«Адам бол» көрерменге жол тартты
Кеше «Сарыжайлау» кинотеатрында қазақ топырағынан бастау алып, джунглидің экзотикалық табиғатында түсірілген «Адам бол» фильмінің премьерасы өтті. Халықаралық деңгейде көрсетілетін алғашқы Голливудта түсірілген отандық картина Қазақстан мен Нигерия мәдени ынтымақтастығының нәтижесінде жүзеге асты. Арнайы Қарағандыға ат басын бұрған шығармашылық топты көрермен жылы қабылдады.
Өмірде қандай жағдайға тап болсаң да адам болып қалуға үндейтін фильм Қазақстанда ғана емес, Нигерияда, сонымен қатар бүкіл Африка құрлығында Netflix Africa және Prime TV танымал платформаларында көрсетілуде. Жаңа фильмнің 80 пайызы Нолливудта түсірілген. Киноға отандық мамандармен бірге танымал киноиндустрия продюсерлері, режиссерлері, сценаристері мен операторлары атсалысты.
– Кино шығару саласынан Нигерия яғни, Нолливуд – бұл қазіргі таңда Болливудтан кейін екінші орында тұрған мемлекет. Жылына 2,5-3 мың кино түсіреді. Сондықтан, біз Нолливудпен бірлесіп, локацияларын пайдалану арқылы копродукция жасағымыз келді.
«Адам бол» фильмі – Қазақстан мен Нигерияның алғашқы бірлескен жобасы болғандықтан, біздер үшін үлкен мектеп. Ең алдымен, біз мәдениеттер арасындағы олқылықты жойып, жалпыадамзаттық құндылықтарды көрсетуге тырыстық. Бұл – киноиндустрияның жаһандануға келгені, – дейді «Адам бол» фильмінің режиссері Алмас Әлімжанов.
Жалпы фильм сюжеті кездейсоқ Африкаға барған үш жігіттің басынан кешкен оқиғасы төңірегінде өрбиді. Таршылық көрмей өскен байдың ерке баласы әкесінің нұсқауымен, іссапармен Америкаға аттанады. Қасына достарын ертіп алған ол ойдажоқта Нигериядан бірақ шығады. Жігіттер өзге елдегі адам ұрлығы, аборигендер рәсімдері, қатыгез джунглиге тап болған кейіпкерлердің өмірі жайлы ойлана бастайды.
– Netflix платформасына шығару басты мақсатымыз болды. Фильм түсірілгенімен, екі түрлі монтаж жасалды. Бізбен қатар нигериялықтар монтажы қосылды. Өйткені, олардың қалжыңы бізге түсініксіздеу болуы мүмкін. Біздің де әзілді олар түсінбеуі мүмкін.
Жалпы, фильмде отбасылық құндылықтар, әке мен бала арасындағы қарым-қатынас та баяндалады. Меніңше әке мен бала тақырыбы – бітпейтін әңгіме. Ол бізде ғана емес, бүкіл шет елдерде де бар мәселе, – дейді фильмнің бас продюсері Қымбат Досжан.
Фильмнің сценарийі жарты жыл жазылса, түсірілім жұмыстары небәрі бір айға созылыпты. Комедия элементтерімен қатар экшн жанрында түсірілген фильмге қазақстандық актерлер Қуаныш Құдайберген, Рауан Романи, Рысқұл Қонақбаев, сонымен қатар Нигерияның танымал актерлары Чимези Имо, Чарльз Окоча түскен.
– Фильмде елім-жерім деген мықты жігіт, қызықтыратын персонаждың бірі –Тоқтар деп ойлаймын. Картинада қазіргі таңда көп бағаланбай кеткен қарапайымдылық, кішіпейілділік, үлкенге құрмет, кішіге ізет, күпірлік жасамау деген ізгі қасиеттерді көрсетуге тырыстық. Үлкен тәжірибе алмастық. Африкандық әріптесіміз «Адам бол» фильміндегі рөлі үшін «Жыл аталымы» сыйлығымен марапатталды. Бұл – барлығымыз үшін үлкен қуаныш. Берілген рөлді жоғары деңгейде сомдап шығу актердің басты міндеті, – дейді актер Рысқұл Қонақбаев.
Продюсерлердің айтуынша, «Адам бол» – қазақстандық киногерлер үшін үлкен тәжірибе. Ең алдымен ол шығармашылық топ үшін қолайсыз қатты ыстық ауа райына бейімделу әрі халықаралық интеграция мәселесін сақтай отырып, ынтымақтастықта жұмыс істеуге үндейді. Сонымен қатар, бұл – қазақтандық көрермен үшін жаңа әрі қызықты жоба.
Жаңа туынды 16 мамырдан бастап, Kinopark-Kinoplexx кинотеатрлар желісінен көрсетілуде.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz