Балқаш қаласында Қазақстан Республикасы полициясы күніне арналған мерекелік салтанатты жиын жоғары деңгейде ұйымдастырылып, құқық қорғау саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларының кәсіби мерекесі қала жұртшылығының қатысуымен ерекше сән-салтанатпен өтті.

Салтанатты жиында алғашқы құттықтау сөз Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаевқа берілді. Қала басшысы өз сөзінде полиция қызметкерлерінің қоғамдағы рөліне тоқталып, заң үстемдігін қамтамасыз ету мен азаматтардың қауіпсіздігін қорғаудағы қажырлы еңбектеріне ризашылығын білдірді.
Мерекелік жиын аясында үздік қызметкерлер мен сала ардагерлерін марапаттау рәсімі өтті. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің ІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалі Балқаш қаласы полиция бөлімі патрульдік полиция ротасының қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты Санат Нұрланбекұлына табысталды. ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторлары Ербол Еркінбекұлы мен Руслан Нұрлыбекұлына, патрульдік полиция ротасының қызмет инспекторы Ернұр Қанатұлына, учаскелік полиция инспекторы Бахтияр Абенов және патрульдік полиция ротасының қызмет инспекторы Берген Бекенов марапатталды.
Қарағанды облысы Ішкі істер органдары ардагерлер ұйымының «Ардагерлер қозғалысына көмектескені және атсалысқаны үшін» төсбелгісі полиция ардагері Қалық Аяшбековке табыс етілді. Балқаш қаласының қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысып, әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін қала әкімінің Құрмет грамотасымен Досжан Маратұлы, Бибігүл Жамантайқызы және Айгерім Қайратқызы марапатталды. Сонымен қатар, Әділетті Қазақстан құру жолындағы табысты еңбегі мен қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқаны үшін Балқаш қаласы әкімінің Алғыс хаттары Бауыржан Амангелдіұлына, Аслан Бағдатұлына, Бексұлтан Ерланұлына, Мадияр Нұрболұлына, Оңғар Уатханға және Жаныбек Жақсыжолға табысталды.
Мереке барысында Балқаш қаласы әкімдігі тарапынан полиция бөлімінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында компьютер, принтер және кондиционер алуға арналған сертификаттар сыйға берілді. Сыйлық сертификаттарын қабылдау үшін сахнаға Балқаш қаласы полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Азамат Сметов шақырылды.
Салтанатты бөлім «Арай» квартетінің орындауындағы «Елім деп соқсын жүрегің» әнімен жалғасын тапты. Кейін құттықтау сөз алған Балқаш қаласы полиция бөлімінің бастығы Азамат Сметұлы полиция қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы ортақ еңбектің маңызын атап өтті.
Мерекелік жиында Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының грамотасы патрульдік полиция ротасының қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты Бауыржан Төлеубаевқа табысталды. Ал, облыстық полиция департаменті бастығының Алғыс хаттарымен Мират Болатжанұлы, Азамат Бейбітұлы және Алишер Тубеков марапатталды. Сонымен қоса, Қазақстан полициясы күніне орай көп жылғы мінсіз қызметі мен кәсіби шеберлігі үшін сала ардагерлері марапатталып, сый-сияпат жасалды.
Сондай-ақ, «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысып, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне үлес қосқан Анар Адамбекова мен Толқын Батталова Балқаш қаласы полиция бөлімі бастығының Алғыс хатымен марапатталды. Шара барысында Балқаш қаласы полиция бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеузада Махметов сөз сөйлеп, әріптестерін мерекемен құттықтап, полиция қызметінің қоғам үшін маңыздылығына тоқталды.
Салтанатты жиын концерттік бағдарламамен жалғасты.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ



