Балқашта қоғамдық көлік тегін
Бүгін Балқаш қаласында мәслихат депутаттарының сайлауына орай қоғамдық көліктер тұрғындарға тегін қызмет көрсетіп жатыр. Қала ішіндегі барлық бағыт бойынша қатынайтын автобустарда жол жүру ақысыз.

Бұл игі бастама тұрғындардың сайлау учаскелеріне еркін әрі кедергісіз жетуіне қолайлы жағдай жасау мақсатында қолға алынған. Балқаш қаласының әкімдігі көлік компаниясымен келісімге келіп, сайлау күні қоғамдық көліктерде тегін жол жүруді қамтамасыз етті.
Қала әкімі Саян Мұратұлының айтуынша, өз учаскелеріне жету мәселесі бойынша хабарласқан қарт адамдарға да ерекше қолдау көрсетіледі. Еріктілердің көмегімен оларға арнайы автокөлік жіберіледі.
– Сайлау күні автобус тегін жүріп, елге қолайлы жағдай жасалуда. Тасымалдаушылар тарапынан халыққа әлеуметтік қолдау көрсетіліп жатыр. Бұл сайлаушылардың азаматтық белсенділігі мен құқықтық мәдениетін арттыруға ықпал етеді, – дейді шаһар басшысы Саян Мұратұлы.
Осылайша, Балқашта бүгін тұрғындардың өз таңдауын жасауына барынша қолайлы жағдай жасалып отыр. Тегін қоғамдық көлік пен еріктілер көмегі, әсіресе, қарттар мен қозғалысы қиын азаматтардың сайлау учаскелеріне жетуіне мүмкіндік береді.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ



