Ақындар жарқылдады жай оғындай

Сәкен Сейфуллин мерейтойының құрметіне ұйымдастырылған халықаралық ақындар айтысының екінші күні де біртуар тұлға атындағы облыстық қазақ драма театры көрерменге  аузы-мұрнынан шыға толды. Жыр додасын «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен С.Сейфуллин қоғамдық қорының президенті, мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов жұртшылықпен бірге тамашалады. Алғашқы жұпта сахнаға айтыс дүлдүлдері Бекарыс Шойбек пен Мұхтар Ниязов шықты.

Кешегі сөз майданынан «тірі» қалғандары ғой бұл күнгілер. Бекарыс Жеңішбек Тоқтабек атты қырғыз ақынымен шыққанын айтқанбыз, газеттің өткен санында. «Алтын домбыраны» екі мәрте жеңіп алған Мұхтар қарағандылық Айтбай Жұмағұловпен айтысып, қырғын болған. Айтбай ақын да есесін жібермеген, десе де, шаршы топта ширығып, бауырынан жараған Мұхтар сәл ғана басымдық танытты. Бұл жолы Бекарыс Мұхтарға «Сен кеше Сәкеннің бауыры Айтбайдың түріне тисетіндей, өз түрің оңып тұр ма еді?» деген сыңайда «соқтықты». Мұхтар болса, «Айтбайды сан айтыста өзің де талай сөзбен түйреп ең, ондай сұмдықты да сенен үйренгенбіз, әйтпесе, ол ағамды жақсы көрем» деп құтылды. Екеуі кеше ғана айтысты ашып берген Ерлан Қошановтың Президент Әкімшілігіне басшы болып кеткенін тілге тиек етіп, жыр көрігін қыздыра білді. Мұхтар ақын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биліктегі жүз күнін термеледі. «Қырғыздың «автомат» ақыны (Жеңішбек) атқанда өлмедің, бұрын «киллер» ең, енді «терминатор» болдың. Жабылып әліміз келер емес» дегеніне Бекарыс ұтымды жауап берді: «Арыстың снарядының ішінен келген адам автоматтың атқанына өлуші ме еді?» деп салды. Сәкен бабаны да ұмытпады екеуі. Мұхтардың «Сәкен деген қайтадан атқан таң ғой, Атқан таңға шырақтың керегі жоқ» дегені Ғалым Жайлыбайдың «Рух» өлеңінен туған ойға ұқсаса да, тауып айтылған сөз еді.

Өміржан Көпбосынов пен Жұлдызай Маратбек қыз бен жігіт айтысын жасады. Бір күн бұрын Жұлдызай Мақсат Ахановпен сөз сайыстырған. Қазір қазақ даласында Мақсат ақын секілді қыз бен жігіт айтысын жасайтын ақын жоқ десе болғандай. Екеу болса – бірі, біреу болса – соның өзі Мақсат. Бір күн бұрын Жұлдызайды Нұрмұхаммед атты інісіне келін қылып алып беруге көндіргеніне ел куә. Өміржан да сол тақырыпты шиырлады. Арқаға келін болса, қалың малын еселеп айдататынын әдемі-ақ кестеледі жырмен. Өміржан «күн сайын қайынағасымен айтысатын бұл неткен батыр келін» деп әзілдеп, ол жауап тауып, қыз бен жігіт айтысы өрбіді.

