Алқалы жиынның айтары көп
«Нұр Отан» партиясын жаңғырту аясында партия хатшысы Тамара Дүйсенованың қатысуымен өткен бастауыш партия ұйымдарының бірінші аймақтық форумы өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған форум жұмысы 4 секция бойынша жүргізіліп, партияның барлық қызметін цифрландыруға, партия мүшелерінің бірыңғай базасын құрып, құжат айналымын азайтуға және партия қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған «Сандық партия» жобасы көпшілік назарына ұсынылды.
Алқалы жиынға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Жандос Әбішев «Нұр Отан» партиясы құрылған күннен бастап экономика мен саясатта ауқымды реформаларды тұрақты түрде жүзеге асырып, адамның, қоғамның және мемлекеттің дамуына қолайлы жағдайлар жасап келе жатқандығын атап өтті.
– Жыл сайын қатары толыға түскен қоғамдық ұйымның іс-әрекеті әлеуметке жақын және мәселелердің шешілуіне ұйытқы болуда. Қаншалықты жоспар, тиімді бағдарламалар болғанымен, оны сапалы іске асыру әрбір партия мүшесінің жауапкершілігінде. Қоғамның тұтастануына бағытталған бастамалары, ұзақ мерзімді акциялары, қайырымдылық шаралары әлеуметтің еңсесін көтеруде. Бүгінгі форумнан байқағанымыздай, жаңашылдық пен қарқынды қозғалыстың лебі еседі, – деді Жандос Әбішев.
Бастауыш партия ұйымдарын белсенді ету тұжырымдамасын талқылау барысында бірқатар мәселелер де ескерілді. Цифрландыруға, халықтың сауатын арттыруға, үш тілділікке көшу, бизнестің геоақпараттық онлайн-сервисі, кіші және орта бизнесті дамыту, мемлекеттік жастар саясаты, «Рухани жаңғыру» сынды бағдарламаларды қолдауға қатысты жолға қойылған жұмыстар жүйелі. Партиялық 22 жаңа жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыс формалары қарастырылды.
Форум барысында төртінші секция жұмысы адами ресурстарды басқару мен партияның кадрлық резервін қалыптастыру мәселесіне, бастауыш партия ұйымдары мен партия мүшелерінің деректер базасын белсенді ету, бастауыш партия ұйымдарын ынталандыру мен жетілдіру үшін бағалау жүйесін енгізуге арналды. Осы орайда, «Нұр Отан» партиясы Қостанай облысы Денисов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айгүл Бектемісова, «Нұр Отан» партиясы Астана қаласы «Бірлік» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шыңғысхан Қожахметов, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Владислав Сергеев, «Нұр Отан» партиясы Қостанай облысы филиалы саяси жұмыстар бөлімінің кеңесшісі Олжас Дүйсеков, «Нұр Отан» партиясының Жезқазған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлмира Қаженова баяндама жасап, өз ұсыныстарын айтты.
«Жаңа жобалар – бір күндік акция немесе кеңселік шаралар емес, партия мүшелерінің еңбегі, нәтижесінде, қазақстандықтардың өмірі мен тұрмысы жақсаруы тиіс», – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Форумды қорытындылаған партия хатшысы Тамара Дүйсенова Елбасы жетекшілік ететін «Нұр Отан» партиясы қазақстандық көшбасшы партия ғана емес, әлемдік деңгейде де бағыт-бағдары айқын және даму барысы дараланған биіктігімен бағалы болып отырғандығын тілге тиек етті. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы алдыңғы қатарлы саяси күш ретінде барлық қиындықтар мен сынақтарды халықпен бірге бөлісіп, әрқашан еліміз үшін күрделі әрі өмірлік маңызы бар шешімдер қабылдап, олардың ойдағыдай жүзеге асуына белсенді атсалысатындығын айтты. Айта кетейік, бүгінде елімізде 1 миллионнан аса мүшесі бар 5839 бастауыш партия ұйымы жұмыс жасайды екен. Партия құрылымын жетілдіру мақсатында кішірек ұйымдарды ірілендіру арқылы бастауыш партия ұйымдары жүйесін оңтайландыру жұмысы жолға қойылған. Бастауыш партия ұйымдарының жалпы көлемінің 51,3% (3001 бірлік) 3-тен 100-ге дейінгі мүшесі бар, 41,6% (2432 бірлік) 100-ден 500-ге дейін мүшесі бар. 4 мыңға жуық БПҰ төрағасы білім жетілдірген.
Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»