Қарағайы көкке өрлеп, тау сілемі тұманмен астасқан қастерлі Қарқаралы – бүгінде табиғатымен тамсандыруымен қоса, туризм мен ауыл шаруашылығы қатар қанат жайып, инфрақұрылымы ілгерілеп келе жатқан өңір. Соңғы жылдары ауданға келетін туристер легі көбейіп, демалыс аймақтары мен жол бойы сервисі дамып, ұлттық нақыштағы жаңа жобалар іске қосыла бастады.

Туризмге бет бұрған өңір
Бүгінде аудан экономикасының негізгі өзегі – ауыл шаруашылығы. Бұл сала аудан экономикасының шамамен 80 пайызын құрайды. Бүгінде өңірде 900-ден астам шаруа қожалығы тіркелген. Соның жартысына жуығы бие байлап, қымыз өндірумен айналысады.
– Соңғы төрт-бес жылда ауданда өнеркәсіп пен туризм бағыты да қатар жанданып келеді. Былтыр облыс әкімінің қолдауымен «Қарағанды-Қарқаралы» бағытындағы күрежол орташа жөндеуден өтіп, бұл өңірге келетін туристер санының артуына тікелей әсер етті. Былтыр 20 мыңнан астам турист келген. Ал, «BaiQymyz» фестивалінің өзіне 20 мыңға жуық адам жиналды. Қазір ауданда 40-қа жуық демалыс орны бар. Олар бір мезгілде 5 мыңға жуық адамды қабылдай алады. Соған қарамастан, туристік әлеуетті одан әрі кеңейту, қызмет көрсету сапасын арттыру, жол, су, қауіпсіздік, демалыс мәдениеті сияқты мәселелерді жүйелі түрде шешу қажет. Біздің жұмысымыз осы бағытта жүріп жатыр, – деді аудан әкімінің міндетін атқарушы Саят Мусин.

Ұлттық тәрбиеге негізделген этнолагерь
Қарқаралының қарағайлы баурайында орналасқан «Qarqaraly GO» этнолагері балалардың жазғы демалысын ұлттық таныммен, табиғат аясындағы тәрбиемен ұштастыруды көздейді. Этнолагерь Қарқаралы ұлттық паркінің аумағында орналасқан. Әр маусым 8 күнге созылады. Жазғы кезеңде барлығы 8 маусым өткізу жоспарланған. Сонымен бірге, мұнда қауіпсіз аумақ, спорттық және танымдық бағдарламалар, табиғат аясындағы түрлі іс-шаралар қарастырылған.
Этнолагерьдің басшылары – кәсіпкерлер Бақтияр Құсайынов пен Ермек Төлеубаев. Екі азамат ұлттық құндылықтарды заманауи форматта дәріптеуді мақсат етіп, балаларға арналған осындай орталық ашуға бел буған. Биыл аудан әкімдігі тарапынан «BaiQymyz» фестивалін өткізу туралы ұсыныс түскенде, олар бұл бастаманы қуана қолдап, шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына үлес қосты.
– Көптен бері ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын, балаларға дәстүрді табиғи ортада танытатын орталық ашу ойымызда жүрген еді. Біздің мақсатымыз – балаларға жай демалыс ұсыну ғана емес, олардың бойына ұлттық тәрбие, табиғатқа құрмет, салт-дәстүрге сүйіспеншілік қалыптастыру. Лагерьге 9 бен 14 жас аралығындағы балалар қабылданады. Бір маусымда 30-дан 100-ге дейін баланы қамтысақ деген ой бар. Мұнда жасөспірімдер таза ауада тынығып қана қоймай, дала мәдениетін, ұлттық ойындарды, қазақы тұрмыстың мәнін жақыннан сезінеді, – деді этнолагерь басшысы Ермек Төлеубаев.
Инфрақұрылым игілігі
Қарқаралыда туристік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жобалардың бірі – 40 орындық мотель. Бұл нысан, ең алдымен, ауданға келетін қонақтарға қолайлы жағдай жасап, жол бойы сервисінің сапасын арттыруды көздейді. Жобаның бастамашысы – «PetroRetail PFS» ЖШС. Нысан Қарқаралы ауданының кіреберісіне салынуда. Жобаның жалпы құны – 450 миллион теңге. Қаржы толықтай инвестордың өз қаражаты есебінен қарастырылған. Болашақ мотель жылына 5 мыңға дейін туристке қызмет көрсетеді.
Қарқаралыда туристік инфрақұрылыммен қатар, әлеуметтік маңызы бар нысандарды дамыту жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізілуде. Соның бірі – қала аумағында салынуы жоспарланған жаңа мектеп. Жоба бойынша Қарқаралы қаласында 300 орындық білім ошағы бой көтермек. Осы мақсатта аудандық жер комиссиясының шешімімен Тоқтар Әубәкіров көшесі бойынан жалпы аумағы 2 гектар жер телімі бөлінген.
– Қазір 300 орындық мектеп салу жобасы бойынша жұмыс жүріп жатыр. Мектеп-интернат 100 орындық жатын корпусымен бірге қарастырылуда. Оның қасына 200 орындық балабақша салу жоспарда бар. Қажетті құжаттаманың бәрі дайындалып жатыр. Құрылыс жұмыстары басталса, бұл қала тұрғындары үшін де, балалар үшін де маңызды нысан болады, – деді Саят Мусин.

