Сөз зергері

Қазақ әдебиетінің жанрлық тұрғыда өркендеуіне зор еңбек сіңірген кемел жазушы, талантты суреткер Софы Сматаев ұлтымыздың мақтанышына айналды. Ол «Құрмет», «Парасат» ордендерінің және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының тұңғыш иегері атанды. Жазушының алғашқы кітабы – «Астана оттары» (1968) атты өлеңдер жинағы. Содан бергі уақытта ол әр жанрдағы көркем туындылардан тұратын 25 томдық шығармалар жинағын жарыққа шығарды. Қаламгер туындыларына тек өзі білетін өмір шындығын арқау етті. Әңгіме-хикаяттарының басты кейіпкерлері де – өз замандастары. Оларды қоғам және адам арасындағы қайшылық тұрғысынан көркем суреттей алды. Оған дәлел – «Алау», «Аймаңдай» шығармалары. «Алғашқы асу» хикаятында ол өткен ғасырдың бас кезінде қазақтар бастан кешкен ауыр тұрмыс-тіршіліктің көркем суреттерін жасауға ұмтылды. Аштықтан, қуғын-сүргіннен мезі болған елдің қоныс аударуы, оларды қуып, қолға түсіріп қайтару, жазалау оқиғалары сол дәуірдің ащы шындығына сүйене жазылған. Кейін ол бұл тақырыпқа қайта оралып, «Ақжелкен» атты роман жазды.
ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары «жылымық» аталатын кезең туып, белгілі дәрежеде қаламгерлердің еркіндік алғаны тарихтан мәлім. Ел мен жер, халық тарихы арқылы өмірдің бұралаң, қайшылықты даму сырларын көркем әдебиетте бейнелеп көрсету мүмкіндігі туды. Ілияс Есенберлин, Әнуар Әлімжанов, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев сияқты қаламгерлер қазақ тарихының сан қатпарлы сырларына үңіліп, тың тақырыптағы романдар жазды. Осы қаламгерлермен қатар қазақ тарихы тақырыбына қалам тербеп, сол топтың алдыңғы легінде «Елім-ай» атты шығармасымен көзге түскен Софы Сматаев болатын.
Шындығына келгенде, қазақ халқының қалғып кеткен ұлттық намысын оятып, өз тарихына басқаша көзбен қарауға мәжбүрлеген Ілияс Есенберлиннің «Қаһары» мен Софы Сматаевтың «Елім-айы» болды. Ол қазақ тарихының мәселелерін зерттеп, тарихи тақырыпта тың туынды жазуға ұзақ дайындалды. Соның нәтижесі «Елім-ай» – оның тұңғыш романы. Бірінші кітабы 1978 жылы, екіншісі 1980 жылы жарық көрді. Ауыз әдебиеті мен тарихи деректердің бай қазынасына сүйене жазылған бұл шығармада қазақ елінің ХVІІІ ғасырдағы қоғамдық-әлеуметтік жағдайын, тұрмыс-тіршілігін, салт-санасын, ұлттық дәстүрін кең ашып көрсете отырып, атамекенді басқыншы жаудан қорғап қалудағы батырлар мен халықтың күресін көркем тілмен жеткізе алды. Қазақ халқы тарихындағы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталған қанқұйлы заманның болмыс-бітімі шығармада кең тыныспен баяндалды. Сол дәуірдегі қазақ-қалмақ қатынастары және оған қатысқан батырлар мен ел басшыларының өмірін, еңбегін кейінгі шығармаларына да арқау етті.
«Елім-ай» – жазушы сайын сахараның ойы мен қырына, көлі мен шөліне, туған халқына, оның ұлттық дәстүріне, салт-санасына, мейлінше бай тіліне, дала төсіндегі қыбырсыз қорған-қорымдарда үнсіз жатқан ата-баба рухына табынған сүйіспеншілігі», – деп жазды сыншы З.Серікқалиев.
Жазушы болу деген сөз – жазғыштық емес. Қоғамдық болмысты, тіршілікті көркем суретпен көру болар. Сондықтан да тарихи тақырыптың қиындығы – әр кейіпкердің жеке басына лайық сөйлеу мәнерін тап басып тануда да жатыр. «Елім-айдағы» кейіпкерлер шешен сөйлеуі арқылы сол заманның реалистік бітімін қаз-қалпында елестетуге мүмкіндік береді. Шығармадағы жүзден астам кейіпкердің әрқайсысына әрекет теліп, ауыр жүк арқалатып, үлкен арнаға топтастыру арқылы қадау-қадау оқиғалардың жүйесін табуда суреткерлік шеберлігі танылды. Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ прозасының ендігі буынының көш басында «Елім-ай» романының авторы – Софы Сматаев тұратыны сөзсіз» деген тұжырымы – соның айғағы. Кезінде «Елім-ай» трилологиясын оқып шыққан Дінмұхамед Қонаев Софы Сматаевқа: «Мұхаңның «Абай жолынан» кейін сондай кесек туындылар жазылмай кетті деп аузымызды қу шөппен сүртіп келдік қой. «Халқым! Елім!» дейтін жүрегіңді таныдым, таптым, ұлым. Ұлым дегенімді дұрыс ұқ, Софыжан. Тарихқа адалдық сендерде, жазушыларда болғаны қандай жақсы. Мұхаң, Есенберлин, енді сен қазағымның жоқтаушыларысыңдар. Іздедіңдер – таптыңдар», – деп, үлкен аталық мейіріммен бағалаған екен. Бұл секілді саф алтынға сатып ала алмайтын қымбат бағалауды естіген жазушылар санаулы ғана.
Софы Сматаевтың 2015 жылы жарық көрген «Мұңлы ойлар» атты философиялық ой-толғаулары – даналық мазмұндағы терең туынды. Поэтикалық нұсқада жазылған Жарылғап батыр туралы романы және әз Жәнібек ханның уәзірі болған қасиетті Мейрамсопы бабамыз бен Қаракесектің ұранына айналған қасиетті Қарқабат анамыз туралы «Мейрамсопы – Қарқабат» атты сыр-дастаны көркемдігімен, тілінің өткірлігімен ерекшеленеді.
Софы Сматаев – әдеби шығармашылығы арқылы да, азаматтық тұлғасымен де әркім өз ұлтын қалай сүю керектігін дәлелдеген талант.
Жандос ҚОЖАХМЕТҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы, профессор



