Мәселе

Аңқасы кепкен ауылдар азаяды

Аймақтағы барша бұқара санаулы жылдардан соң тұщы судан тарықпауы тиіс. Осы күні облыста сусыз кенересі кепкен 176 ауыл ауыз суға жаруы керек. Бұл түйінді мәселенің күрмеуін кешіктірмей шешу жөнінде қазан айында Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қадап айтқан. Өңір үшін өзекті проблеманың жіті назарға алынуы туралы да арнайы тапсырма берген-ді. Дегенмен, облыстың су мәселесін түбегейлі шешер күн, алыс емес секілді. Өйткені, жыл соңына дейін өңірдің орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылуы 95 пайызға жетеді. Бірер жылда бұл көрсеткіш 100 пайыз болады деген батыл болжам бар.

Облыстағы 176 ауылда таза су жоқ. Биыл 37 елді мекенге таза су беріледі. Басқа ауылдарды көп созбай сумен қамту қажет. Соңғы жылдары Балқаш көлі күрт тартылып барады. Еліміздің орталығын сумен қамтамасыз ететін Сәтбаев каналының техникалық жағдайы мәз емес. Білікті мамандармен бірлесіп, осы екі мәселені мұқият зерттеуді тапсырамын, – деген болатын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына сапарында. Негізі, Президент ауыз су жүйесі туралы жиі айтады. Бұған дейін де тапсырмалар беріліп, бүгінде оның да нәтижесіне  бұқара куә.

Айталық, облыс халқын сапалы ауыз сумен және су бұрумен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында биыл «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасымен 27 жобаны іске асыруға 13 132 740 мың теңге бөлінді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда бюджеттік инвестициялар көлемінің 15,9 пайызға ұлғайғанын көрсетеді.

Осы бөлінген қаражатқа 234 шақырымнан астам су құбыры мен кәріз желілерін салу, реконструкциялау жоспарланған екен. Оның 104 шақырымы қалаларға, 129 шақырымнан астамы ауылдарға тиесілі.

Су құбырының жаңғыруы жұртшылықты сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мысалы, осындай ілкімді жобалардың арқасында 8 қаладағы халықтың орталықтандырылған ауыз сумен қамтылуы 92,2 пайызды көрсетеді. Бұл дегеніміз – облыстың 891 505 мың тұрғыны. Жылдың қорытындысына бұл көрсеткіш 98,5 пайызға жетеді дейді ресми деректер.

Мемлекет басшысының ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау үшін биыл қалалық сумен жабдықтау жүйелерін дамытуға 7 667 428 мың теңге бөлінді. Ол қаражатқа 104,5 шақырым су құбыры және кәріз желілерін салу және реконструкциялау көзделген.

Ауылда тұратын ағайынның осы күні 91,4 пайызы орталықтандырылған жүйеден су ішіп отыр. Ол – 208 120 адамы бар 349 ауыл.

Орталықтандырылған су жүйесі жоқ ауылдың 81-інде жерасты суының қоры нақтыланған. Яғни, су желісін тартуға негіз бар.

Биыл ауылдық елді мекендердегі сумен жабдықтауға 5 465 312 теңге қарастырылған. Аталған қаражатқа 129,6 шақырым су және кәріз желісі тартылды. Сонымен, жыл соңында таза су тұтынатын ауыл адамдарының үлесі 92,4 пайызға жетеді.

Қарағанды облысындағы ірі жобалардың бірі – «Жарлы-Қарқаралы» су құбыры. Бұл су құбыры құрылысында 38,2 шақырым болса, оның 21 шақырымына құбыр төселіп, желі тартылды. Бұқар жырау ауданы, Қаражар ауылдық округінің Асыл ауылындағы ауыз суды шешу үшін инженерлік желілер дайындалып, іске қосу-жөндеу жұмыстары басталды. Сондай-ақ, Шет ауданы Бұрма ауылында да су құбырының 90 пайызы тозығы жетіп тұрғанын талдаулар анықтаған. Сол талдау-зерттеу арқылы 24 шақырымға жуық су құбырының 20 шақырымы ауыстырылды. Ауылға су алдағы жылы келеді. Бұл құрылыстың мәреге жетуіне аз қалды. Соның арқасында 1300 адам ауыз судан кемдік көрмейді.

Деректерге жүгінсек, тоқсаныншы жылдары облыстағы ауылдың көбі орталықтандырылған ауыз сусыз еді. Өткен ғасырдың 50-60 жылдары салынған су жүйесі де тозып тұрған-ды. Бұл күнде мұның бәрі бірқатар мемлекеттік бағдарламалар арқылы шешімін тапты. Мысалы, 1992 жылы облыстағы ауылдардың орталықтандырылған суы бары тек 32 пайыздың шамасында болса, бүгінде ол үлес 92 пайыздан астам.

Осы орайда шалғай ауылдардың аузын тұщы суға жеткізген «Ауыз су», «Ақ бұлақ», «Нұрлы жер», «Өңірлерді дамыту», «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламалары екенін атап өткен абзал.

Ал алдағы уақытта, дәлірек айтқанда, 2023-2025 жылдары жүзеге асуы тиіс 19 жоба Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігіне ұсынылған. Оның құны – 6,3 м млрд. теңге. Сонымен, 2025 жылдары облыс тұрғындарын 100 пайыз сумен қамту жоспарда.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button