Жаңалықтар

«Кеудемде бір күй шоғын маздатады…»

Софы Қалыбекұлы Сматаев – 85 жаста

ЗАМАНЫМ-АЙ…

Туды-ау заман қиян-кескі,
Ұмыттырып күй, әнді ескі.
Қыс ызғарлы Астанаға
Сарыжайлаудан ұям көшті.

Ескілерім жаңаланбай,
Жаңаларым жана да алмай,
Кетіп барам мұз үстінде,
Тұлпарларым тағаланбай.

Ит-құс қаптап абалаған,
Ұры-қары табалаған,
Өксік даусым іріп кетті
Сарыжайлауын жағалаған.

Итшілеткен күндерім-ай!
Қамап алған індерің-ай.
Күрсінумен күлмедім-ай,
Ырылдаумен үргенім-ай.

ЖҮРЕК – ӘЛСІЗ БАЛАПАН

Күнім ұқсас түніммен,
Бүктеп алып бір мені.
Желмен құсам тірілген
Көктей өткен іргені.

Жаңғырығын жанымның,
Тыңдата алмай ешкімге,
Соңғы арайын таңымның,
Басып қапты кеш мүлде.

Суығанын, қызғанын
Кім біледі кеудемнің.
Бүлінді де,
бұзды әнім.
Кең тынысын сау демнің.

Беріден де әріден
Көлбеңдемес көлеңке.
Тіршіліктің бәрінен
Сыр шертетін – жел ерке.

Тыңдап желді,
құнысып,
Ықтайтын бір пана іздеп,
Бір суынып, бір ысып,
Ойдан бойым қара үзбек.

Саусақ жайып не етемін,
Ілікпесе алақан.
Өтемін де кетемін,
Жүрек – әлсіз балапан.

ҚЫСҚАРДЫМ

Алыстап кеткен кейбіреуді,
Сағынып кейде отырам.
Ұмытып кетсем елжіреуді,
Таңымды қалай атырам.

Шық құшқан шөпті азанда мен
Асықпай аттап баспасам,
Көтере алар ма тажалды дем,
Көмейден төксем басқаша ән.

Әнім де бөлек, таңым бөлек,
Адасып әлде жүрмін бе.
Табылар кім бар жанымды елеп,
Қалмаса сиқы түрдің де.

Алыстап жүрген жақындардың
Әрине мүлде түрі өзге.
Кешегі досым – ақындардың
Ықыласы аумас бір езге.

Езілдім ез боп,
естен тана,
Естімей әнін құстардың.
Қазақтың мұңын шешкен дана
Ұзын ем,
бүгін қысқардым.

ӘЙ, ҚАЙДАМ…

Төрдегінің кердеңінен жеңіліп,
Жердегінің тәлтіректер күйінен,
Әр Алаштың әлсіздігі көрініп,
Шарам қалмай, бармақ тістеп күйінем,
Адасып қап бағзы қазақ биінен.

Өрдегінің өкшесіне ілеспей,
Ылдилаумен көлеңкеде бүрісіп.
Солған жүздің кеудесінде гүл өспей,
Бақ пен соры қабат жатар құнысып.
Озбырлықтың жұдырығы жұғысып.

Аузыңды ашпай, айтарыңды
жұтып қап,
Биіктегі биліктіге жалтақтап,
Көз алартсаң, тар желкеңнен
мытып қап,
Үмітті үзіп кетер төрең, арды аттап.
Кете алмаймын, көне алмаймын
зарды аттап.

Жүре берсек Құдіретке сиынып,
Сипар деумен алақаны маңдайдан.
Жүрекке шер, көкірекке мұң ұйып,
Азаттықтың қашар дәмі таңдайдан.
Сол азаттық жетер ме екен…
Әй, қайдам.

ЖАН ДОСЫМ

Жан досым менің, жақсылап үңіл
жаныма,
Қасымнан ылғи көріне берсең табыла.
Тұлпардай түрім айналып кетсе
тұғырға,
Үздірген жалын теңей бер онда
жабыға.

Керілген басы кегжиіп иек кермеге,
Арық-тұрықты қойғандай байлап
көрмеге.
Шал-шауқан етіп әркімге түсер
сынақ бұл.
Жастықтың сонау қадірін білер
ерге де.

Тереңге сүңгі, тайыздан таппай
ылайды.
Түбіне тартып мөлдірім сонда
сынайды.
Ашыққан жүздің шашылған жадау
күлкісі,
Есіңе салар жоғалған бүгін Күн, Айды.

Ақ шаңқан гүлін сепкенде көктем
бақтарға,
Кеудемді тесіп, төсімді ашып ақтар да,
Асылдай жайнар алтынын жанның
таппасаң,
Қоса сал жасық, керексіз қалған
заттарға.

АЛТЫН БА?..

