Баған

Адам мен абсурд

Ой көзімен қарағанға қазір әлем тұйыққа тірелді. Адамдардың бір-біріне уақыт тауып, көңіл бөлуі былай тұрсын, өзінің ішкі рухымен жеке қалуға уақыты жоқ. Мүмкін, керісінше. Әлеуметтік желі, ғаламтордан сыртқы әлемге көп мән береді де, қасындағы шын өмірдің қадіріне жетпей жатады. Адамзат керек десе, бірін-бірі сағына алмайтын заман. Бәрі тез, асығыс, шапшаң өтуде. Көштен қалмауға тиіссіз, әйтеуір. Жанталас.

Жалпы адамзат тынымсыз шапқылап, үздіксіз жүгіруге жаралған ба өзі? Доп қуғандарға экраннан бәйгі тігіп, көзі алайып кетті елдің. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін футбол мен саясаттың әңгімесін шемішкеше шағады. Доп қуып алаөкпе болғаннан гөрі, адамзат үздіксіз дамуға жаралған сияқты еді ол баста. Рухани және материалдық тұрғыда. Себебі, адамзат пайда болып, сөйлеу мәдениетіне жеткенге дейін бірнеше дәуір ыммен өтіп кеткен деседі. Ымдасуға да, сөйлесуге де жетелеген әуелі рух пен сана. Бірақ, біздің рухымызды қазір ғылыми прогресс игіліктері басып кеткен жоқ па? Дүниенің бәрін виртуалды қабылдап, техникалық тұрғыда ғана дамымау керек шығар? Адам өзі ойлап тапқан жаңалықтың соңынан еріп кеткені сонша, өзінің ақыл мен мейірім иесі екендігін естен шығарып алады кей жағдайда. Техникалық игілік, цифрлы дамусыз болмайды, әрине. Бірақ, олар толық адамның орнын ешқашан баса алмайды ғой. Сенің сыртқы мәдениетің мен материалдық тұрғыда жеткен жетістігіңнен ой-өрісің мен сана-сезімің озып тұрмаса, адам сыйқың қайсы? Парасат пен пайымды популистік (танымалдылық) ығыстырғалы Абай айтқан «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» деген бес дұшпанымыз «семіріп» болғанын мойындау керек шығар бір мезгіл. Бойымызға жұқтырған бұл әдеттер де «дамудың» (асқынудың) шегіне жетті, білем. Сананы тұрмыс биледі, рухты әлеуметтік желілер тоғытқан ақпарат тасқыны шырмаса, қалған бос кеңістікті қызмет пен лауазым көксеген түпсана (эго) қымтап алған. Қысқасы, уақыт жоқ. Адам иісін шығаратын ізгі қасиеттерге. Карантин келіп ептеп баяулатқандай болды уақытты. Оны айтасыз, ар, ізгілік тұрмақ, өз бойымызға сын көзбен қарау үшін оңаша қалуға уақыт жоқ. Карантин келгелі ел арасында дыр-думан тыйылып, әркім кітап оқып, өзіне көңіл бөліп, руханиятқа мән беру жүре бастады. Індеттің өзін ізгілікке пайдаланады рухани бай адам. Ол баста неден өршігенін қайдам, біреулер жаһандық саясат, біреулер биологиялық тазарту деп сан саққа жүгірткенімен, бұл кесел адамзатқа «бір мезгіл байыз тап, отыр, ойлан. Кеше кім ең, бүгін кімсің, ертең кімге айналасың? Жаппай той тойлап, абсурдпен (мағынасыздық) кете берсең, өзіңді қойшы, ұрпағыңды жұтып қоймайсың ба?» деген Алланың ымдауындай сезіледі. Өзіме, қоғамға нендей іс қылдым деп күніне, аптасына, тым құрыса, айына бір өз-өзіңнен есеп ал деген Абаймен түйіндейміз тағы:

«Кім жүрер тіршілікке көңіл бермей?

Бақи қоймас фәнидің мінін көрмей

Міні қайда екенін біле алмассың

Терең ойдың телміріп соңына ермей».

Ол бастағы өз болмысынан, негізінен алыстаған сайын сана адаса бастайды. Үлкендердің «Пайғамбар заманына бір табан жақын» дейтіні соны төркіндейді. Салт-дәстүрдің темірқазық саналатыны да содан болуы бек мүмкін. Ақылды ұлттар өркениеттің өзіне сол салт-дәстүрінің желкесіне шығып барып қол артқан жоқ па?

Жәнібек ӘЛИМАН,

облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің  бөлім меңгерушісі.

Басқа материалдар

Back to top button