Қарқаралы

“Ақылды” көлік жуу орталығы

Жастар бастамашылығын қолдау мақсатында аудан әкімінің тарапынан жыл сайын грант бөлініп отырады. Еңбекке бейім, ынталы жастардың бизнес жоспарлары қолдау тауып, қомақты қайтарымсыз қаражаттың иесі болады. Сондай кәсіпкердің бірі – Аман Хасен. 2018 жылы аудан әкімінің жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту және қолдау грантын ұтып алған болатын. Грант – 2 млн 800 мың теңге көлемінде. Нәтижесінде, заманауи үлгіде көлік жуу орталығын салды. Аталмыш әлеуметтік нысанның ашылуына барған аудан басшысы Халел Мақсұтов:

– «Жас келсе, іске» деген. Қайратты да жігерлі жастарды мемлекет қолдауда. Осы орайда, аудан бюджетінен арнайы қаражат бөлініп келеді. Нәтижесі жаман емес, жас кәсіпкерлердің қатары көбейді. Ісі алға басты. Халықтың сұранысына сай нысандар ашылуда. Бастысы, жұмыссыздық деңгейі төмендеді. Жастардың жаңашыл идеясына қамқорлық таныту – мемлекет саясатының басым бағытының бірі, – деді. Ауданда тұңғыш рет «ақылды» көлік жуу орталығын ашқан кәсіпкердің ісіне береке тіледі.

Көлік жуу орталығының ерекшелігі арнайы автоматты қондырғы – терминалға қажетті қаражатты салып, берілген уақыттың ішінде өзіңіз көлігіңізді жуып аласыз. Елбасы Жолдауында айтылғандай, әлемдік нарыққа жол бастап отырған «ақылды технология» еңбек өнімділігінің артуына ықпал етіп отыр. Біріншіден, уақыт пен еңбек күші үнемделеді. Екіншіден, әр тұтынушы өз қалауынша қызметті пайдаланады. Автоматты қондырғы төрт, яғни, таза су, көпіршік, шаңсорғыш және қолмен жуатын қызмет түрлерін көрсетеді.

Сағыныш ӘБІЛ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button