Кезінде Біржан сал мен Ақан сері ән шырқап, Майраның дауысы әуелеген, Қажымұқандай алыптар боз кілемді дүрілдеткен Қоянды жәрмеңкесінің рухы араға ғасыр салып, Қарқаралы төрінде қайта жаңғырды. Бір заманда тұтас даланың экономикалық әрі мәдени күретамырына айналған сол тарихи жәрмеңкенің бүгінгі асқақ жаңғырығы іспетті «BaiQymyz-2026» этно-гастрофестивалі ұлттық дәм мен дәстүрді, ауыл еңбегі мен туризмді, өнер мен руханиятты бір арнаға түйістірді.

Арқаның інжу-маржаны атанған Қарқаралының қарағайлы баурайы бұл күні сары қымыздың құнарына, күмбірлеген күй мен әуелеген әнге, ат дүбірі мен ұлттық ойындардың делебе қоздырар думанына бөленді. Тұмса табиғат аясында ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, этноауыл еңсе көтерді. Қымыз толы күбі, қаз-қатар тігілген шаңырақ, қолөнер көрмесі, тарихи жәдігер, құмай тазы, бабы келіскен сәйгүлік, өнерпаздар әуені – бәрі де бағзы көшпенділер мәдениетінің бүгінгі жаңғырығындай ма дерсің. Ауылдағы адал еңбекті, қонақжайлық дәстүрді, туризмді және қазақы болмыстың терең тамырын бір арнаға тоғыстырған кең тынысты думан дүбірлеп өтті.
Этноауылдағы руханият кеңістігі
Таң атысымен этноауылға айналған кең алаңға елдің әр өңірінен келген қонақтар ағылып, ұлттық дәмді ұлықтаған думанға куәгер болды. Бірі қымыздың бабын байқауға, бірі қолөнер мен тарихи жәдігерді тамашалауға, енді бірі ұлттық ойындарды тамашалауға асықты.
Фестиваль облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен, «BaiQymyz» бапталған қымыз ұлттық тағамдар гастрофестивалінің авторы Жұмажан Қалтаевтың ұйымдастыруымен өтті. Жобаның басты мақсаты да сол – қымызды көшпенділер өркениетінің айрықша сусыны ретінде дәріптеу, жылқы шаруашылығының дамуына серпін беру, ішкі және сыртқы туризмді ілгерілету, сондай-ақ, ұлттық құндылықтарды, қонақжайлық мәдениетін және тарихи мұраны насихаттау.
Фестивальдың ресми ашылу салтанатына облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты Руслан Рүстемов, ҚР Мәжілісінің депутаты Құдайберген Бексұлтанов, өңір тұрғындары мен қонақтары қатысты. Салтанат барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаттары оқылып, ұлттық дәмді ұлықтаған бастамаға жоғары баға берілді.
Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев та өз сөзінде қымыздың ұлттық құндылық қана емес, экономиканың, және ұлттық брендтің маңызды бөлігіне айналып келе жатқанын атап өтті.

– Адамзат технология дамыған сайын табиғилықты іздейді. Сондықтан, әлем органикалық өнімге, экологиялық таза танымға ерекше мән беріп отыр. Қазақ үшін мұның бәрі жаңалық емес. Өйткені, халқымыз табиғатпен үндес өмір сүрудің мәнін ежелден түсінген. Ал, сол табиғаттың мәні қымызда сақталған. Қазіргі таңда қымыз тек дәстүрдің ғана емес, заманауи экономиканың, гастротуризмнің және ұлттық брендтің біріне айналып келеді. Ұлан-байтақ даламызды картадан ғана емес, қымыздың әр алуан дәмінен де танып білуге болады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
«BaiQymyz-2026» этно-гастрофестивалі көрікті табиғат аясындағы «Qarqaraly go» этнолагері аумағында өтті. Қарағайлы бел, саф ауа, тау баурайындағы кең жазық, ұлттық нақышта тігілген киіз үйлер. Этнолагерь жұмысын кәсіпкерлер Бақтияр Құсайынов пен Ермек Төлеубаев қолға алған. Балаларға ұлттық құндылықтарды табиғи ортада танытуды көздейтін бұл жоба 19 маусымнан бастап, толық жұмысын бастамақ.
Мұнда 9 бен 14 жас аралығындағы жасөспірімдер қабылданып, бір маусымда 30-дан 100-ге дейін баланы қамтуға мүмкіндік бар.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев фестиваль алаңын аралап, қымыз өндірушілердің көрмесін тамашалап, әр өңірден келген шаруалардың өнімінен дәм татты. Қатысушылармен тілдесіп, қымыз баптаудың ерекшелігіне, өнім сапасына және ауылдағы кәсіптің дамуына назар аударды.
