Білім

Аймақта жаңа мектеп қатары толығады

Биыл облыста 9 жаңа білім беру нысаны, оның ішінде, 3 мектеп пен 1 балабақша ашылады. Білім беру жүйесінің дамуы және қашықтықтан оқытудың білім сапасына әсері туралы облыстың бас педагогі Гүлсім Қожахметова айтып берді.

Гүлсім Шабданқызы, балалар осымен екінші жыл қатарынан онлайн форматта білім алып жатыр. Қашықтағы білімнің сапасы туралы айтып берсеңіз.

– Қашықтан оқыту, әрине, білімге әсер етті. Сондықтан, олқылықтарды толтыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Бірінші кезекте не істеу керектігін анықтау үшін біз барлық пәндер бойынша бастапқы диагностикалық бөлімдер жүргіздік. Олардың нәтижелері бойынша балалардың білім сапасын арттыруға қатысты жұмыс жоспарлары жасалды. Бүгінгі күні облыстың барлық педагогтері цифрлық сауаттылық негізінде біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Үнемі онлайн-режимде жұмыс технологияларын жетілдірудің шеберлік сабақтары өткізіледі. Дегенмен, қашықтан оқыту кезінде белгілі бір қиындықтар бар. Мұнда балаларда қарым-қатынас азаяды. Достары мен мұғалімдердің қолдауы кемшін түсетінін атап өтуге болады. Мұғалімдерге де оңай емес. Қашықтан оқу кезінде бүкіл сыныппен бір уақытта байланыс орнатуға, тапсырмалардың орындалуын бақылауға және сабақ барысында барлық оқушылардың тақырыпты меңгеруін бақылауға мүмкіндік жоқ. Бірақ, қашықтан білім беру тәжірибесінің артықшылықтарын атап өтпеске болмайды. Мысалы, ауа райының қолайсыздығына немесе оқушылардың денсаулығына байланысты сабақтарды тоқтатқан кезде біз сабақтарды қашықтан өткізе аламыз. Сондай-ақ, кездесулерді, сынып сағаттарын, жиналыстарды іс жүзінде ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Балалар өздеріне ыңғайлы уақытта білім алып, жаңа технологияларды игере алады.

Кадрлық мәселеге тоқталар болсақ. Жас мамандарды, мысалы, ауылдық мектептерде жұмыс істеуге қалай тартасыздар?

– Қазіргі уақытта облыстың білім беру ұйымдарына 100-ден астам маман қажет. Әсіресе, орыс тілінде оқытатын бастауыш сынып мұғалімдері, орыс тілі, физика, математика, химия пәндерінің мұғалімдері қажет. Жаңа оқу жылында біз мыңнан астам педагогті жұмысқа қабылдадық, олардың 500-ге жуығы жас мамандар. Екі жүз мұғалім «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша жіберілді. Оларға әлеуметтік кепілдіктер қарас­тырылған. Бұл – тұрғын үйді жалға алғаны үшін өтемақы төлеу, коммуналдық қызметтерді төлеу, тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін көтерме жәрдемақы. Айта кету керек, көмек тек ауылдық жерлердегі мұғалімдерге ғана көрсетіліп жатқан жоқ. Өткен жылы алғаш рет 24 педагог қызметтік пәтер алды.

Қазір инклюзивті білім беруге көп көңіл бөлінуде. Осы жайлы толығырақ тоқталып өтсеңіз.

– Облыста ерекше білім алу қажеттілігі бар 12 мыңнан астам бала тұрады. Инклюзивті білім беру үшін мектепке дейінгі ұйымдардың 36,2%- ында, жалпы білім беретін мектептердің 81%-ында және колледждердің 50,7%-ында жағдай жасалған. Өткен жылы Теміртауда оңалту орталығы ашылды. Онда әртүрлі психофизикалық ауытқулары бар 54 балаға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетіледі. Жөндеу жұмыстары жасалған соң Қарағандыда психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес кабинеті және облыс орталығы мен Сәтбаев қаласында екі психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылады. Қарағандыда «АсылМирас» қоғамдық қорының қолдауымен аутизм және ментальді ерекшеліктері бар балаларға арналған оңалту орталығын құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ, Қарағандының жалпы білім беретін мектептерінің базасында «Болашақ» ҚҚ бірлесіп, инклюзияны қолдайтын үш кабинет ашу жоспарлануда. Ерекше балалармен жұмыс істеу үшін мұғалімдер оқытылады. Инклюзивті білім беру үшін оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер сатып алынады.

Ал, шағын жинақты мектептерге келетін болсақ, олардың болашағы бар ма?

– Облыста 209 шағын жинақталған мектеп бар, онда 14 мыңға жуық бала оқиды. Шағын жинақты мектептерді дамыту үшін «Ауыл мектебі» және «Қамқорлық» жобалары жұмыс істейді. Ақтоғай ауданында «Уақытша отбасы» жобасын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Оның мәні шалғай ауылдардағы балалар отбасыларда тұрып, толық жинақталған мектептерде оқи алады. Ал «Мобильді мұғалім» Жаңаарқа ауданында тәжірибелі оқытушыға бірнеше елді мекеннің ШЖМ-не баруға мүмкіндік береді. Өткен жылы 61 ауыл мектебі жаңғыртылды, жөндеу жұмыстары жүргізілді, материалдық-техникалық база мен қауіпсіздік жүйесі нығайтылды.

Облыста қосымша білім берудің жағдайы қалай?

– Бүгінгі таңда 107 мемлекеттік қосымша білім беру ұйымы және 12 жекеменшік ұйым жұмыс істейді. Өткен жылы Ақтоғай, Жаңаарқа, Шет, Қарқаралы аудандарында және Қарағандыда балаларды қосымша дамыту үшін бес нысан ашылды. Сонымен қатар, Қарағанды, Балқаш, Шахтинск, Теміртау, Абай, Осакаров, Бұқар жырау аудандарында 7 балалар технопаркі пайда болды. Қазіргі уақытта Сәтбаев қаласында Оқушылар сарайының жаңа ғимаратының құрылысы жалғасуда. Балаларды түрлі үйірмелер мен секцияларға белсенді тартуға биылдан бастап қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс барлық меншік нысанындағы – жеке және мемлекеттік объектілерде орналасқандығы көмектесті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button