Алғашқы қоңырау сыңғыры
Облыста 512 жалпы білім беру мектептері болса, оның 11-і облыстық мамандандырылған мектеп-интернаттар. Ондағы мұғалімдердің саны 19 859 адамды құрайды. 1 қыркүйек – Білім күні аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВ Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатына барды. «Мен өз елімнің патриотымын!» салтанатты жиынын тамашалаған аймақ басшысы педагогтар мен оқушыларды оқу жылының басталуымен құттықтады.
2007 жылдан бері Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатына оқушылар білім беру стратегиясы бойынша 5-ші сыныптан бастап қабылданады. 5-6 сыныпты аяқтаған оқушылар, 7-ші сыныпта білім алуды, оның ішінде табиғи ғылымды зерттейтін пәндерді ағылшын тілінде оқуды бастайды. Мұндай оқыту тәсілі мектеп оқушыларына ағылшын тілін жетік меңгеруге көмектеседі.Оған қоса, оқушыларға аптасына екі рет, түрік, неміс, француз тілдерін меңгеруге жеке сабақтар ұсынылады.
Сондай-ақ, мектеп оқушыларын облыстың өзге мектептерінен «N» әрпі түріндегі күнделікті форма ерекшелеп тұрады. Оқушылар киіміндегі «N» әрпінің логотипі мектептің аты берілген қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақовтың есімін ардақтауды білдіреді. Оған қоса, әріптің астыңғы жағында 3 жапырақ бейнесі «үштілде білім аламыз» дегеннің белгісі.
Осыны тілге тиек еткен аймақ басшысы мектеп оқушыларына сәттілік тіледі.
– Бүгін облысымызда 22 мың бала бірінші сыныпқа барды.10 мың оқушы оқу жылын тәмамдайды. Оқушыларға сәттілік пен табыс тілеймін. Ұстаздармен ата-аналарға ерекше алғыс айтамыз! – деді құттықтау сөзінде Ерлан Қошанов
Аймақ басшысы мектепке робототехника зертханасын сатып алу мақсатында STEM лабораториясының 5 млн. теңгелік сертификатын табыс етті. Сондай-ақ, физика, химия және биология пәндері бойынша оқушылар бірнеше сынақтар жасаған ғылым кабинетімен танысты. Зияткерлік және жеке жетістіктерін дамытуға септігін тигізетін логика кабинетін тамашалады.
Оқушылар көпшіліктің назарына «Ұлытау Аллеясы» макеті бар QR-код орналасқан Ұлытаудың әсем жерлерімен таныстыратын география кабинетін ұсынды.«Хан академиясы», «Bilimland.kz» ресурстары көрсетілді.
Салтанатты шара соңында облыс әкімі мектеп жанында орналасқан интернатты аралап шығып, өзге қалалардан келіп оқитын 222 балаға арналған жатын орындардың жағдайымен танысты.
Жалпы, оқушыларға бос уақытында арнайы би, сурет үйірмелерін ұйымдастырып сондай-ақ, мектеп дәліздерінде шахмат ойнауға мүмкіндік беретін Н.Нұрмақов мектебі әлемдік деңгейдегі білім жаңалықтарынан хабардар әрі адами құндылықтарды бағалайтын ұрпақ қалыптастыруды көздейді. Осы мақсатты ұстанатын білім ордасы ұстаздарды да жұмысқа белгілі конкурс арқылы қабылдайды.
Айта кеткен жөн, мектеп өткен жылы «Үздік мамандандырылған білім беру ұйымы – 2017» республикалық байқауында Гран-при жеңіп алған болатын. Қарағандыда өткен «Роболанд – 2018» сайысында 11 оқушы ағылшын тілінде пікір таластыру барысында облыстың мерейін үстем етіп, І орын жеңімпазы атанды. Биылғы ҰБТ қорытындысында бес пән бойынша орташа балл – 99,9 (2017 – 95,7) құрап отыр.
Аяулым СОВЕТ,
“Орталық Қазақстан”