Руханият

Саябақтағы сәулелі сәт

Жаздың жаймашуақ кешінде адамдардың ынта-аңсары сыртқа ауып тұратыны жасырын емес. Бүгінде кешқұрым Орталық саябақта сейіл құрып, серуендеген халықтың қарасы қалың. Дәл осы серуенші қауым күні кеше өнер мен поэзияның ғажайып сиқырына куә болды. Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық Орталық саябақта ақындар отбасы Ерқанат Кеңесбекұлы мен Салтанат Смағұлтегінің «Жырла, жүрек» атты ән мен жыр кеші өтті.

Суретті түсірген Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ

Қара өлеңнің қадірін түсінетін қарағандылықтар бұл кешке көптеп жиналды. Өлеңге сусаған халық жыр мен әнге қатар бөленіп, мағмұрланған күй кешті. Кештің сәнін келтірген «Tattimbet Band» ансамблінің сүйемелдеуімен заманауи әндер шырқалып, ақшам жамыраған шақ ғажайып поэзия кешіне ұласты.

– Бүгін бір тамаша поэзия кеші өтті. Кезінде Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Мұхтар Шаханов сынды ақындар үлкен стадиондарда жыр кештерін өткізгенде, халық нөпірі ерекше болатын. Ол да болса поэзияға деген ықыластың, рухани құндылыққа деген құрметтің белгісі еді. Бүгінде құндылықтар өзгеріп, талғам түрленгенімен, саябақта осындай поэзия кешінің ұйымдастырылып, халықтың рухани сусындағаны қуантады, – деді Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жанат Жаңқашұлы.

Айтулы өнер кешіне жергілікті қауыммен қатар, еліміздің өзге өңірлерінен де қаламгерлер арнайы ат басын бұрды. Астанадан ақындар Олжас Сәндібек пен Асантемір Қаршыға, Кереку өңірінен Өзгеріс Қуанар келіп, көзайым болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – алғашқы қанатқақты жоба. Алдағы уақытта мұндай рухани кештер жалғасын тауып, өңір ақын-жазушыларының шығармашылығын дәріптеуге бағытталған тұрақты мәдени шараға айналмақ. Саябаққа серуен іздеп келген жұрт жыр тыңдап, әнге елітіп, рухани әсермен тарқасты. Арқа төсіндегі ақшамда жүректер жырмен тербелді.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button