Қарқаралы қаласының ішкі жолдарын ретке келтіру жұмыстары да жүйеленіп келеді. Әсіресе, қала орталығындағы ең маңызды көшелердің бірі – Тоқтар Әубәкіров көшесінде ауқымды реконструкция жүріп жатыр.
– Жөндеу жұмыстары 2024 жылы басталған. 2024-2025 жылдары ұзындығы 2,3 шақырым болатын учаскеге екі қабатты асфальт жабыны төселіп, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар, су бұру жүйелері, жарық бағандары, жол белгілері мен жиектас орнатылған. Қазіргі уақытта үшінші қабат асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жол реконструкциясы болғандықтан, технологиялық талаптарға сай жер 50 сантиметрге дейін қазылды. Мемлекет тарапынан 1,2 миллиард теңге қаражат бөлінді. Қазір үшінші қабат асфальт төселіп жатыр. Жұмысты Тоқтар ағамыздың мерейтойына дейін аяқтау жоспарымызда бар, – деді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Абылай Искаков.
Туристік аймақтың басты талабы
Қарқаралы – қысы-жазы турист үзілмейтін өңір. Сондықтан, мұнда демалыс мәдениетімен қатар, қауіпсіздік мәселесіне де ерекше көңіл бөлініп келеді. Баспасөз туры барысында таныстырылған келесі нысан – №16 өрт сөндіру бөлімі. Қарқаралы ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Алмас Ибраевтің айтуынша, бұл бөлім былтыр қыркүйек айында реновациядан өтіп, толық жаңғыртылған.
Қазір мұнда өрт сөндіру бөлімінен бөлек, арнайы құтқару жасағы да жұмыс істейді. Жалпы техника саны – 8 бірлік. Бөлім заманауи өрт сөндіру құралдарымен, арнайы көліктермен және төтенше жағдай кезінде қажет болатын жабдықтармен толық қамтылған. Құтқару жасағы былтыр жасақталып, бүгінде іздестіру-құтқару жұмыстарына белсенді тартылып келеді.
Құтқарушылардың жұмысы көбіне туристердің қауіпсіздігімен тікелей байланысты. Әсіресе, орманды-таулы аумақта адасып кету, қыс мезгілінде бағыттан жаңылу, жазда су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау секілді жағдайлар ұдайы назарда. Алмас Қасымұлының айтуынша, былтыр қыс мезгілінде қарда жүретін көлікпен серуендеген екі турист адасып кеткен. Құтқарушылар заманауи техниканың көмегімен оларды қысқа мерзімде тауып, аман алып шыққан.
удан көлемінде өртке қарсы инфрақұрылымды күшейту жұмыстары да жалғасып жатыр. Былтыр ауылдық жерлерде екі өрт сөндіру посты салынса, биыл Татан, Айнабұлақ және Айрық ауылдарында үш жаңа пост салу жоспарланған.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



