Жаңалықтар

Қазақстандық ғалымға халықаралық жоғары академиялық мәртебе берілді

Nazarbayev University қауымдастырылған профессоры Дамира Қанаева британдық Advance HE ұйымының ең жоғары кәсіби мәртебесі – Principal Fellow атағына ие болды. Бұл марапат оның білім беру саласындағы 15 жылдық еңбегі мен жоғары оқу орындарындағы академиялық көшбасшылығын мойындау болып саналады.

Сурет кейіпкердің жеке парақшасынан

Дамира Қанаева 2011 жылдан бері Nazarbayev University-де еңбек етіп келеді. Ол биология пәнінен сабақ беріп, білім беру бағдарламаларын дамытуға және жас зерттеушілерді даярлауға үлес қосып жүр.

Advance HE – жоғары білім беру сапасын арттыруға және оқытушылардың кәсіби дамуына бағытталған халықаралық ұйым. Оның Fellowship жүйесінде төрт кәсіби деңгей бар. Principal Fellow – солардың ішіндегі ең жоғарысы. Бұл мәртебе оқытушының жеке жетістіктерімен қатар, университеттегі білім беру үдерісін дамытуға және өзге мамандардың кәсіби өсуіне қосқан үлесін бағалайды.

Дамира Қанаева университеттің алғашқы жылдарында сегіз зертхананы біріктірген Пәнаралық аспаптық орталықты басқарған. Сондай-ақ, ғылыми зерттеулер мен докторанттарды даярлауға қажетті зертханалық базаның қалыптасуына атсалысқан.

Ғалымның зерттеулері ауру қоздырғыштары мен биомаркерлерді анықтауға арналған биосенсорларды әзірлеуге бағытталған. Оның ғылыми еңбектеріне 1100-ден астам дәйексөз жасалған. Сонымен қатар, туберкулезді диагностикалауға қатысты патенті бар.

Ашық дереккөздердегі мәліметке сәйкес, Қазақстанмен байланысы бар тағы үш маман – Аида Сағынтаева, Гүлмира Қанай және Елена Калюжнова да Principal Fellow мәртебесіне ие болған.

Айта кетейік, Дамира Қанаеваға бұл атақ 2026 жылғы 27 қазанда берілді. Бұл – қазақстандық жоғары білім беру саласы үшін маңызды халықаралық жетістіктердің бірі.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button