Қарқаралы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Саят Мусиннің айтуынша, Қарқаралы үшін қымыз фестивалінің жосығы бөлек. Өйткені, аудан экономикасының шамамен 80 пайызы ауыл шаруашылығына тиесілі. Бүгінде өңірде 900-ге жуық шаруа қожалығы жұмыс істесе, соның тең жартысына жуығы бие сүтін өндіріп, қымыз баптаумен айналысады.
Қымыздың бабы сыналған күн
Фестивальдің өзегі – аймақаралық «Ең үздік қымыз» байқауы. Биылғы додаға әр өңірден келген 37 қымыз баптаушы қатысып, 30 тоннаға жуық ұлттық сусын әкелінді.
Байқауға қатысушылардың өнімдері алдын ала іріктеліп, сапасына ерекше мән берілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қымыздың тазалығы, табиғилығы және қауіпсіздігі басты назарда.
– Ең алдымен, байқауға ұсынылған қымыздың барлығы зертханалық тексерістен өтті. Әрбір өндірушінің өнімі жіті қаралды. Қатысушылардың барлығы – өз қолымен жылқы сауып, қымыз баптап отырған кәсіби шаруалар. Қымыздың тазалығына айрықша көңіл бөлдік. Сараптама нәтижесінде ішек таяқшасы немесе өзге де жат бактериялар анықталған жоқ. Демек, өнімдердің таза әрі талапқа сай екеніне көз жеткіздік, – деді жобаның авторы Жұмажан Қалтаев.
Үздік қымызды анықтау үшін 8 адамнан құралған қазылар алқасы жұмыс істеді. Олардың қатарында биохимиктер, ғалымдар, қымыз зерттеушілері және қоғам өкілдері болды. Қазылар сусынның дәміне, бабына, табиғилығына, сақталу сапасына және ұсынылу мәдениетіне қарай баға берді.
Биылғы байқаудың тағы бір ерекшелігі – халықтық дауыс беру жүйесі. Ұйымдастырушылар бастапқыда дауыс беруді онлайн форматта өткізуді жоспарлаған. Осы мақсатта фестиваль аумағында арнайы интернет станциялары орнатылып, техникалық дайындық жүргізілген еді. Әйткенмен, Қарқаралыға ағылған жұрттың нөпірі қалың болып, байланыс желісіне түсетін салмақ артқандықтан, дауыс беру оффлайн форматта, арнайы бюллетень арқылы ұйымдастырылды. Әр көрермен өзіне ұнаған қымызға дауыс беріп, халық таңдауының нақтылануына үлес қосты.
Фестивальге былтырғы жеңімпаздар да арнайы келіп, биылғы қатысушыларға қолдау көрсетті. Солардың бірі – Абай облысы, Абай ауданы, Саржал ауылындағы «Жаныс» шаруа қожалығының өкілі Алмагүл Қадырова.
«Жаныс» шаруа қожалығы фестивальге тек қымыз өнімін ғана емес, ұлттық дүниетанымды танытатын мазмұнды көрме де алып келген. Жеңімпазға арнайы берілетін алтын торсық жәдігері көпшіліктің назарын аударды.
Фестивальдегі тосын өнімдердің бірі – қымыздан жасалған балмұздақ. Абай облысы, Семей қаласынан келген Айдын Серікқазыұлы ұлттық сусынды жаңа форматта ұсынып, қонақтарға өзгеше дәм татқызды. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс 2019 жылдан бері қолға алынған. Бүгінде «Kaz Ice» атауымен танылған өнім қымыз бен саумал негізінде дайындалады.
– Қазір қымыздан және саумалдан жасалған балмұздақтың екі түрін шығарамыз. Әртүрлі жеміс-жидек қосу арқылы 18 дәм ұсынып отырмыз. Өніміміз еліміз бойынша 12 қалада сатылымға шықты. Алдағы уақытта көршілес Қырғызстан мен Ресей нарығына шығару бағытында да жұмыс жүріп жатыр, – деді Айдын Серікқазыұлы.
Ұлттық ойындар дүбірі
Түс ауа Қарқаралы баурайындағы думанның қызуы ұлттық ойындар алаңында арта түсті. Таңертеңнен басталған көкпар, дәстүрлі садақ ату, аударыспақ, асық ату, бестас, тоғызқұмалақ, жамбы ату, теңге ілу секілді сайыстар фестивальдің ерек болмысын айшықтай түсті. Көпшіліктің делебесін қоздырған сайыстың бірі – тазы жарысы. Шырға тарту бәсекесін «Asyl qazyna» федерациясы ұйымдастырды. Аймақаралық фестиваль болғандықтан, жарысқа Қарқаралы ауданы мен Қарағанды облысының өзге өңірлерінен бөлек, іргелес аймақтардан да қатысушылар келді. Бас-аяғы 36 тазы бақ сынап, алты санат бойынша үздіктер іріктелді. Әр санаттан суырылып шыққан алты тазы ақтық кезеңде өзара мықтыны анықтады.