Бауыржан Ширмединұлы мен Жандарбек Бұлғақов жырдан дауыл түтетті. Бауыржанның осының алдындағы айтысын өткен санда жаз дық. Ал, Жандарбек ол жолы Дидар Қамиевпен қырғын айтыс жасаған. Екеуі де мен деген айтыскер, бір-бірін сөзбен түйреп баққан. Жандарбектің басым түскен тұстары да болды. Дидар да осал ақын емес. Жандарбек бұл жолы да салды бар өнерін. Сөзі – шымыр, ойы – құнарлы. Қадап-қа дап айтып, нысанаға дәл тигізеді. Жандарбектің тілінде поэзиялық сипат бар, меніңше. Ұтып тұрғаны – содан. Жүрдім-бардым ұйқас жоқ. Жеке тоқталуға тұрарлықтай өнері. Сөз саптасы байыпты. «Опырып он мың тұяқ өтсе-дағы, жусаны қисаймайтын жер екенсің» деп бейнелейді Сарыарқа топырағын. Асан қайғы бабасына келіп тұрған жоқ па? Қарсыласы Бауыржан ақынның батырша киінгеніне, дембелше тұлғасына тиіскені де қыран-топан күлкіге қалдырды елді. «Үстінде он бес кило шапаны бар, Басында тоғыз кило бөрік тұрған. Қарқаралы басындағы арша құсап, Төбесінен бір шашақ өріп тұрған» деп сөз берді. Бауыр жан да осал жау болған жоқ, бірақ. Сөз саптасында, өлең құрауында азмаз кемшіліктер кетіп жатқанымен, Бауыржан – сахнаны билей алатын ақын. Бұзып-жарып, бұрқанып жырлайды. Жандарбектің «төрт чемодан арқалап не көрінді (киімі көптігін айтқаны)» дегеніне «Төртеу деп шатаспа, алты чемоданым бар, қалған екеуіне екі туфлиімді салып әкелдім» деп жауап қатты. Батыр тұлғасын, зорлығын осындай образбен асырды.

Бауыржан «айтыстан жоғалып кетіп, қайта шықтың ба?» десе, Жандарбек «отызымда түлесем айып па, Нұрғали атам сексенге келіп, өмірді енді бастап жатқан жоқ па?» деп күл кіге қарық қылды. «Бұрын орысша білмеген аштан өлсе, енді қазақша білмеген өлу керек» дегені Сәкеннің «Орыс, француз тілдерін білген адам қандай бағалы болса, қазақ тілін білгендер одан да бағалырақ болу керек» деген тіл туралы ойымен ұштасып жатты. Жандарбектің ұтып кеткені – «Қазақстан көп ұлтқа ортақ Отан болса, қазақ тілі де ортақ тіл болу керек» дегені. Сүйінген ел кемі бес минут қол соққан шығар. Халықтың көкейіндегі түйткілді осыдан-ақ аңғаруға болар. Мұндай қошемет бұдан кейін Мақсат Аханов пен Нұрмат Мансұров айтысында қайталанды. Елдің таңдауы осы екі айтыс болғанда, қазылар шешімі де сол арнада үндескеніне кейін біз де қуандық.

Айбек Қалиев пен Дидар Қамиевтің айтысы да халықтың ықыласына бөленді. Қырғызстандық Жеңішбек Тоқтабек пен қытай қазағы Бүркітқазы Әділбек қандасымыз да тәп-тәуір сөз сайыстырды. Төлеген Жаманов пен Әсем Ережеқызы қыз бен жігіт айтысын жасады.

Нұрмат Мансұров пен Мақсат Ахановтың айтысына жеке тоқталғанды жөн көрдік. Қыздармен айтыста құстай түлейтін Мақсат ақынды бұл жолы жаңа биіктен көрдік. Бипаздай бастап, аспандап бір-ақ көтерілді. Қалай дегенде де, Мақсаттың өнері – жоғары бағаға лайықты сырбаз өнер. Поэзиялық иірімге бай, күтпеген бұрылыстар жасай алатын машығы және болжаусыз. Қыздай майыстырып әкеп, қамырдай илейтіні тағы бар.

