Қарағанды облысында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында рейдтік жұмыстар жалғасуда. Санитарлық нормаларды бұзғаны үшін полицейлер жалпы сомасы 35 млн теңгеге 14 мыңнан астам әкімшілік хаттама ресімделген. Бұл туралы Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте мәлімдеді.
Оның айтуынша, қоқысты уақтылы шығармағаны үшін үш мыңнан астам кәсіпкер, 103 ПИК төрағасы және 28 «Үй басқарушыға» айыппұл салынды. Ескертулер мен айыппұлдардан кейін бірқатар ПИК аумақты қоқыстан тазартты, деп атап өтті спикер.
Оның айтуынша, тұрғындар абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін шағымдана алады.
– Облыста аумақты абаттандыру мен көгалдандырудың жаңа ережелері қабылданды. Онда базарлардың, кафелердің, автожанармай құю бекеттерінің және бизнес-объектілердің иелері өз аумақтарында стационарлық дәретханаларды, ал кәріз болмаған жағдайда – биотуалеттерді жабдықтауға міндетті. Мемлекеттік мекемелер ғимараттарының, үй маңындағы аумақтардың, балабақшалардың, мектептердің, ойын алаңдары мен басқа да объектілердің қасбеттерін күтіп-ұстау және абаттандыру жөніндегі талаптардың тізбесі бекітілді және кеңейтілді, – деп түсіндірді Жасқайрат Қайыров.
Ережеге сәйкес көшелердегі, стадиондардағы, вокзалдардағы, базарлардағы, аялдамалардағы, скверлер мен саябақтардағы, сондай-ақ дүкендердегі, сауда үйлеріндегі және басқа да бизнес объектілеріндегі қоқыс күніне кемінде бір рет шығарылуы тиіс.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА