Алаң ашылды
Астананың 20 жылдық мерейтойын Қарқаралы ауданының жұртшылығы да айрықша атап өтті.
Ауданның Мәдениет үйінде салтанатты жиын өтіп, аудан әкімінің орынбасары Берік Тоқмурзин жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, аудандық мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен орталық саябақта қала, кент, ауылдық округ өнерпаздарының қатысуымен «Ел жүрегі – Астана» атты мерекелік шаралар мен көрмелер өтті. Бұдан бөлек, Егіндібұлақ селосында Елордамыздың туған күніне орай, Дара және Байжұманов көшесі тұрғындарының ұйымдасуымен спорт және балалар алаңы ашылды. Аталмыш шараға аудан әкімінің орынбасары Мейірлан Сәдуақасов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Орынбасар Қыстаубаев, белгілі суретші, Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Атом» жобасының елшісі Кәріпбек Күйіков және село тұрғындары қатысты. Алдымен, ауыл ардагері Сембек Рамазанов құран оқып, ел азаматтарының еңбегіне жеміс тіледі.
Туған жерге ту тігіп, көмек көрсетіп, ауылдастарының қуанышын еселеп жатқан азаматтар аудан әкімінің және «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының Алғыс хаттарына ие болды. Ел азаматтарының өнегелі ісіне риза болған К.Күйіков: «Балалар – біздің болашағымыз. Оларға ағаларының жасаған бұл сыйы ұнайды деп сенемін. Мен ауылдастарымның бұл ізгілікті ісіне дән ризамын. Азаматтардың абыройлы ісі басқаларға үлгі болсын. Астананың өсіп-өркендеуіне елім деген осындай ерлер үлес қосады» дей келе, ауыл балаларына спорт жабдықтарын сыйға тартты. Ауыл азаматтарының басын қосып, бастама көтерген кәсіпкер Ғ.Ильяшев отбасы атынан спорт сүйер өрендерге спорттық киімдерді тарту етті.
Жалпы, нысанның құрылысына 2 миллионнан астам қаражат жұмсалды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын негізгі ала отырып, ауылдың сыртта жүрген кәсіпкер азаматы Ғибрат Ильяшев және Болатбек Сәрсенов, Еркебұлан Сәбитовтердің бастамасымен есепшот ашуды жолға қойды.
Сағыныш Әбілова,
«Орталық Қазақстан»
ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.