Бас тақырыпЖаңалықтар

Айбынды әскер – айшықты шара

Елордамыздың 20 жылдығына орай жер-жерде ұйымдастырылған іс-шарада есеп жоқ. Елдің еңсесін тіктеп, үлкен аманат арқалаған шаралардың бірі – бес күнге созылған республикалық «Айбын – 2018» әскери-патриоттық жастар жиыны 21 шілде күні өз мәресіне жетті.

Жабылу салтанатына ҚР Қарулы Күштерінің Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласов, облыс әкімі Ерлан Қошанов, ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері арнайы қатысты.

Жабылу салтанаты жиынға қатысушы жас патриоттардың «Жас сарбаз – мәңгілік ел қорғаны» атты музыкалық-хореографиялық қойылымымен ашылды.

 Естеріңізге сала кетейік, жиын аясында инновациялық идеяларға құштар жастардың робото-техникалық «Менің роботым» жарысы, білімділер мен ізденімпаздардың ойөрісін шыңдайтын «Айбын дарыны» зияткерлік сайысы, «Голосящий Айбын» мега-арт фестивалі өткен болатын. Сол шаралар мен қолданбалы әскери-спорттық және әскери далалық спорттық тактикалық ойындары бойынша нәтижелері анықталып, жеңімпаздар марапатқа бөленді.

Жиын жарыстарының қорытындысына сәйкес, «Жас ұлан» республикалық әскери мектептері арасында жалпы командалық есеп бойынша III орынды Кеңес Одағының батыры, генерал Сабыр Рахымов атындағы Шымкент «Жас ұлан» республикалық мектебінің командасы, II орынды Шоқан Уәлиханов атындағы Семей қалалық ерлер мектебі, I орынды Кеңес Одағының батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы «Жас ұлан» республикалық мектебінің командасы еншіледі.

Әскери бөлімдердің әскери-патриоттық клубтары арасындағы бәсекеде III орынды Сарыөзек гарнизонының «Жас десантшы» әскери-патриоттық клубы, II орынды Отар гарнизонының «Жас қыран» әскери-патриоттық клубы, I орынды «Шығыс» әскери-патриоттық клубы қанжығаларына байлады.

Жастар жиынының аймақтық әскери-патриоттық клубтары арасында жалпы есеп бойынша, III орын Астана қаласының «Жас Бүркіт» командасына, II орын Батыс Қазақстан облысының «Жігер» клубына, I орын Павлодар облысының «Қайсар» әскери-патриоттық клубына бұйырды.

Әскери қолданбалы спорт түрлері мен зияткерлік сайыстар бойынша ең үздік нәтиже көрсеткен жиын қатысушысы, Қызылорда облысы «Қызылорда» айбындары ӘПК мүшесі Бекзатхан Қалмырзаевқа «Айбыны асқақ Жас Сарбаз» жүлдесін генерал-майор М.Таласов табыстады.

Сонымен, «Айбын – 2018» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынында жалпы командалық есеп бойынша жеңімпаз атанған, Бас жүлде иегері Павлодар облысының «Қайсар» ӘПК командасы. Облыс әкімі Е.Қошанов жүлдені өз қолымен табыстап, жиынның жабылу салтанатымен құттықтады.

 – Баршаңызды «Айбын – 2018» жастар жиынының жабылуымен қарағандылықтар атынан құттықтаймын. Сіздер әскери тәртіппен танысып, көп достар таптыңыздар. Бұл жиында жеңілген ешкім жоқ. Жеңімпаз – біреу. Ол – сіздердің рухтарыңыз. Сіздер, жас сарбаздар, Отан қорғау жолындағы алғаш баспалдақтан өттіңіздер. Жинаған тәжірибелеріңіз алдағы сынақтарда үлкен көмек болады. Сіздерді келесі жылы 5 жылдықта қуана күтеміз, – деп ағынан жарылды облыс әкімі.

 Жеңімпаз команда биіктен көрінгендеріне бек қуанышты. «Айбынның» туын аспанда желбіретуге дүйім жұрттың алдында ант берді.

Генерал-майор Мұхамеджан Таласов облыс әкіміне алғыс білдіріп, жиынның сәтті аяқталуымен құттықтады.

«Айбыны асқақ – Жас Сарбаз» жүлдесінің иегері Бекзатхан Қалмырзаев жиынның туын салтанатты түрде түсірді. «Айбынның» әнұраны шырқалды.

Осылайша, «Айбын» абыроймен аяқталды. Жас сарбаздардың елі мен жеріне деген махаббаты асқақтады. Келесі жылы айшықты шараға – бес жыл.

Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button