Финалда облыс намысын Нұрдәулет мырзаның «Найза» есімді тазысы қорғады. Павлодар облысынан Ерғұлан мырзаның «Көкдауылы», Ақмола облысынан Бірлік мырзаның «Аққұсы», Балқаш қаласынан Ерлан мырзаның «Желбалағы», Астана қаласынан Мейрам мырзаның «Қараханы», Қарағанды облысынан Манас мырзаның «Көкқасқасы» бақ сынады. Кілең аңға түсіп, әккіленген, бабы мен бағы келіскен тазылардың жарысы көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Ақтық сында Ақмола облысы, Жақсы ауданы, Баубек ауылынан келген «Аққұс» есімді тазы алдына қара салмай, І орынды жеңіп алды. Астана қаласынан келген «Қарахан» ІІ орынға тұрақтаса, Балқаш қаласынан келген «Желбалақ» үздік үштікті түйіндеді.
– Қуанышымда шек жоқ. Бағы мен бабы қатар келіскен небір жүйрік тазылардың алдын орау – біз үшін үлкен мәртебе. Бұл жарысқа ұтамыз деген нық сеніммен келдік. «Аққұстың» жасы екіде. Жас болса да, аңға түсіп, бабына келген тазы. Әкемнен қалған мұраны қанмен, жүрекпен жалғастырып келемін. Енді осы дәстүрді өзімнің де болашақ ұрпағыма насихаттағым келеді, – деді жеңімпаз тазының иесі Бірлік Уәли.
Ұлттық ойындардың ішінде көкпар додасы да көпшіліктің назарын аударды. Жаңанегіз алаңындағы тартысты сында шабандоздар тақым күші мен аттың бабын қатар танытып, көрерменге нағыз бәсеке сыйлады. Жарыс қорытындысы бойынша І орынды Қарағайлы ауылынан келген «Jan Ali» ЖШС командасы жеңіп алды. ІІ орын Қарқаралы көкпаршыларына бұйырса, ІІІ орынды Нұра ауданының командасы иеленді. Ал, төртінші орын Ақтоғай ауданының шабандоздарына берілді.
Қарқаралы баурайындағы көпшілік асыға күткен аламан бәйгеде еліміздің әр өңірінен келген жүйріктер бақ сынап, шабандоздар мен бапкерлер аттың бабы мен бағы қатар сыналар сәтте бар шеберлігін көрсетті.
Аламан бәйгенің бас жүлдесі – Changan автокөлігі Алматы облысы, Балқаш ауданынан келген «Байқоңырға» бұйырды. Ат иесі – Сапарғали Сәтбаев, бапкері – Жамбыл Бөбекпаев. ІІ орынды жерлесіміз Боран Тергеубековтің «Көкшоқайы» иеленсе, ІІІ орын Жамбыл облысынан келген, Әділет Ноқатайдың баптауындағы «Аврораға» берілді.
Төртінші орынды Қордайдан келген жүйрік түйіндеді. Ал, үздік бестікті Қарқаралы ауданы, Сарыобалы ауылынан келген «Жібек» қорытындылады. Ат иесі – Афтандил Әскеров.
Өнер мен әнге ұласқан думан
Қымыздың бабы сыналып, ұлттық ойындардың дүбірі қызған фестиваль алаңы күні бойы ән мен күйге бөленді. Таңертеңнен басталған бағдарлама Қарқаралы өнер ұжымдарының концертіне, одан әрі республикалық және халықаралық деңгейдегі өнерпаздардың қойылымдарына ұласты. Тау баурайында әуелеген ән, күмбірлеген күй мен халықтық сарын думанның рухани ажарын аша түсті.
Мәдени бағдарламада Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Ардақ Балажанова мен Қайрат Баекенов, әнші-композитор Ұшқын Жамалбек, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Өзгеріс Шерікбай, сондай-ақ, «JOSHY» national qazaq group және «ARKAIYM» тобы өнер көрсетті. Бұдан бөлек, Қ.Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігі, «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі, өңірдегі қалалық және аудандық мәдениет үйлерінің ұжымдары да көрерменге әннен шашу шашты.
Фестивальдің халықаралық мәдени бағдарламасы да мазмұнды болды. Горно-Алтайск қаласынан келген «Тюрк Кабай» театры, Бішкек қаласынан келген Қырғызстан фольклорлық ансамблі, сондай-ақ, Азат Айткулов пен Уфа қаласынан келген Илгам Байбулдин сахнаға шығып, түркі жұртына ортақ рухани үндестікті айшықтады.
Фестивальдің ерекше жаңалығының бірі – Ардақ Балажанованың «Бай қымыз» атты жаңа туындыны арнайы әзірлеп әкелуі. Өнер иесі бұл әнді заманауи бағыт пен этно-элементтерді үйлестіре отырып дайындаған.
Ақтың бабы танылған сәт
Күн ұзаққа созылған қымыз думаны кешкі марапаттау рәсімімен түйінделді. Қарқаралы баурайында ақтың бабы, шаруаның еңбегі, өңірлердің дәм ерекшелігі сараланып, «BaiQymyz-2026» аймақаралық қымыз байқауының жеңімпаздары анықталды.
Байқау қорытындысы бойынша І орын Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Ақтерек ауылынан келген «Мұхамед-Әли» жеке кәсіпкерлігіне бұйырды. Жеңімпазға 5 миллион теңге табысталды. ІІ орынды Қарқаралы ауданы, Тоқпан ауылынан келген «Тоқпан қымызы», яғни «Бақтияр» шаруа қожалығы иеленіп, 3 миллион теңге сыйақы алды. Ал, ІІІ орын Ұлытау облысының «Жаңаарқа» қымызына, «Қасымов А.Т.» жеке кәсіпкерлігіне берілді. Оларға 1 миллион 500 мың теңге жүлде тапсырылды.
– Еңбегіміз ақталды. Қымыз өндірумен кезінде ата-анам айналысқан. Біз сол ата кәсіпті 17 жылдан бері отбасымызбен жалғастырып келеміз. Бастаған кезде бір ғана биеміз болған еді. Бүгінде шүкір, шаруамыз кеңейіп, қымызымыз елге танылып келеді. Әр өнімнің дәмі, тазалығы, бабына келуі, тіпті ұсынылу мәдениеті де өндірушінің атына сын. Биыл фестивальге 600 литр қымыз әкелдік. «Хан қымыз», «Сұлтан қымыз», «Құлын қымыз», «Бесті қымыз» секілді бірнеше түрін ұсындық. Әрқайсысының өз дәмі, өз бабы бар. «Хан қымызға» ту биенің қазысы қосылады. Бұл – дәмі қанық, нәрі мол, салмағы бар қымыз түрі. Ал, «Сұлтан қымыз» қойдың құйрық майымен бапталады. «Құлын қымыз» күнделікті ішуге лайық жеңіл әрі жұмсақ дәмімен ерекшеленеді. Сондай-ақ, тобылғымен ысталып, қаймақпен бапталған қою қымыз да көпшіліктің сұранысында, – деді жеңімпаз «Қарқаралы Ақтерек» брендінің негізін қалаушы Бұрхан Жолтай.
Ұлттық сусынды ұлықтауға үлес қосқан бірқатар шаруашылықтар арнайы номинациялар бойынша да марапатталды. «Алтын күбі» номинациясы Қарқаралы ауданының «Босағаның қымызына», «Айтжан» шаруа қожалығына берілді. «Алтын саба» номинациясын Қарқаралы ауданы, Жаңанегіз ауылынан келген «Kymyz Bek», «Байшеева» жеке кәсіпкерлігі иеленді. Ал, «Алтын шара» номинациясы Қарқаралы ауданының «Sarybel» қымызына, «Шыныбай» шаруа қожалығына табысталды. Бұл аталымдардың әрқайсысына 500 мың теңгеден сыйақы берілді.
Байқауда дәстүр сабақтастығы мен өнімді ұсыну мәдениеті де назардан тыс қалған жоқ. «Дәстүр сақтаушы» номинациясын Қарағанды облысы, Шет ауданынан келген «Тағалы» қымызы, «220Volt» жеке кәсіпкерлігі иеленді. «Үздік дизайн» номинациясы Солтүстік Қазақстан облысынан келген «Ramadan Qymyz», «Күлболдина» жеке кәсіпкерлігіне бұйырды. Ал, «Қымыз серті» номинациясы Қарқаралы ауданының көпшілік ықыласына бөленген «Теректінің текті қымызына», «Мағұрыпова Г.М.» жеке кәсіпкерлігіне берілді. Бұл аталым иелеріне 300 мың теңгеден сыйақы тапсырылды.
Бұдан бөлек, «Нәтиже» сүт фабрикасының «Дәм мен маркетинг» номинациясы бойынша бірнеше өндіруші ынталандыру сыйлығына ие болды. Номинация аясында Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданынан келген «Qara Kush», Қарағанды облысы, Нұра ауданынан келген «Ефремов» қымызы, Қарқаралы ауданынан қатысқан «Жеке Батыр», «Еділ», «Erlan Farm» және «Әжемнің қымызы» өнімдері марапатталды. Әрқайсысына 250 мың теңгеден сыйақы берілді.
Кешқұрым фестиваль мега-концертке ұласып, Қарқаралы аспаны әсем әуенге бөленді. Мыңдаған көрермен жиналған алаңда өнерпаздар халықтың рухын көтеріп, қымыз думанының мерекелік ажарын арттырды.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



