Жаңалықтар

Жағасы алтын, жеңі жез (Жазушы Софы Сматаев хақында сөз)

Жуырда жылдар бойы жинақталып қалған қағаздарымды ақтарып отырып, «Егемен Қазақстан» газетінің 1991 жылдың 22 мамыр күнгі санында жарияланған «Запыран» атты мақалама көзім түсті. Сәл шағындау қаріппен терілген төменгі тақырыпшасы «Софы Сматаевтың «Зар заман» драмасы» хақында» деп аталады екен. Қазақтың үлкен қаламгері Софы Сматаевтың бұл күндері сексен бес жастың сеңгіріне шығып жатқанынан хабардар басым жылдар табымен сарғыш тартқан бұл газет қиындысын аттап кете алмадым. Ол мені осыдан отыз бес жыл бұрынғы күндерге жетелеп әкетті…

Туған ауылы Киіктіде: әке рухымен сырласу

Иә, дәл осы жылдары Шерхан Мұртаза аға еліміздің бас газетінде Бас редакторлық қызмет атқарып жатқан болатын. Ақын Аян Нысаналин әдебиет және мәдениет бөлімінің меңгерушісі, ал, біз – бүгінде ғұлама ғалым Құлбек Ергөбек екеуміз, қарауындағы қызметкерміз. Содан бір күні біз пақырыңызға Бас редактордан «бүгін кешке Әуезов театрында Софы Сматаевтың драмалық шығармасының премьерасы болады, соны көріп жазуың керек» деген пәрмен түсті. Осының алдында ғана Аян аға екеуміз жұмыстан соң елеулі жасқа толып жатқан Тұманбай ақынның үйіндегі қонақтық салтанатқа баратын болып келіскенбіз. Жолшыбай театрға соғып, халқымыз зар кешіп, запыран құсқан заман көрінісін көз алдымызға әкелген трагедиялық туындыны көрдік, әрі қарай тойдың ең қызған шағында ақын үйіне жеттік…

Қазір санап отырсам, бұл Софы ағаның ердің жасы елуге толып, нағыз кемеліне келіп, кербестісіне мінген шағы екен. Енді мақаладан бір үзік келтірейін: «Жазушы-драматург Софы Сматаевтың «Зар заман» трагедиясы ер етегімен сел кешіп, ат ауыздығымен су ішкен сол бір сұрапыл заманның ащы запыранын қозғайды. Қазақ ССР-інің халық әртісі Райымбек Сейтіметовтің куәлігіне жүгінсек, бұл Софы қаламынан аттай жиырма бес жыл бұрын дүниеге келген туынды». Бұл үзік сөздің кереметі – жазылу шеберлігі жағынан әбден шаршысына толған драманы ағамыз уыздай жиырма бес-ақ жасында жазған болып тұр ғой. Қара сөздің хас шебері Шолохов та әйгілі эпопеясының алғашқы томын осы мұғдарда қағазға түсірген. Ол ордалы ойлар орныққан осы шығармасында орыс қауымы бастан кешкен дауылды драмалық шегіне жеткізе сипаттаса, Софы аға әйгілі «Елім-ай» трилогиясында қазақ жұрты бастан кешкен тұтас дәуірді кең тыныс, кемел жүріспен кескіндейді. Талант табиғаты туыстас, дарын болмысы дәнекерлес келеді дегеніміз осы емес пе?! Кім қалай қабылдауды өзі білсін, өз басым қарастырылған кезең мен талқылаған тақырыбының әрқилылығына қарамастан, «Тынық Дон» мен «Елім-айды» шендестіре атап өтуден еш тартынып отырған жоқпын. Мәселе авторлардың қозғаған тақырыбының ұқсастығында емес, қос шығарманың дем-тынысы мен қозғалыс кеңістігі байтақтығымен бауырласып, заманалық панорама жасауында.

Ал, біз сөз еткен «Зар заман» мезгіл суырмасында ондаған жыл сүрленіп барып, сахнаға төріне шыққанына қарамастан, атадан арман болып қалған ел тәуелсіздігіне енді ғана қолымыз жетейін деп тұрған толқымалы шақта замана тілегін дәп басқан туынды болып шықты. Өйткені, аталған драманың да аңсарынан азаттыққа деген арман-леп аңқып тұрған болатын. Ғажабы сол – жазушының жасөспірім кезінде қағазға түсіп, одан бері алпыс жылдан аса уақыт өтсе де, онда қозғалған кейбір проблемалардың қоғамымызда әлі де өзекті екенінде.

Сарыарқаның сірне топырағында дүниеге келіп, жарық жалғанға сол топырақтан дарыған дара қасиеттерімен көз тіккен Софы – тумысынан ақын адам. Оқи бастағаннан-ақ өрме өлеңдей жетелей жөнелетін төгілме тіл, төңкерілген түйдектер – оның шығармашылығының басты ерекшелігі. Прозасы жорғасынан жаңылмайтын жырдай оқылатын мұндай қалам иесі исі қазақта сирек десек артық емес. Құлашын қиянда жатқан байтаққа созған қара сөздің қағаны бүгін де өлеңмен өзектес, жырмен жөргемдес өмір кешіп келеді. Оның проза мен драмадан басқа, құлашын кеңге шапқылатқан, тұмасын тас жартастан атқылатқан рубайлары мен қоғамның ой-шұңқырын қатар қамтыған ой-толғамдарының өзі бір төбе. Ал, тұтас томдарға жүк болған поэма-дастандары мен лирико-философиялық жырлары кәсіптік сыншылардың талайына азық болар қоңды да қомақты дүниелер. Бұған мысал ретінде оның ертеректе жарық көрген, бір дәуірдің жетістігі мен кемістігін қапысыз толғаған «Мен тірімін» атты бір томдық поэмалар жинағын атап айтар едік.

Софы Сматаев – бір желіге байланып қалмай, әдебиеттің әр жанрында, бар жанрында байрағы биіктен көрінген суреткер. Ол – қаламын кең тынысқа жетелеген әңгіме, повесть, романдарын былай қойғанда, ойы тотияйындай ойып түсер рубайлар мен қиянатты қиып түсер қылқапқандай публицистиканың, діттеген жеріне даналық дәнін себетін драмалар мен халқының ғана қамын шегетін жыр-дастандарын толассыз туындатқан жанкешті жазушы. Жұртының жоғын түгендеймін деп, өзінің керегін кері ысырған кеңқолтық, кемел ер. Ел тәуелсіздігін нығайтуда қаламын бір сәтке де құрғатпаған, шындықты айтар кезде бір қадам да шегініп кетпеген шерлі де зерлі қаламгер әлі де әділет жолынан айнымайтын асау мінезіне бағып, ақиқаттың арғымағынан түспей келеді. Сонысымен сүйсінтеді.

Софыекең шығармаларына әу бастан ұлт мұратын, қазақ қамын арқау еткен қаламгер. Ол бұл ұстанымына, тек, шығармашылықта ғана емес, күнделікті өмір сүру салтында да берік болған берен. Ішкенге мәз, жегенге тоқ тұтынушылық әдеттен алты көш алыс жүретін жампоз жаратылыс дүниеауи тәбетті тәрк етіп, басқаның бағын арттыруға барын салудан бір танған емес. «Жұлдызда» қызмет еткен жасаң жылдары қазақ әдебиетінің дамуына, оның шығармашыл жас күштермен толығуына қамқор болса, партияның Орталық Комитетінде жұмыс істеген жылдары қазақ руханиятының үлкен-кіші тұлғаларын қаңқу сөзден, қаңғыма «оқтан» қорғауға барын салды. Сол мінезімен жау да тапты, досқа да кенелді. Өйткені, ол үшін қоразданатын лауазымнан гөрі, қорғауды күтетін шындыққа болысу мұрат болатын.

Осының бәрі денсаулығына да салмағын салмай қалған жоқ. Бірақ, соған қарамастан, тумысынан жазу үшін жаратылған жан қаламын бір сәтке де қалғытпады. Асау ағынға қарсы жүзетін бекіре балықтай айтарын алғаусыз айтып, жазарын жалтақтаусыз жазды. Әрине, еңбек өнімділігі жөнінен қазақ әдебиетінде ұлы Мұхтар Әуезовке тең келер жазушы жоқ. Дегенмен, одан кейінгі жемісі бұтағын майыстырған санаулы саңлақтардың алдыңғы легінде отызға тақау кітап жазған Софы Сматаев тұрғанын мойындауымыз керек. Бұл – жалаң цифр, жадағай жазбалар емес, көркемдік кестесі келіскен, қозғаған мәселесі кеніштен сапалы да салмақты туындылар болатын.