Алтын ба,
Әлде қола ма,
Бұл ғұмырым, білмедім.
Күз түспей-ақ сола ма,
Суығынан іргенің.

Аспандаған арманым,
Құлдилаумен шөккенің.
Үміт үзіп қалғаным –
Тағдырым ба тек менің.

Қиялымды қияға
Ұшырмап па ем аялап.
Маңдайыма сия ма,
Қонса бақыт саялап?

Тәк-тәк деумен тіксініп,
Кімді, нені жеңермін.
Әлде арқама жүк сіңіп,
Ұлы болам ба мен де елдің.

Сілкіп алып Құдірет
Салса тура жолыма.
Ұстар ма едім бір рет
Шын бақытты қолыма…

КЕРЕК ЕМЕС

Жәрдем таппай Құдайдан да Тәңірден,
Құлағалы тұрса-дағы тар іргем.
Талай жүздің сұрғылт өңін көрсем де,
Кете алмаспын күдер үзіп өмірден.

Мен зорлықтың өрмегінде
шырмалғам.
Орын, торын билік-тірлік құрды
алдан.
Өмір өзі қылғындырып үйретті,
Сыбағамнан талай рет құр қалған.

Озбырлықтың от лаулатқан көзінен,
Өртенсем де,
өшпестей боп төзіп ем.
Жаным жанып жатса-дағы шоғында,
Мен солардың күйкілігін сезінем.

Құдайды да, Тәңірді де елемей,
Мен – перзентпін,
болса-дағы Ел өгей.
Жауыздармен жағаласып өтемін,
Тамсын қаным,
ақсын терім телегей.

Ұрласа да басып, жаншып күнді түн,
Кеудем тола жыртылмастай мұң бүтін.
Иса түспей,
Мәді шықпай қойған соң
Мен айтпасам,
сыбырлайды шынды кім.

Мен Құдайды шақырмаймын көмекке,
Басыр Тәңір енді маған керек пе.
Сіңіп кеткен ашу-ызам, зар, кегім,
Кеудемдегі тасып жатқан кәрі өтке.

КЕЙБІР КЕЗДЕ

Кейбір кезде өмір сүргім келмейді.
Мылқаулар мен басырлардан
жалықтым.
«Жалғыз қалдым! – десем ешкім
сенбейді. –
Ортасында отырып-ақ халықтың».

Өмір сүру – түршігу мен түйсіну.
Түйсінуім бара жатыр таусылып.
Жоғалды ғой әсерліге исіну,
Өз ішімнен өзімді атар жау шығып.

Кетер едім талақ етіп ғұмырды,
Аспан, Жерді сиғызсам да құшаққа.
Тәңір көзі ашпай маған,
жұмылды,
Тоссам ба екен төсті қанды пышаққа.

Қанша ұмтылып, тәуекелге бассам да,
Аса алмаймын кесігінен Тәңірдің
Түндей күннің түнегінен қашсам да,
Қия алмаймын қияметін өмірдің.

Қияметке келмес бірақ көмілгім.

КӨҢІЛІМ МЕНІҢ

Көңілім менің ортаймас, қартайса да,
Жүдеу жаным жамбасқа жантайса да.
Күн зымырап, уақытты ап кетіп жатыр
Ғасырды ұрлап, мезгілім ортайса да.

Жарғақ құлақ жаңылса сыбырынан,
Өмір-өзен таусылар ғұмырынан.
Жан-жағымнан жармасқан суық
қолдар
Жұлып тастар кешегі тұғырымнан.

Асқақтатқан жылдардың шеккен
мұңын,
Мен – пендемін,
Азамат – өткен күнім.
Басқа ұрса да,
көңілім бастырмайды,
Озбырлығын көтермей өктемдінің.

Сөнбес тірлік,
қыбырлап келем әлі.
Жігерімнің жебесі жеңеді әлі.
Жауласқандар түбінде бас шайқайды,
Сөйтпесіне олардың жоқ амалы.

Көңілім менің қартайма,
ортайма да.
Егілме де, берілме өрт ойға да.
Көкке самғап, қанат қақ, кекке бойлап,
Серпіліп қап,
сергек боп, серт аймала.

БӘРІ КЕТТІ

Әлдилеуші ең балаңдай алғаным-ай,
Мен артыңда алаңдай қалғаным-ай.
Жалғыздықтың маңдайға мөрін басты,
Жалғыздықтың үлгісі – Алла, Құдай.

Күлуші ем-ау күлкіңді сорып алып,
Жанарыңа жанымды көміп алып.
Күшағыма енгенде Күн құшушы ем,
Бәрі кетті қызықтың,
соры қалып.

Бәрі кетті,
тірліктің нәрі кетті.
Аяз ұрды сүмпитіп кәрі бетті.
Мәні кетті ғұмырдың,
сәні кетті.
Жүрегімнің созылмай әні кетті.

