Жаңалықтар

Алғашқы көмек – өмірдің алғышарты

Облыстың дәрігерлеріне арналған төрт күндік семинар жұмысын тәмамдады. Қызыл крест халықаралық комитетінің Орталық Азиядағы аймақтық өкілеттілігінің ұйымдастыруымен өткен шарада жол көлік оқиғаларынан зардап шегушілерге медициналық көмек көрсету жолдарын үйретті.

– Бұл әсте, біздің дәрігерлердің біліктіліктері мен кәсібиліктерінің төмендігі деген сөз емес,– дейді Х.Мақажанов атындағы облыстық травмотология және ортопедия орталығы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Берік Төлеуов. – Біздің көздегеніміз – дәрігерлеріміздің білімін арттыру, жетілдіре түсу. Шетелдік әріптестерімізден үйренеріміз және олармен бөлісетін тәжірибеміз бар. Жол көлік апаттарының және олардан зардап шегетіндер санының артуы көпшілікті алаңдататын өзекті мәселелердің бірі.

 Жол көлік оқиғаларының саны азайғанымен, одан жапа шеккендер азаймай тұр. Мәліметтерге сүйенсек, биылғы алты ай ішінде 205 (былтыр 300 оқиға) жол апаты тіркелген. Қаза болғандар саны – 70. Өткен жылы осы мерзім ішінде 52 адам апаттан опат болыпты. Апат орын алған жағдайда дәрігердің алғашқы 20 минуттағы іс-әрекеті адамның өмірін айқындайтынын ғалымдар да, ақ халаттылардың өздері де мойындап отыр. Сол себепті де облыстың түрлі медициналық мекемелерінің мамандары: травмотолог дәрігерлер, реаниматологтар мен анестезиологтар, жедел жәрдем бригадаларының фельдшерлері мен қабылдау пункттерінің мамандары жиналып, алғашқы медициналық көмек көрсетудің әлемдік стандарттарының сырына үңілді.

 Қызыл крест ұйымының Швейцариядағы бас штабынан келген доктор Шима Бисвас пен тренер ретінде оқудан өткен төрт жергілікті маман тыныс алдыру әдістері, шок жағдайында көмек беру, түрлі дене мүшелерінің жарақатындағы әрекет, күйіктер мен үсу кезіндегі көмек, сонымен қатар, жүкті әйелдер мен балаларға көмек көрсету әдістері туралы өз тәжірибелерімен бөлісе отырып, практикалық дәрістер өткізді. Бұл семинардың өзгешелігі де осында – теориялық мәлімет міндетті түрде практикалық әрекетпен меңгерілді.

Қазақ мемлекеттік үздіксіз білім беру университетінің апаттар мен токсикология медицинасының жедел медициналық көмек кафедрасы меңгерушісі Тұрсын Сұлтанова осы жоба басталғалы әріптестерінің біліктілігін арттырумен айналысып келеді.

 – Бұл халықаралық ұйыммен бірлесіп жұмыс жасап келе жатқанымызға бес жыл болды. Жыл сайын еліміздің әр үш өңірінде осындай семинарлар ұйымдастырамыз. Мұнда қарағандылық мамандар алғашқы көмек берудің халықаралық стандарттарын, көмек көрсетудің ретін үйренеді. Алғашқы көмек тиісті түрде жасалатын болса, адамның өмірін сақтап қалудың мүмкіндігі артады. Жол апаттары кезінде көбінесе аяқ-қол жарақаттары, мидың шайқалуы, қан кету сияқты жарақаттар кездеседі. Сол себепті осы жарақаттарды дұрыс емдей алатын мамандарды, сәйкесінше әрекет ететін фельдшерлерді, орта деңгейлі мамандарды оқытамыз,– деді ол.

Ұйымдастырушылар осы уақытқа дейін республиканың әр аймағында 1 семинар-тренинг өткізіпті. Оларға қатысқан 260 адам халықаралық сертификаттарға ие болды. Бұл жолғы 20 қатысушы да осындай сертификат иеленді. Асылында, мәселе бір жапырақ қағазда емес, төрт күн бойы игерген тың білімде. Кейін сол білімнің адам өмірін құтқаруда қолданылуында.

Жансая ОМАРБЕКОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button