Мәселе

«Ағып кеткен» асфальт

Қарағандылықтар жылда көктемде еске түсіретін әзіл бар: «Қарағандының асфальты қар суымен бірге ағып кетеді». Күн райы жылы қабақ танытуы сол екен, биыл да кейбір көшелердегі ойық-шұқырдың беті ашылды. Көлік біткен жүруден қалды. Дегенмен, қалалық әкімдік те қарап отырмайтынын мәлімдеді. Шұрықтесік жолды жамап-жасқайды.

Көктем лебі сезілгелі Қарағанды қаласының әкімдігі шаруаны ширатты. Соңғы күндері шаһардан тонналап қар шығарып, мұз оюға кірісті. Көше жағалай арықтарды аршып, бөгеттер тұрғызуда. Нөсер кәріздері тазартылуда. Бұл шаруада проблемалы жерлерге көңіл бөлетіні туралы қала әкімі Мейрам Кожухов өзі де айтты.

– Былтыр біз он бес жылдан астам уақыт күрек тимеген нөсер кәріздерін тазартуға кірістік. Биыл ең проблемалы аймақтарға ден қоямыз. Кеншілер даңғылында екі нөсер кәріз құбыры қатар жатыр. Өткен жылы біреуін тазаласақ, екіншісіне тазалау жұмыстарын жүргізуді биыл жоспарлап отырмыз. Жыл сайын су басатын Тәттімбет, Мұқанов, Өркен көшелері бойындағы жеке секторда жұмыс істейміз. Мұнда да нөсер кәрізі бар. Су қабылдағыштарды тазалап, қалпына келтіреміз. Сондай-ақ, былтыр біз Күзембаев көшесіндегі орталық коллекторды Майлин көшесіне дейін тазарттық. Бұл учаскеде жер астындағы құбыр жарылып, канализация істен шықты. Мұның бәрі жөнделді. Биыл да Майлин көшесінен Жарыс көшесіне дейін тазалаймыз, – деді әкім.

Суреттерді түсірген автор.

Ал, «ағып кеткен» асфальтқа келер болсақ, жолдың ой-шұқыры тегістеледі. Қаланың коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі таратқан ақпаратқа сүйенсек, жолдарды ағымдағы жөндеуден өткізу бойынша конкурстық процедуралар жүріп жатыр. «Конкурс тәмамдалғанша жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында уақытша іс-шаралар қолға алынады» делінген ақпаратта.

Еріген қардың ізімен еріп шыққан тағы бір мәселе – аңғал-саңғал құдықтар. Маңайындағы мұз кеткен соң кәріз құдықтарының да ернеуі ашық жатқаны көрініп қалды. Бүгінде «Қарағанды Су» ЖШС құдық маңын бітеп, тегістеумен айналысып жатыр.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Суреттерді түсірген автор.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button