УАҚЫТ СҮЙРЕЙДІ

Уақыт сүйрейді, билейді
Өзінің ырқына көндіріп.
Кейде бір қамырша илейді,
«Озасың!» дегенге сендіріп.

Көгертіп, жасантып орманды,
Бұлаққа сып-сыңғыр ән берер.
Ұстатар-ұстатпас арманды
Жотаңа жүк қылып өңгерер.

Ай астын күлкіге көмдіріп,
Шуақты шашу ғып шашады.
Сай-сайға тамаша өң кіріп,
Табиғат тылсымын ашады.
Күн сүйіп тотыққан жүзіңді,
Кеудеңе қуаныш енеді.
Гүл жауып шұбырған ізіңді,
Алысың жақындап келеді.

Қыр үні құлақтан құйылып,
Ойыңды, бойыңды ұзартар.
Ал дала жасанып киініп,
Таңымен аспанын қызартар.

Уақыт озады, жазады,
Жанымның жаңғыртып баянын.
…Бойымды шырмады таза мұң,
Бүгінім, ертеңім, баяғым.

НЕСІБЕ ЕТІП

Шіркін менің жоғалған сал
жылдарым,
Қызығы мен думаны мол жылдарым.
Базарымның балқыған ортасында,
Топ-толық боп тұратын
қоржындарым.

Орманым-ну,
мол сулы өзендерім,
Қол қайтармай келуші ед кезенгенім.
Құшағыма гүл қылып қондырушы ем,
Талай жұрттың жыр арнап гөзелдерін.

Бәрі бітті
Уақыт сөндіреді.
Сөндіреді, ырқына көндіреді.
Жабығынан жанымның сығалайтын,
Шаш та, дос та қайтейін селдіреді.

Аттай алмай бүкшиіп өткелдерден,
Өткендермен қоштастым,
кеткендермен.
Кей танысым танымай қалар бүгін
Айғыз-айғыз тілінген бетпердемнен.

Қайығына мінген соң кәріліктің,
Ескегі жоқ ессіздік – бәрі үміттің.
Алатаудың қиясын нұрға бөлеп,
Баяғыдай шықпайды жарылып Күн.

Сағынышы жүректің өсіп, өніп,
Күрсінісім кеудемді тесіп еніп,
Жаз жайлаудың шұбыртып көш
керуенін
Тұл тағдырым қойды ғой несібе етіп.

СЕЗЕМІН

Талтүсті қара перде етіп қараң
Тұсынан түстей алмай өтіп барам.
Қыбырлап қыр асатын көңіл жүрдек,
Әйтеуір кетіп барам, кетіп барам.

Құлаштап жүзе алмаймын көлге бүгін.
Арта алмай ауыр, жеңіл белге жүгін,
Бәрібір «Өте – дейтін – парызыңды!»
Сеземін жылы лебін ел демінің.

Сеземін алақанын арқа сипар,
Қысса да зар заманым, зар ғасырлар.
Таяққа сүйенсем де тоқтамаймын,
Аяулы жұртым барда арды асылдар.

АЙТА АЛМАЙ ӘУЕНІМДІ…

Айта алмай уілдейтін болбыр әнді,
Көмейдің көміп тастап ысылына.
Шертемін шерге толы домбырамды,
Қысастың қыңсылаумен қысымына.

Қос шектің – күлкісі мен күрсінісін,
Отырам өзек жара саумалаумен.
Лекілдеп өкінішті құр тынысым,
Аңырап кетіп жатыр Тау, Даламмен.

Шықпайды сыңғыр әуен өңешімнен,
Иекті дірілдетіп өкінішім.
Кетпейді аңсатумен әлі есімнен
Бесігім,
тар босағам – бекінісім.

Домбырам жан ыңқылын боздатады,
Тау-тасқа тыңдатады құлақ қылып.
Кеудемде бір күй шоғын маздатады,
Қаламын содан кейін бір-ақ тынып.

…Кебінін кер заманның лақтырып.

БІЛМЕЙМІН

Мен сенемін,
Мен көнемін бәріне,
Тағдыр соған басқа ұрумен үйретті.
Көз қадауды дағдыландым әріге,
Сал бөксемді сор тірлігім сүйретті.

Қиянатын тартсам-дағы ғұмырдың,
Аша алмадым қас «достардың»
қылмысын.
Етегіне жармассам да тұғырдың,
Биігіне шығармастан тұр мүсін.

Кеуде керіп, төс қақпадым күшеніп,
Асқарыма асықпай бір жетермін.
Жатса-дағы тас кеудемде кісі өліп,
Сол өлікті тірілтем деп өтермін.

Үміт шіркін ілгеріге үңілтіп,
Бұлаңдатып сонау алдан бір отты.
Мүмкін әлде жақсыларды түңілтіп,
Қас маңдайым қабылдар ма сұр оқты…

…Тәмамдар ма ғұмыр дейтін – срокты.

Софы СМАТАЕВ

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button