Жаңалықтар

Абыз

Ол – АБЫЗ! Нағыз!
…Ұлытау – Ұлттың ұясы. Сол қа­сиетті топырақта аңыз бен ақи­қаттың көмбесі бар. Замана бетін бұр­ды Ұлттың ұясына! Ұлы көш керуен тартты Ұлы бесікке!
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлы­тау төріндегі толғанысынан ақи­қат­пен үндес астар, елдікке етене емеу­рін танығанбыз. Мүлгіп кеткен едік, ояндық. Ұлы даланың ұранындай әсер етті Елбасы толғанысы.
Осылайша, елдің бағына, елдіктің кепіліне айналған тарихи тұлға – Елбасына алғашқы болып бата берген аузы дуалы, сөзі уәлі қария бар Ұлытауда. Ол – аңыз бен ақиқаттың алтын көпірі. Тоқтамыстың Қойшыбегі! Қашан көр­сең де, «Алаш!» деп айбарланып, «Ерден!» деп еңселеніп жүргені. Алтыны – боққа, Абызы – жоққа тән алдамшы қоғамның аш бөрілері алжығанға балайды Қойшекемді. Қа­сіретіміз – осында. Бұл – тоқсанның бесеуіне таяқсыз жеткен қарияның емес, қоғамның дерті.
… «Алаш!» деп атойлауға дайын тұрамыз. Сол Алаш бабаның кім екенін байыптап көрдік пе? Әй, қайдам… Ал, Қойшыбек қария ұлт рухының түп тамырын Ұлытаудан іздеп, Алаш бабаны дала патшасы деген байлам жасайды. Тоқтамысұлының тоқтамы – бұл! Дәлелдейді. Құлақ асып, ден қойып жатқан жан баласын таппады. Жазып жүр. Көз жүгірткен тағы ешкім болмады. Амалы құрыған Абыз жоқ. Алқынбайды да… Өйткені, оны Алаш рухы қолдайды.
…Жақында қолыма Қойшыбек ақ­сақалдың «Дала патшасы» атты кі­тапшасы түсті. Иә, көлемі – шағын, айтары – телегей. Сол кітапша маған тұтас Алаш жұртының түп-тұқиянын түгендеген киіз кітаптай көрінді.
Құлағыма Ұлытау төріндегі Алаша хан күмбезінен күңіренген үн жетті. «Алаш! Алаш! Алас! Алас!» дегендей… Қасиетті баба қасіретті ұрпағын аластап жатыр. Есеңгіреп барып, еңсе тіктесем, аманат-үнді жеткізуші ға­сырға қадам басқан Қойшекем екен.
Әлгі «киіз кітабының» соңғы сө­зінде Абызым: «…Бұл – менің соңғы сөзім. Жас болса  – ғасырға жа­қындады. Қайтсем ұнаймын демедім. Кәрілік шығар, «Алаш!» десем, өзіме бір рухани серпін ке­ліп, өлмейтіндей көремін. Әрине, бұл алжығанның шат­пағы емес. Сонымен:
Өткенді де ұға алмай,
Тірінің тілін оны алмай,
Шындық кәдеге аспай қалғанда
Өтірікті де айта алмай,
Кәрі жанды жүрмін
Босқа әурелеп осылай», – депті. Меніңше, бұл – түңілу емес, түлеу. Бірақ, соңғы сөзіңіз бұл болмасын, ақсақал. Билікке сөзі өтпеген қа­риядан, базардағы бөзі өткен саудагер қадірлі болып тұр ғой, аға… Қайтейік, енді?!
Ол – АБЫЗ! Нағыз!

Ерсін МҰСАБЕКОВ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button