Ақылға сыймайтын, жүрек сенбейтін қаза…

Өлім тұрмақ, жамандыққа қимайтын жан еді Базекең!

Әріптес, қызметтес болдық. Аға-қарындас ретінде сыйластық. Үйренетін адами құнды қасиеттері көп болатын…

Жалғандыққа жаны төзбейтін ақ-адал аға еді. Инженерліктен журналистикаға келгендіктен бе, көпірме көп сөзден аулақ, айтарын қадап айтып, жазар ойын оймақтай етіп жаза салатыны, өлеңінде де, өмірде де қоңыр үнімен, қоңыр тіршілігімен есімізде мәңгі қалды…

Мысты өңірде 40 жылға жуық еңбек етті. Осы аралықта үлкенге ізетті іні, кішіге арқа сүйер аға бола білді…

Базарбай Әлеуханұлы туралы өткен шақта айту өте ауыр… Оның ағалық қамқорлығы, жанашырлығы бөлек әңгіме…

Соңғы оншақты жылдың мұғдарында жүрегіне, жанына түскен салмақ аз болмады.

Осы аралықта не көрмеді: бірге жүргендердің сатқындығын да, аярлығын да көріп бақты… Өсектің өртіне күйді… Жұмысынан заңсыз шығып қалған кезі де болды. Соттасты. Ақыры өзінің күрескерлігімен, қайраткерлігімен соттасып жеңіп, қызметіне қайта кіріскен… Сөйтіп, жұмыр басты пенденің көтере алмас «жүгін» де артты. Салдары қант деген бәлекетке әкеліп соқты. Ақыры жанын жегідей жеген жара мен қант есіл ердің жүрегін осылайша тоқтатып тынды…

Жезқазған өңіріндегі PR журналистиканың іргесін қалап, тележурналистердің шоғырын қалыптастырған тәлімгеріміз, қайран күрескер аға, бақұл бол!

Артында қалған Бағдат жеңгеміздің, балалары Тілеген, Шыңғыстың қайғыларына ортақпын…
Ағамыздың алды пейіш, арты кеніш болғай… басқа не дейін…
Ажалға қарсы не шара?!

Мақпал ОРЫНБЕТОВА,
журналист

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.