Нұрмат бізге о баста Рүстеммен айтысқаннан ұнаған. Сөзі салмақты. Сыр өңірінің Сәкен атындағы ауылынан екен. Сәкенді әр қырынан келістіре жырлаған – осы жігіт. Сәкен елінен шыққан жігіттердің көбінен мұның жырлағаны басым түсті. Себебі, Нұрмат ақынның ел айта бермейтін қырларына тоқталды. Әсіресе, оның ел басқарып тұрғанда ресми бұйрық шығарып, Затаевичке қазақтың мың әні мен мың күйін жинатқанын Нұрмат қана айта алды. Күйшілігін де білдірді. Басқа бірде-бір ақын айтпаған қырлары бұл Сәкеннің. Мақсат екеуінің айтысы қалың көрерменді тәнті етпей қоймады. Оның үстіне, айтыс үстінде екеуі қазақтың салты – құда түсуді орнымен жаңғыртты. «Төрт қызыңның бірін менің төрт ұлымның біріне бер» деген Нұрматқа Мақсат жөн білгендік танытты. Ауылына атамның атын бергенде, бір қызымды аяп не көрінді деп, жолдан жығылмады. Нұрмат «мыңжылдықтың ізі салынғанда, Сәкен ауылына Октябрь ауданының емес, Әлихан ауданының тұрғыны болып кел» дегенде, халықтың мейірі қанды. Сөйтіп, екі ақын кейбір керауыздар бөліп жүрген Сәкен мен Әлихан арасын тұтастырды. Қиялмен жақындатты. Айтыстың бұдан да басқа қырлары жетерлік еді. Біз Мақсаттың бір-екі ұтымды шумағымен ғана қайырғалы отырмыз:

Жалғанда жан бар ма екен

 менен ғаріп,

Бойыма жүргенменен өлең дарып.

Белгісіз себептермен биыл тағы,

Әлихан ауданынан келе алмадық.

Октябрь ауданынан келіп тұрмын,

Онымды отыр, міне, ел аңғарып.

Жақсы хабар болар деп

 үш жыл болды,

Жаңалықты күтеміз елең қағып – дегенде, ел көңіліндегі ойды дөп басқан ақынға алақанын аямай соқты-ай бір!

Қорытынды сөзді «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек сөйледі. «Қарағанды халықаралық айтыс өткізу үшін кездейсоқ таңдалған жоқ. Мұнда Сәкен Сейфуллин дүниеге келген. Бұл өнер түрі үлкен қолдауға ие. Айтыс халыққа өте жақын. Біз ақындар арқылы адамдардың көңіліндегісін білгіміз келеді. Мәдени және рухани жаңғыру, дәстүрлерді сақтау – біздің саяси доктринамыздың бір бөлігі» – деді ол.

Сонымен, қазылардың шешімімен Бас жүлдені қос жүйрік – Мақсат Аханов пен Жандарбек Бұлғақов теңдей бөлісті. Екеуінің әрқайсысы екі миллион теңге қаржылай сыйлықтан қанжығалады. I орынды Өміржан Көпбосынов пен Бауыржан Ширмединұлы алып, 1 миллион теңгеден бөлісті. Дидар Қамиев, Мұхтар Ниязов және Төлеген Жаманов ІІ орыннан көрінсе, III орынға Айбек Қалиев, Бүркітқазы Әділбек, Әсем Ережеқызы, Бекарыс Шойбеков және Нұрмат Мансұр тұрақтады. ІІ орын және ІІІ орын иегерлерінің әрқайсысы, тиісінше, 500 және 300 мың теңгеден сыйақылар иеленді. Сәкен Сейфуллин қорының арнайы сыйлығы – қырғыз ақыны Жеңішбек Тоқтабекте. Айтыстың ең жас қатысушысы Жұлдызай Маратбекке Асанәлі Әшімов қорының арнайы сыйлығы табысталды. Ақын-жазушы, мемлекет және қоғам қайраткерінің мерейтойына орай, Бауыржан Байбектің, сондай-ақ, бірнеше ақынның өңіріне Сәкен қоғамдық қорының «Сәкен» медалі тағылды.

Жәнібек ӘЛИМАН,

«Ortalyq Qazaqstan»