаққа қазақтың тілін үйрету үшін көктен түскен түсіндірме сөздіктің жалғыз данасы ма деп қаласың…
Біз де алжыған ғасырдың пендесіміз ғой. Төкеңнің қадіріне әлі жете алмай жүрміз.
«Құралайдың салқынында» бойы мұздап, «Текенің бұрқылында» ой-мақсатынан адасқан, «Бөрісырғақта» ізден жаңылған дүбара дәуір қаламның қадірін, қаламгердің бағасын қайдан білсін?! Кітаптан жерініп кеткенбіз. Әйтпесе, Төкең бәрін тәптіштеп тұрып жазып берді ғой. Өмір Кәріп ағасының күздікке сойған серкешінің сүбесіндей етіп рухани сыбағаны күнде ұсынып келеді.
Қайталап айтамын, Төрехан Майбас – алжыған ғасырдың алтын сандығы! Бұл сандықта қазақтың сан ғасырлық қазынасы бар. Кілтін жоғалтып алмасақ екен! Алтын сандықтың кілті де – алтын. Ол кілттің кімнің қолында екенін меңзедім…
Қайыр!
Алтын сандық арқалаған ағаның мерейтойы құтты болғай!
Ерсін МҰСАБЕК