«Айка» — аяр қоғамды әшкерелеуші

Сонымен, әңгіменің түптөркіні – «Айка» фильмі. Қазір Қазақстанда көрсетіліп жатқан әлеуметтік драма Қарағанды кинотеатрларын да шарлап жүр. Атақты кинотуындының атын шығарған – қазақстандық актриса Самал ЕСЛЯМОВА фильмнің басты рөлін сомдап, 71-ші Халықаралық «Канн» кинофестивалінің «Үздік актриса» аталымын жеңіп алғаны баршаға мәлім болса керек. Одан кейін де бірнеше халықаралық фестивальдің жеңімпазы атанды. Біз бірден кино мазмұнын ашып тастағаннан гөрі, «Канн» фестивалі төңірегіндегі әңгімеге бір тоқталып өтсек те артық емес.

Жартылай түсірілімнен – жеңімпаз танылған

Әлемдік прокатқа шығып кеткен әйгілі туындының режиссері Сергей Дворцевойдың заты орыс болғанымен, Қазақстанның тумасы екенін білетін шығарсыздар?! Былтыр Мәдениет және спорт министрінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында режиссер мынадай бір қызық жайды жайып салғаны есімізде. Оның айтуынша, кинофестивальдің іріктеу кезеңіне фильмнің тек жартылай дайын материалы ұсынылған.

  • Фестиваль тарихында мұндай оқиға бірінші рет болыпты. Осылайша, бізге жартылай дайын материалды көрсетуге рұқсат берді. Соның өзінде Самалдың әртістік өнері қазылар алқасын таң қалдырды. Фильмді қарау аяқталғаннан кейін залдан шығып, төменгі қабатқа беттедік. Сол кезде бұрылыста алдымыздан бір әйел шықты да, Самалды құшақтап алды, сосын екі минуттай қолын ұстап тұрды. Сөйтсек, ол қазыларға жетекші болған Кейт Бланшет екен. Марапаттау салтанаты өткен соң, ол кісі «біз фильмді көрген кезде-ақ үздік деп шешкенбіз» деді. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Фестивальден соң «осы рөлді дәл осындай шеберлікпен Ресейдің қай актрисасы ойнай алар еді» деген әңгіме айтыла бастады. «Айка» фильмін түсіру басталғанда Самал кейіпкер образын алып шыға алмайды деушілер де болған. Бірақ, режиссерлік түйсік деген бар, мен Самалдың рөлді алып шығатынына сенімді болдым, – дейді режиссер.

Естеріңізге сала кетсек, «Айкада» Қазақстан, Ресей, Германия, Польша мен Қытай сияқты бес елдің қолтаңбасы бар. Яғни, киноөнім – осы бес елдің бірігіп түсірген жобасы. Бірақ, туындының арқауы – қырғыз қызының тағдыры. Өнерге шекара қоя алмайсыз. Жоғарыда атағанымыздай, кино толық түсіріліп бітпей жатып, «Канн» кинофестивалінің басты байқауына шақырылған. Іріктеушілер толық түсіріліп бітпеген фильмнің алғашқы 40 минутын көргеннен кейін, бірден оны кинофестивальге қатыстыруға шешім қабылдап қойған. Басты қаһарман – біздің Самал. Қазақтың ғана емес, әлем жұртшылығының көзайымы. Ал, сценариін жазған Геннадий Островский «бітпеген картинаның «Канн» кинододасынан табылуының өзі көп жайтты аңғартатынын» айтқан. Түсіру тобы болса, аталмыш картина кинофестивальге қазылардың сұратуымен тек 17 мамырдың кешінде ғана жеткенін айтады. Фестиваль 19 мамырда мәреге жеткендігін ескерсек, бұл – өте үлкен тәуекел ғана емес, шаппайбердің өзі болған деген сөз.

Әйел – адамзат тағдыры

Германияның Коттбус қаласында өткен халықаралық кинофестивальдің бас жүлдесін иеленіп, алдыңғы ондыққа ілігіп барып, «Оскардың» босағасынан қайтқан фильм бүгінде күйіп тұрған әлеуметтік тақырыпқа құрылған. Мәскеу перзентханасында босанған қырғызстандық эмигрант – Айканың екінші атын «Тағдыр» деуге әбден болады. Тағдыр ма, талапай ма деп тағы ойлайсыз. Себебі, өз елінен пана таппай, өзге елге өтіп кеткен эмигрант – әйел заты. Осы тұрғыдан алғанда, терең психологияға құрылған туынды. Біз біле бермейтін қалтарыстары көп әйел психологиясы. Самалдың шеберлігі де осындай нәзік те терең шиеленістерді аша білгендігінен қылаң берген, біздіңше. Жүрегің болса, көңілің босамай қалмайды. Тіпті, ауыр тигендіктен, «осынша қасіретті көрсетіп не керек?!» деуіңіз де мүмкін. Сөйтсек те, қаны аққан шындық. Оны ұлы өнер дәрежесіне көтерген режиссер мен актриса Самал! Әйтпесе, жалаң шындық – өнер бола алмайды ғой.

«Бәлен жерде алтын бар, басына барса бақыр да жоқ». Алданып қалып, жат жерде босанған – эмигрант Айка. Мойнында Мәскеуге келе салып алған қарыз ақша бар. Аяқ-қолын бауырына алысымен, сәбиін перзентханаға тастап, қарызын қайтармаққа әрі нәпақа табуға жұмысқа орналасады. Жалғыз емес, бір топ қырғыз қыздары мен әйелдері. Жатқан жерлері де жайсыз бір пәтер… Дегенмен, жұмыс табылып, бір жерде тауықтың жүнін жұлады Айша. Меншік иесі уәдесінде тұрмай, алдап соғады. Әлгі ақша бергендер тықақтап қарызын сұрай береді. Жас босанған әйелдің омырауы қоса сыздайды. Әйел заты алған психологиялық ауыр соққы мен терең күйзеліс. Елге қайта ала ма? Қайтса, баланы қайда, қалай қалдырады? Ақшаны қайтармаса, әлгілер апасының он саусағын кесіп алып, конвертпен өзіне сыйға тартпақшы. Тығырыққа тірелген шарасыз Айка әлгі қарыз орнына сәбиін бермекке бекінеді. Қарыз берушілер құп алғанмен, Айка баланы қайта оралып, құшағына алғанда, іші-бауыры елжіреп сала береді. Қимайды. Бейшара әйел затының әрі қарайғы тағдырын айтып отырудың өзі ауыр-ақ… Фильм психологиялық жағынан аса күрделі әрі ауыр трагедия. Айка – әлеуметтік саланың бетпердесін сыпырушы сияқты. Әйел тағдыры – адамзат тағдыры дегенге саяды басқа тақырыптарын қаузамағанда.

Режиссер бұл тақырыпты кездейсоқ таңдамаған. Бір жерден 250-ге тарта қырғыз келіншегі өз балаларын Ресей перзентханаларында тастап кеткені туралы дерек оқып қалады. Бұл оған қатты әсер етеді. Қазақстанда өскен Сергей үшін бұл – мүмкін емес жағдай. Орта Азия елдеріндегі әйелдерге тән қылық емес. Ал мұнда екі жүзден астам әйел… «Осы оқиғаның себебін зерттегім келді, зерттей келе, осы тақырыпта фильм түсіруге бел байладым» депті бір сұхбатында Сергей. Сол сияқты, бізді «шет елдерде қанша қазақ әйелдері мен сәбилері шарасыз қалып жатыр екен?» деген сұрақ мазалауы тиіс қой…

Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»