Жаңалықтар

Қымыз думанына айналады

Облыста алғаш рет ұлттық сусынға арналған ауқымды «BaiQymyz» өңір­аралық гастрофестивалі өтпек. 6 маусымда Қарқаралы төрінде ұйымдастырылатын этнофестивальге еліміздің бірнеше өңірінен қымыз өндірушілер жиналып, «Үздік қымыз» атағы үшін бақ сынайды. Жалпы жүлде қоры 10 миллион теңгені құрайтын шара қазақтың ұлттық мәдениеті мен этнотуризмін ұштас­тырған ерекше мерекеге айналмақ. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Суретті түсірген Ерболат Шадрахов

Қымыздың аңқыған хош иісі мен домбыраның күмбірі қатар өрілетін думанды кеште қазақтың ғасырлар бойы жалғасқан салт-дәстүрі, ұлттық тағам мәдениеті мен жылқы шаруашылығының терең тарихы кеңінен насихатталмақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің басты мақсаты – қымызды тек ұлттық сусын ретінде ғана емес, қазақ дүниетанымының, көшпелі өркениеттің ажырамас бөлігі ретінде таныту.

Фестивальге Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарынан, сондай-ақ Қарағанды өңірінің барлық ауданынан 30-ға жуық қымыз өндіруші қатысады деп жоспарланып отыр. Әр өңір өзіне тән қымыз дайындау ерекшелігін, сақталған дәстүрі мен дәмдік айырмашылығын таныстырады. Қонақтар ұлттық сусыннан дәм татып қана қоймай, атадан балаға жеткен тағылымды мәдениеттің атмосферасын сезіне алады.

Шараның ең тартысты бөлігі – «Үздік қымыз» байқауы болмақ. Қатысушылар отбасылық құпиямен сақталған, өңірлік ерекшелікке негізделген қымыз түрлерін ұсынады. Сарапшылар сусынның сапасына, дайындалу тәсіліне, дәмдік ерекшелігіне және ұлттық дәстүрдің сақталуына назар аударады. Байқау жеңімпаздары бірнеше номинация бойынша анықталады. Үш негізгі жүлделі орыннан бөлек, арнайы аталымдар да қарастырылған. Жалпы жүлде қоры – 10 миллион теңге.

«BaiQymyz» фестивалі – тек гастрономиялық шара емес. Бұл – ұлттық кодты жаңғыртуға бағытталған мәдени алаң. Мұнда қазақ халқының тұрмысындағы жылқының орны, бие байлау мен қымыз ашыту дәстүрі, көшпелі мәдениеттің ерекшелігі кеңінен дәріптеледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль ауыл туризмі мен агротуризмді дамытуға да серпін бермек.

Қарқаралыдағы этнофестиваль аясында жылқы тұқымдарының көрмесі, ат әбзелдерінің экспозициясы, қолөнер шеберлерінің бұйымдары мен Қарағанды облысы суретшілерінің туындылары қойылады. Ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлттық нақыштағы көрме алаңдары жасақталады. Сонымен бірге, ұлттық ойындар ұйымдастырылып, мәдени-спорттық бағдарламалар өтеді. Кешкісін қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт жоспарланған.

Айта кету керек, «BaiQymyz» фес­тивалі өткен жылы алғаш рет Астанада ұйымдастырылып, үлкен қызығушылық тудырған еді. Сол кезде шараға 70 мыңға жуық адам қатысып, қонақтарға 30 тонна қымыз ұсынылған. Бұл көрсеткіш Қазақстан рекордтар кітабына енді. Фес­тивальді әлемнің 15-тен астам елінің журналистері арнайы бақылап, қазақтың ұлттық сусынын халықаралық деңгейде кеңінен насихаттады.

Енді сол игі бастама Арқаның көрікті мекені – Қарқаралыда жалғасын таппақ. Табиғаты тамылжыған, тарихы терең өлкеде өтетін думанды мереке ұлттық мәдениеттің мәртебесін көтеріп қана қоймай, өңір туризмінің жаңа тынысын ашуға да ықпал етпек.

Өз тілшімізден

Басқа материалдар

Back to top button