Қайталанбас қара нар
Халқымыз өзінің ақылы асқан, білімі тасқан абзал азаматтарын «Қажымас қара нарым» деп мақтан етіп, оның есімін аузынан тастамай, асқар биікке шығаруға тырысады. Халқының адал туған сондай ұлдарының бірі – Тілеукен Ахметұлы Еңсебаев еді.
Жуырда «Қаракесек шежіресінің» екінші кітабы қолыма тиді. Осы екінші кітаптың таныстырылымы С.Сейфуллин атындағы облыстық драма театрында өткізілді. Сол таныстыру кезінде Тілеукеннің 2009 жылы дүниеден өткенін білдім. Кітаптың соңғы беттерінде Тілеукеннің суреті басылған қазанама беріліпті. Онда ғалымның Қарағандыдан Павлодарға ауысып барған соң бел шеше еңбек еткенін, талай ғылыми дүниелер жазып тастағанын, әттең дүние, өмірден ерте өтіп кеткенін қынжыла жазады.
Тілеукен арғы атасы Қырғыздың Естекі атасынан тарайтын Еңсебайдың Ахметбегінің шаңырағында Қарағанды қаласында дүниеге келіп, осындағы №20 орыс орта мектебін үздік бітіреді. Бірақ, ол өзінің алғыр болғанына қарамастан, жоғары оқу орнына түсіп кетуге асықпайды. Отбасының тұңғышы болғандықтан, үй-ішіне көмектесуді қажет деп табады да, артындағы іні-қарындастары Жарылқан, Жұмақан, Әділхан, Алтын мен Айманның аяғынан қаз тұруы үшін біраз уақыт жұмысқа кіргенді дұрыс көреді. Екі жыл «Қарағандыкөмір» өндірістік бірлестігінің ағаш өңдеу комбинатында балташы болып істеп, үшінші жылы ғана сол кезде Қазақстандағы белгілі жоғары оқу орнының бірінен саналатын Қарағанды мемлекеттік политехникалық институтының кен электромеханикалық факультетіне келіп түседі. Қызыққа толы студенттік жылдар көз ілеспей өте шықты. Мұнда да ойдағыдай оқыған және оқу орнының қоғамдық жұмыстарына белсене араласқан жас жігіттің ғылымға деген бейімін байқаған болуы керек, факультет басшылығы институт қабырғасында кафедраға оқытушы етіп қалдырады. Осында қызметін атқара жүріп, 1980 жылы аспирантураны бітіріп, Ленинград қаласындағы Бүкілодақтық электро-машина жасау ғылыми-зерттеу институтында ғылым кандидаты атағын абыроймен қорғап шығады.
Оның өмірінде ғылыми жұмыстарындағы барлық жетістіктері көрші Павлодар облысындағы университетке барған соң жарқырап көрінді деп айтуға әбден болады. Ол ғылыми атағын алған соң Қарағандыда бес жыл қызмет атқарып, сол институтқа ауысқан болатын. Жаңа ғылыми ортадағы жұмысы күн сайын алға баса берді. Талантты ғалымды мұндағы әріптестері де лайықты дәрежеде бағалай білді.
Тілеукен Кереку жеріне келісімен де шежіре жинаумен айналысты. Сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының аяғы мен сексенінші жылдардың басында біз Пришахтинскідегі 23 ықшам ауданда көрші тұрып, сол кезден таныс едік. Сол уақыттың өзінде шежіре жинаумен айналысып жүретін. Қаракесектің шежіресін «шемішкеше шағып» отыратын. Менің ол кезде шежіреге онша ден қоймаған шағым еді. Тілекеңнің бәрін біліп, ақ-қараны айырып отырғандығына таң қалатынмын. Өзінің қырғыз руынан екендігін айтып, ата-бабасын таратып берген. Менің өзімнен талай нәрсе сұраған еді, бірақ оның кейбіріне жауап бере алмағанмын. Өйткені, шежіреші болу әркімнің қолынан келе беретін іс емес.
Тілеукеннің Павлодардың индустриалды институтына не себептен ауысқанын өзі біледі, содан кейін қайтып кездескен емеспіз. Көне Кереку қаласындағы бұл оқу орны кейіннен С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне айналған. Осы оқу орнында өзінің қызметін абыроймен атқара жүріп, профессор атанды, Қазақстан Республикасы халыққа білім беру ісінің құрметті қызметкері болды, өзінің мамандығы инженер-энергетик бола тұра қазақ халқының тарихын жасауға, шежіресін жинауға барын салып еңбек етті. Сонымен қоса, осы ПМУ және Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған тарихи-этнографиялық экспедицияларға үзбек қатысып отырды. Соның нәтижесінде «Павлодар өңірінің тарихы туралы очерктер» (Бірінші бөлім. Көне дәуірден ХХ ғасырға дейін) (2001 ж.), «Исторические прошлое кыпчаков Евразии: очерки истории средневековых кыпчаков» (2002 ж.), «Этапы военной колонизации Павлодарского Прииртышья царской Россий» (2002 ж.), «Военное искусство кыпчаков в эпоху средневековья» (2003 ж.) атты зерттеу кітаптары жарық көріп, кешегі Кеңестік идеологияға негізделген тарихи әдебиеттерді жоққа шығаруға, жас ұрпақтың отаншылдық, мемлекетшілдік сезімдерін қалыптастыруға зор ықпал етеді.
Жалпы алғанда Тілеукен Ахметұлы 6 кітаптың, 20 оқу құралының, облыстың энциклопедиясы үшін тарих, этнография, өлкетану салалары бойынша жазылған 200-ден астам мақаланың авторы болды, 7 ғылыми мақалалар жинағына редакторлық етті, 20 ғылыми еңбектің редакция алқасының мүшесі болды. Түрлі жиындарда және баспасөз беттерінде кешегі коммунистік идеологияны жақтаушы тарихшылармен үнемі пікірталасқа түсіп, олардың қателіктерін бетіне басқан уақыттары аз болмады және облыста қазақ тілінің мәртебесін арттыруға барынша үлес қосты. Сонымен қоса, 2002 жылы бір топ ғалыммен бірлесе отырып энергетика жөнінен орысша-қазақша түсіндірме сөздік жасап шығарды. Электр-техника саласынан алғашқы болып қазақша дәріс оқуды бастады.
Ол Павлодар өңіріне шежіреші ретінде танылды. Оның жинаған бай материалдары негізінде «Павлодар уезі қазақтарының шежіресі», «Қанжығалы шежіресі», «Сүйіндік шежіресі» кітап болып жарық көрді. Арғынның Бәсентиін руының және басқа да жинаған шежірелері әлі жеке кітап болып шыққан жоқ.
Тілеукен Ахметұлы жайлы айтқанда оның «Қаракесек шежіресін» жинаудағы, оны жеке кітап етіп жария етудегі еңбегін ерекше атап өтуіміз қажет. Ол жинаған шежіренің бірінші кітабы 2009 жылы өзі дүниеден өткен соң ғана баспадан шығып, тұсаукесерін көре алмағаны өкінішті болды. Бұл жинақтың бірінші кітабына Арғынның Қаракесек руының Ақшасынан тарайтын Бесбошан ұрпақтары берілген еді. Енді екінші кітапта Қаракесектің Түйтесінен туатын Майқы мен Танастың бүгінгі күнге дейінгі ұрпақтарын таратып берген. Сонымен қоса Қарқаралы мен Ақтоғай өңірінде тұратын қырғыздардың да шежіресі келтірілген.
Бұл кітаптың тағы бір ерекшелігі Қаракесектің батырларын, билерін, шешендері мен ділмарларын, қайырымды мырзалары мен меценаттарын, мемлекет және қоғам қайраткерлерін, Кеңес Одағының батырларын, Социалистік еңбек ерлерін, палуандары мен спортшыларын, ақындары мен жазушыларын, ғалымдарын, мәдениет және өнер қайраткерлерін, әншілерін, сазгерлерін, қоғам қайраткерлерін және басқа да белгілі адамдарын тізіммен берген екен. Жалпы алғанда бұл кітаптан талай мәліметтер алуға болатындығына көзіміз жетті.
Міне, осы және басқа да еңбектердің иесі Тілеукен Ахметұлы мен жары Зеннат Қуантайқызы екеуі Шолпан және Айдын атты қыз бен ұл тәрбиелеп өсірді. Кейін дүниеге келген Самира және Алан атты немерелерін көре алмай кетті.
Сөз соңында айтарымыз – осындай қыруар жұмыс тындырған ұлтжанды азамат, шежіреші, ғалым, бүкіл Қаракесектің таралымын жинауға ұйытқы болған Тілеукен Еңсебаевтың есімі халықтың жадында ұзақ сақталады деп ойлаймын. Ауыр науқас арамыздан алып кетпей, ортамызда жүргенде 70 жасқа толар еді. Енді, соңындағы ұрпақтарына ғұмыр тілей отырып, мәңгілік есте қалдыру мәселесін ойластырса дұрыс болар еді.
Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.



