Қала әкімінің есебі: не ұттық, неден ұтылдық?


         Тарихы тереңнен тамыр тартқан Қарқаралы қаласын аспан астындағы мұражай ретінде, көздің қарашығындай сақтап, ұстау – өзекті мәселенің бірі. Тамаша табиғатынан бөлек, тарихи нысандар көптеп шоғырланған қаланы дамытуда біршама жұмыстар атқарылуда. Осы орайда, аудан әкімі Х.МАҚСҰТОВ қала әкімі А.САТЫБАЛДИННЫҢ қаланы дамыту аясында атқарған жұмыстары туралы есебін тыңдады.

Қаланы дамыту –
ортақ міндет

Алдымен қала әкімі шаһардың даму бағдарламасы бойынша өткен жылы белгіленген үш индикатор, яғни, жұмыссыздар санының азайып, шағын және орта бизнес нысандарының және демалыс орнының ашылғанын атап өтті. Мұнда орындалмаған индикатор – халық санының өсімі. Бұл мәселеде күмән туғызатыны – инфрақұрылымы өз әлінше дамып келе жатқан аудан орталығына қоныс аударушылар санының артқандығы. Мұны қала шетінде бірінен кейін бірі тұрғызылған тұрғын үйлерден көруге болады. Алайда, сол адамдардың көпшілігі – облыс орталығында тіркеуде. Соның салдарынан бұл индикатор кері кетіп отырса керек.
Биылдан бастап, Қарқаралы қаласына да жеке 235 млн. 470 мың теңге көлемінде дербес бюджет берілді. Бұл – қаланы келбеттендіруге зор мүмкіндік. Қала ішіндегі 2860 шаршы метр жолдардың ой-шұқырын жөндеу жұмыстарына 10 млн. теңге, 56 жол белгілерін орнатуға 1 млн. 700 мың теңге қарастырылды. Т.Әубәкіров көшесі жолын орташа жөндеуден өткізуге және жол шетіндегі алаңқайлар мен автотұрақтарды қалпына келтіруге 151 млн. 166 мың теңге, көше бойына бағдаршамдар орнатуға 4 млн. 800 мың теңге, Ғ.Игенсартов көшесін жарықтандыруға 7 млн. 944 мың теңге бөлінді. №6 қазандыққа екі жылу қазандығын қоюға 12 млн. 600 мың теңге, күл-қоқыс жәшіктерін қоюға және қоршауға 1 млн. 702 мың теңге қаражат жұмсалмақ.
Сонымен қатар, бірнеше жылдан бергі өзекті мәселе – денешынықтыру-сауықтыру орталығы құрылысына 712 млн. теңге қарастырылды. Осы жылға бастапқы құрылыс жұмыстарын бастауға 100 млн. теңге бөлінді. Қала басындағы №1 қазақ орта мектебін күрделі жөндеуден өткізуге 30 млн. теңге, балалар мен жасөспірімдер орталығын ағымдағы жөндеуден өткізуге 18 млн. теңге, сонымен бірге, мал қорымын салуға 15 млн. 300 мың теңге берілді. 967 мың теңгеге 4000 дана гүл көшеттерін отырғызуға жұмсалса, 3 балалар ойын алаңын, 1 көше тренажерін орнатуға 30 млн. жоспарланған. Сондай-ақ, екі субұрқақ орнатылмақ. Көшелерді абаттандыру мақсатында ұлттық табиғи паркімен ақылдаса отырып, ағаш отырғызу жұмыстары да атқарылады. Жыл сайын, жөнделетін қалаішілік жолдар, кезегімен жарықтандырылып жатқан көшелер, абаттандыру, көріктендіру жұмыстары зор жауапкершілікпен қатар, қыруар қаражатты да қажет етеді. Аудан әкімі әрбір тиынның сұрауы бар екендігін, әрі соны жіті қадағалайтын тиісті органдардың қызметкерлері мен сала мамандары, ардагерлер және қоғамдық кеңес төрағалары атсалысуы керек екендігін баса айтты.

