Ресми

Аймақтағы ахуал – қатаң бақылауда

Қарағанды облысында көктемгі су тасқыны басталғалы үш елді мекенде 12 тұрғын үйді су басудың алды алынды және автомобиль жолдарының төрт бөлігінде су жүру жойылды. Мұз кептелістерін болдырмау үшін Нұра өзенінде жарылыс жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ төрағалығымен өткен аппараттық жиналыс барысында мәлім болды.

Жауын-шашын көп жаууына және қар еруіне байланысты 21-24 наурыз аралығында облыста еріген су үш елді мекендегі 12 тұрғын үйге кірген. Бұлар – Теміртауда, Абайда және Бұқар жырау ауданының Көкпекті кентіндегі үйлер. Барлық үйлерден су сорып шығарылды. Үйлер бұзылған жоқ. Уақытында үш адам эвакуацияланып, біраз уақыт туыстарының үйінде болды. Қазіргі таңда олар өз үйлеріне оралды, – деп мәлімдеді облыс әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупа көктемгі су тасқынына қатысты есеп беру барысында.

Қарқаралы және Бұқар жырау аудандарында автомобиль жолдарының төрт бөлігінде су жүрді. Олардың екеуінде қазіргі уақытта қозғалыс қайта қалпына келтірілді. Қарқаралы ауданындағы «Ынталы-Бесоба» және «Талды-Ақбай-Қызылбай» автожолдарының бөліктерінде жолдың беткі қабатын су шайып кеткендіктен қозғалыс шектетілген. Онда қазір жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Мұз кептелістерінің алдын алу мақсатында Нұра өзенінде жарылыс жұмыстары өткізілді. Ғ.Мұстафин кенті мен Бұқар жырау ауданындағы Петровка ауылдары маңындағы автомобиль көпірлерінде 44 келі жарылғыш зат пайдаланылды, – деп хабарлады Анатолий Шкарупа.

26 наурызда Токаревка кентінің жанындағы жаяу жүргіншілер көпірінің маңайында жарылыс жұмыстарын өткізу жоспарланған. Жалпы облысымыздағы көктемгі су тасқынына қатысты жағдай тұрақты. Самарқанд су қоймасында 26 наурыздан бастап су жіберу көлемі секундына 120 текше метрге дейін ұлғайтылған.

Облыс әкімі алдын алу шараларын жандандыруды тапсырды.

Су жүруі мүмкін деген барлық автожолдардың бөліктерін аралап шығу керек. Қажет болған жағдайда қосымша су өткізу құбырлары орнатылуы тиіс. Үйлерге су кетуге жол бермеңіздер. Бізге төтенше жағдайды жою үшін қыруар күш жұмсаудың керегі жоқ. Олардың алдын алуымыз қажет. Су жүретін жерлері тар бөліктерде адамдар мен техниканы көбірек жұмылдырыңыздар. Көктемгі су тасқынына қатысты жағдай – бүгінгі күннің негізгі мәселесі. Қар енді ғана ери бастады, – деді Ерлан Қошанов.

***

Сондай-ақ, аппарат жиналысында мемлекеттік тілдің аймақтағы ахуалы назарға алынды. Аймақ басшысы облыстық тілдерді дамыту басқармасының жұмысын қатаң сынға алып, басқарма жұмысына мүлдем көңілі толмайтынын жеткізді. Сондай-ақ қазақ тілін оқыту, іс-қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізу жұмыстарын қажетті деңгейде ұйымдастыра алмай отырған мекемелер мен өңірлерге қатысты шара қолдануды тапсырды.

Алдымен, басқарма басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова қысқаша баяндама жасады. Оның айтуынша, былтыр жергілікті деңгейде тіл саясатын жүзеге асыруға облыстық және жергілікті бюджеттен – 179,6 млн. теңге бөлінген. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 36,2 пайызға артық сома.

Оның ішінде, 54,2 млн. теңге – мемлекеттік тілді оқытуға, 39,4 млн. теңге – ағылшын тілін оқытуға, 85,9 млн. теңге – мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру, соның ішінде, үштілділікті дамытуға бағытталған шаралар өткізуге жұмсалған.

Биылға қарастырылған қаржы көлемі 183,4 млн.теңгені құрап отыр. Өткен жылмен салыстырғанда 2,1 пайызға жоғары.

Мемлекеттік мекемелердің қазақ тіліндегі шығыс құжаттарының үлесі 89,5%-ды құраған. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 0,5%-ға жоғары. Биылғы жылы бұл көрсеткішті 90%-ға жеткізу көзделуде.

Келтірілген мәліметтерді тыңдаған облыс әкімі басқарма жұмысына көңілі толмайтындығын жеткізді.

Тіл оқытудағы әдістемелік құралдарыңыз, методикаларыңыз сын көтермейді. Мен бір ғана мысал келтірейін, бір әріптесім өз ниетімен, орталықта қазақ тілі мен француз тілін бір мезетте оқи бастады. Базалық француз тілін меңгерді де, қазақ тілін үйрене алмады. Демек әдістемеде шикілік бар. Мен сіздерге айтамын, тілдің дамуы – ұлттың болашағына, елдің келешегіне байланысты. Ал егер біз оған осылай атүсті қарайтын болсақ, қайда барамыз ертең? Елбасы «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деді. Соған қандай ықпал жасап отырсыздар?! Жүйелеп оқыту керек. Мен осы қызметте бір жылдай отырмын, сонда байқағаным, қазақ тілін білмеген адам – сол деңгейде, әлі күнге дейін білмейді. Ал, мемлекеттік тілді білу өзіміздің әріптестеріміздің болашағына аса қажет. Оны осында отырған әрқайсыларыңыз түсінулеріңіз керек, – деген аймақ басшысы саладағы жұмыс нәтижесін қатаң сынға алды.

Сәйкесінше, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруға нақты тапсырмалар берді.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button