Біреулер өмірге де, өнерге де өз өлшемі, өз көзқарасымен қарайтын Софы ағаны оппозиционер қатарына қосуы да мүмкін. Түбірінен қате түсінік. Біздің билік – қазақ елін көркейтуді мұрат еткен билік. Софы сол мұратты одан әрі айқындай түсейік деді. Біздің ел демократиялы, зайырлы ел. Софы соны одан да әрі демократиялы, одан да әрі зайырлы етсек деп талпынды. Біздің тәуелсіздік – байтағымызды Мәңгілік елге ұластыруды қалайтын тәуелсіздік. Софы соны одан да әрі бекемдеп, баянды етуге шақырды. Бар айырмашылық осы ғана. Сәл де болса жақсара түссін, сәл де болса жаңара берсін деген тілек. Мұны біреу түсініп, біреу түсінбеген болар. Бірақ бір нәрсе анық – жазушы мұраты жалпақ жұртымен де, оның биліктегі ақыиесімен де бірге болатын. Осындайда алаштың бір арыстаны Әлімхан Ермековтің Сәкен туралы айтқан керемет сөзі еске түседі. Ол сөз: Бізге қарсы жағалауда тұрса да Сәкеннің ұлтшылдығы біздікінен де артық еді – деп келуші еді. Кеңес кеңсесінің төрінде жүрген Сәкен ағалардың кезінде алаштықтарға ештеңе бермейміз деп шешім қабылдағанын да білеміз. Сөйтіп, алаш арыстары ақшадан да, басқадан да қағылған. Соған қарамастан, түп мұраты ұлт ұпайын түгендеу болған екі тараптың да есті азаматтары бір-бірінің бағасын біліп, қадірлес болғанына қалай сүйсінбессің?! Софыағаңды да осындай ірілік тұрғысынан түсінсек ед-ті…

Заманымыздың заңғар ақыны Мұқағали Мақатаевтың «Ойлы жас, өлең менің сырласымдай, сырлассам да құмарым жүр басылмай, айтып өткен ақында арман бар ма, жүрегінің түбіне кір жасырмай» деп келетін өлеңін шайыр шығармашылығын құрмет тұтатын әр оқырман білсе керек. Осы тұрғыдан алғанда Софы Сматаев бақытты жазушы. Өйткені, бұл да кешегі айтам дегенін айтып, жазам дегенін жазып үлгерген ұлы Мұхтар Мағауин замандасы сияқты, жазған жілікті дүниелерін қат-қат том қылып, қауымына ұсынып үлгерген ырысты жан. Басқа басқа, дәл Софы сүлейдей «жүрегінің түбіне кір жасырмай» ақтарылған ақын, бапты ағылған жазушы кем де кем шығар. Тон да тозады, торқа да азады, бірақ құрыш қаламмен қашалған сөз қадамын қиырға созбақ, алысқа адымдамақ. Софы саңлақтың қаламы сондай қалам.

Әрине, қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан аяулы аға сексен бес жасқа толған тұста біз айтып жатқан аз сөз – оның шығармашылық әлемінің бір шалғайын да қамти алмасы анық. Замана қалыбына сыя алмай, ұлтының ұлық орнын биіктен көруге асыққан заңғар жазушының көркемдік кеңістігі жөпелдеме лепестің шаруасы емес. Бұйырса, үлкен жазушының әдебиеттегі ұлық орнын кейінгі жас буын – жасампаз буын анықтап, алтын тағына қондыратын болады. Біздікі жазушы ғұмырының белесті сәтіне деген игі ниет, ізгі тілек қана. Сондықтан, бұдан отыз бес жыл бұрын жазылған мақаладан басталған әңгімені сол материалдың «ханның басы қанына қарайған сұлтанның қанжығасында кетті» деген жерінен тартып, елді ауызбіршілікке үндейтін тұсымен тұжырсақ дейміз: «Зар заман» әлеуметті елдікке шақыруымен құнды туынды. Өйткені, кеше керек болған бірлік бүгін де керек. Кеше кескілескен шайқас бүгін де жүріп жатыр. Басын алдырған Әбілқайыр ма, Барақ па? Айырмасы не? Айналып келгенде екеуі де өз бауырың ғой. Кешегінің бәріне салауат, бүгін… бүгін біріңнің басың біріңнің қанжығаңда кетіп қалып жүрмесін, халқым, – деген ой түйесің спектакльді көре отырып».

Алайда, арада ондаған жылдар өтсе де мақалада жазушы шығармасы туғызған алаң-көңіл әлі де өзекті секілді. Жазушының тарих тағылымы тұрғысынан қозғаған ауызбіршілік, алға ұмтылушылық мәселесі әлі шыңдай түсуге шақырып тұрғандай.

Сонымен, шығармалары қауымын бәле-жаланың жұлмыр жебесінен қорғап, ұлттық намыс пен ұлы жігерге жетелейтін жағасы алтын, жеңі жез ағамыз сексен бестің сеңгіріне көтеріліп, жасампаз жұртымен жүздесуді ұйғарыпты. Халқыңызбен қабысып, қалаулыларыңызбен табыса беріңіз, тарлан аға. Сіздің ұлы қаламыңыздан ақтарылған алапат еңбек классик деген керемет атақтан да жоғары болар, ұлы деген сөзден де ұланғайыр ұғымға жетелер. Бастысы – бар болыңыз, халқыңызбен қатар басқан қадамыңыз алыс күндердің белбеуіне ат байлата бергей.

Абзал БӨКЕН,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button