Таза болса
маңайың…

Сонымен қатар, қала басын қалыпқа келтіру санитарлық жұмыстарды жүргізу айлығы жарияланғандығы, күл-қоқысқа толы аймақтарға тазалық жұмыстарын жүргізуді тиімді ұйымдастыру шараларын жүзеге асыру қажеттілігі айтылды. Шындығында, қыс бойғы күл, малдың қи-тезегінен бөлек, бей-берекетсіз төгілген қоқыстан аяқ алып жүре алмайтын аумақтар да бар. Тіпті, орталық көшелерде шашылып жатқан темекі тұқылдары, целлофандар, құтылар және тағы да басқа тұрмыстық қалдықтарды кездестіруге болады. Ал, көпқабатты үйлердің маңайына қойылған қоқыс жәшіктері аузы-мұрнынан шығып жатады.
8530 тұрғыны бар қалада 548 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Кәсіпкерлік нысандар орналасқан маңайдың жағдайы да сын көтермейді. Қасбеттерін жөндеу, абаттандыру, маңайын мазалау секілді жұмыстар жетіп артылады. Ендігі кезекте, осындай кемшіліктерді жою мақсатында қала әкімдігі «Жергілікті полиция қызметкерлері және басқа да тексеруші органдардың көмегіне жүгінеміз» деп отыр.
Жалпы, қандай да болсын нысанға және оның белгілі бір аумағына сол нысанның меншік иесі жауап береді. Ол туралы «Қарағанды облысының жасыл екпелерді күтіп ұстау және қорғау, қалаларды және елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың Қағидаларын бекіту туралы» облыстық мәслихаттың 2016 жылғы 28 сәуірдегі ІІ сессиясының №32 шешімі шыққан болатын. Бұл қағидада, жалпыға ортақ, облыс аумағында орналасқан жер учаскелері, ғимараттар, құрылыстардың меншік иелері және пайдаланушылары болып табылатын жеке және заңды тұлғалар үшін өзіне тиесілі аумақтарды абаттандыру, күтіп ұстау, қорғау тәртіптері туралы анық айтылған.
«Бақпасаң, мал кетеді»
Қала басында мал бағынын ұйымдастыру бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі. Тек, қала басында 3145 – ірі қара, 2008 – ұсақ мал, 452 жылқы бар. 9 бағытта – ірі қара, 8 бағытта – ұсақ мал, 7 бағыт бойынша жылқы табыны бар. Ал, осы малдың бақташы арқылы бағымын ұйымдастыру да аса қажет. Өйткені, төрт түліктің қала ішін кезіп жүретін кезі көп.
Мұндай жағдайда Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Заңының 505-бабында нақты шаралар көрсетілген. Егер жоғарыдағы аталған бап бұзылса, ескерту жасауға немесе тұлғаларға – 20, шағын кәсіпкерлік субьектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30, орта кәсіпкерлік субьектілеріне – 40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне –100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға өкілетті орган құқылы.
Жерді тиімді пайдалану – уақыт талабы
Қала әкімінің мәліметінше, Қарқаралы қаласы бойынша 2013 – 2017 жылдар аралығында жеке тұрғын үй құрылыс нысандарын салуға барлығы 18,8 гектар жер телімдері 188 жеке тұлғаларға берілді. Оның ішінде, бүгінгі күні қабылдап алу актісімен 100 % салынып, пайдалануға берілгендердің саны – 21. Жер учаскесінің жалға алу уақытын ұзартып, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқандар саны – 85.
Нысаналы мақсаты негізінде салынбаған жеке тұрғын үй құрылысына ҚР Жер Кодексінің 92,94 баптарына сәйкес іс-шаралар жүргізілуде. 188 жер учаскесінің ішіндегі игерілмей қалған 64 жер учаскесі ұсыныс ретінде жер қатынастары сәулет және қала құрылысы бөліміне жолданды. Соның ішінде 5-еуі пайдалануға қабылдап алынып, 44-і ұзартылды, 15-іне ҚР Жер Кодексінің 92,94 баптарына сәйкес іс-шаралар жүргізілуде. Аудан басшысы осы мәселе төңірегінде жекеменшік нысандағы жер иелеріне жұмысты ширату керек екендігін жеткізуді тапсырды.

Түйін

Қаланы дамытуға бағытталған іс-шаралар егжей-тегжейлі талқыланды. Қажетті тапсырмалар да берілді. Көкейдегі сұрақтар қойылып, тиісті жауаптар қайтарылды. Аудан әкімі қаланың дамуына қатысты осындай жиынды жүйелі түрде өткізіп тұруды тапсырды. Ендігі кезекте қала басындағы кезек күттірмейтін мәселенің бірі – жылу мен ауыз су мәселесін оңтайлы шешу.

Сағыныш ӘБІЛОВА
ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.