Руханият

Ағаштан түйін түйген

Қарағанды қаласының Майқұдық Мәдениет үйінде кейінгі бір жылда Қылышбек Жұматұлы Құрмантегінің «Атамұра» ұлттық қолөнер орталығы жұмыс істеп келеді. Ол қолының ебі мен икемі бар балаларды ағаш пен темірден халқымыздың қолөнер және зергерлік бұйымдарын жасауға баулып, үйретумен айналысады.

Cуреттерді түсірген автор

Бүгінде жасы алпысты ал­қым­дап қалған Қылышбек – қасиетті Баянауыл өңірінің тумасы. Оған бұл өнер бабасы, заманында Арқа атырабына аты жайылған ұста Құлмағанбет Байбақыұлынан (1827-1893 ж.ж.) дарыған. Ол ту­ған жері Торыайғыр ауылында орта мектепті бітірген соң Ресейдің Санкт-Петербург Сурет академиясының қолданбалы өнер факультетін аяқтап, 2013 жылдан бері шәкірт тәрбиелеумен шұғылданады. Ел жағында жүргенде тәлімін көрген олардың алды өмірден өз орындарын тапса, ұлдары Еркебұлан мен Марғұланның Астана қаласында өз шеберханалары бар.

– Мен осы орталыққа талабы бар жеткіншектерді қабылдаймын. Әуелде олардың саны 60 болса, содан іріктеліп 20 бала қалды, – дейді Қылышбек. – Олар­ға ағаштан түйін түю мен те­мір илеудің қыр-сырын талмай үйретудемін. Балалар сандық, кебеже, ожау, астабақ, ат әбзелдері, домбыра жасаумен қатар жүзік, сақина, сырға, шолпы, салпыншақ соғу ісін де біртіндеп меңгеру үстінде.

Тіпті, оның айтуынша, бұл ор­талыққа қызығушылар өзге аймақтардан да баршылық екен. Мысалы, ұлытаулық Серік, Ерғазы дейтін оқушылар жазғы демалыс айларында осында болып, көп нәрсеге қолдары жаттығыпты. Енді екеуі өз ауылдарында қолөнер шеберханасын ашпақ болып, ұста жабдықтарын сатып алған деп естиді.

Майқұдық Мәдениет үйіндегі Қылышбектің 30 шаршы метрлік шеберханасында балға мен бізден бастап, шапқы, үскі, түрпі, бұрғылау, жону, сүргілеу аспаптары мен станоктарына дейін бар. Бояудың түр-түрі де жеткілікті. Тек қолыңа ал да, іске кірісе бер. Бірақ «Жетектеп қосқан тазы түлкі алмас» дегендей, ол үшін адамда табиғат берген дарын мен қабілет болу керек. Қылышбек ұстаз да бірінші кезекте осыны ескереді. Алғашқы күннен әр баланың талабы мен қадамына осы тұрғыдан қарап, сәл талпынысының өзін қолдап, көтермелеп отырады.

Қазірде шәкірттері оның айт­қандары мен үйреткендерін қа­ғып алып, тапсырмасын қалт еткізбей орындауға тырысады. Шеберхана бөлмесінің қабырғасында ұстаздарының жағалай ілінген мадақ-марапаттарына да көздері қанығып, одан да асқан шебер болсам деп ойлайды. Соның ішінде, оның «Экспо – 2017» көрмесінде күміс медаль, 2017, 2018 жылдары Орта Азия елдері қолөнершілері арасында өткен сайыста 2 алтын медаль, 2018 жылы Монғолияда тағы бір алтын медаль алғаны туралы дипломдары мен осы биыл Қазақстан Рес­публикасының Мәдениет және спорт министрі А.Оралов берген Құрмет грамотасы да бар. Әсіресе, Омбы мұражайының қоймасында жатқан жерінен ағасы Алтынбек тауып алып, осында әкеп іліп қойған ағаш ожаудың орны бөлек. Оны бабасы Құлмағанбет ұста 1883 Омбы қаласында көрмеге шығарғанда оны Буланже деген француз фотографы шырт еткізіп, суретке басып алған да екен. Соның көшірмесі де қолында. Қылышбек сондықтан да әр ісін бастаған сайын соларға қарауды әдетке айналдырған. Міне, сол бабасынан жұққан қасиетін кейінгі ұрпаққа аманат етіп, өзіне лайық ізбасарлар әзірлеп шығарудан басқа мақсаты да жоқ оның.

Ержан ИМАШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button