Жаңалықтар

Қарағанды ғылым әлеуетін өндіріс қуатына айналдыруға бет бұрды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы ел дамуының келелі кезеңін айқындады. Мұнда адами капитал, ғылым, инженерия және инновация – бәсекеге қабілетті экономиканың негізгі тұғырлы ұстыны ретінде атап көрсетілді. Жасанды зерде мен сандық технология қарқын алған тұста ғылым мен өндіріс арасындағы алшақтықты жою – стратегиялық міндетке айналғалы қашан. Ал, ғылыми жаңалық зертхана қабырғасында қалып қоймай зауыт цехында, кеніште, машина жасау алаңында нақты нәтиже бермегі ләзім. Ыстықты суытпайтын, суықты ысытпайтын ақыл көзімен қарасақ, осы тақылеттес тақырыпта тап басар дүние аз емес…

Сурет ЖИ арқылы

– Кеншілер мекенін нағыз еңбек адамдарының киелі бесігі десек, артық болмайды. Қазір облыс экономикасы қарқынды дамып келе жатыр. Бұл, әрине, қуанышты жағдай. Әсіресе, аймақтағы шикізаттық емес өнім экспорты едәуір өскенін атап өту керек. Ауыр өнеркәсіп саласында жалпы құны 4,2 триллион теңге болатын өнім өндірілді. Бұл – шын мәнінде, зор жетістік. Еліміз бойынша да оң үрдіс жалғасуда. Осы жылдың соңына дейін Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің көлемі 398 миллиард долларға жетіп қалады. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш. Ал өңдеу өнеркәсібінің ел экономикасындағы үлесі 14 пайыздан асты. Мұның бәрі Қазақстан халқының табанды еңбегінің, ауқымды жұмысының жемісі екені сөзсіз. Осы орайда, әсіресе, облыстың өсіп-өркендеуіне Qarmet зауыты мол үлес қосып отырғанын атап өткім келеді. Қарағанды металлургия зауыты отандық металлургияның қара шаңырағы, тұтас аймақтың экономикалық тірегі саналады. Бұл ірі кәсіпорын еліміздің индустриялық әлеуетін арттыру ісінде ерекше рөл атқарады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Теміртауға ат басын бұрған салмақты сапарында.

Облыс осы таңдаулы талапты жүзеге асыруға ең қолайлы алаңдардың бірі. Өнеркәсіптік әлеуеті зор өңірде ғылым мен өндіріс кооперациясы соңғы жылдары соны серпін алғаны айдан анық.  Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Үкімет отырысында өңірдің тәжірибесін баяндағанда нақты деректерді алға тартқан-тын. Мәселен, бүгінде 2 мыңға жуық кәсіпорынның 15 пайызы немесе 300-ге жуығы өндірістік үдеріс атаулысына инновация игілігін белсенді енгізу үстінде. Түп нәтижесінде 97 кәсіпорын пайда өсімін тіркесе, 94-і шығынын қысқартты. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға 16 млрд шамасында қаражат сарп етілді. Инновациялық өнім көлемі 124 млрд теңгеге жетіп, оның 84 млрд теңгесі немесе ел бойынша 27 пайызы экспортқа шығарылды. Облыстық бюджет бүйірінен ғылыми жоба атаулысына 1 млрд теңге бөлінді.

Иә, қазыналы Қарағандының өндірістік қарымын тың технологиялармен ұштастыруда Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті аясындағы QarTech өңірлік инновациялық-индустриялық хабы айрықша маңызға ие. Басты ерекшелігі – ғылыми жаңалықты өндіріс өмірінен оқшау сынатпай, зерттеу жұмысын нақты экономикалық сұранысқа бағдарлауында. Харекеті мол хаб ғылым, бизнес, мемлекет және қоғам арасындағы байланысты өзінше жүйелеп, игілікті идеяның дайын технологияға дейінгі жолын қалыптастыруды көздейді. Qarmet пен «Қазақмыс» секілді жүйе құраушы кәсіпорындардың қатысуымен өтетін хакатондар өндірістік міндеттерді ғылыми айналымға енгізе отырып, инженерлік шешімдерді іздеуге мол мүмкіндік ұсынады. Ал коммерцияландыру кеңсесі, конструкторлық бюро және инжиниринг орталықтары әзірлемелерді тәжірибелік сынақтан өткізіп, өндіріске енгізуге бағытталған. Жұйелі жұмыстың қаржылық және кадрлық негізі де нығайып келеді. 2025-2026 жылдары зерттеу амалдарына миллиардтаған теңге бөлініп, жаңа PhD бағдарламалары ашылды, студенттік стартаптарға мейлінше қолдау көрсетілді. Демек, университет міндеті енді маман даярлаумен ғана шектелмейді. Өңірдің технологиялық жаңғыруына оң ықпал ететін, ғылымды экономикалық құндылыққа айналдыратын зияткерлік орталық ретінде қалыптасып отыр.

Қара жердің қойнауы құпиясын оңайлықпен айқара аша салмайды. Қат-қабат қатпарында жатқан қара алтын мен сандаған кенді игеру үшін қажымас қайрат, кемел тәжірибе, озық техника үштағаны қажет. Qarmet шахталарында жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары осыны бір салуалы арнаға тоғыстыруды қалайды. Мәселен, биыл кеншілер қарамағына үш жаңа үңгу комбайны мен конвейер берілді. Жаңа техниканың келуі қазба жүргізу қарқынын ширатып, көмір өндірудің тұрақты ырғағын қалыптастыруға септесуде. Жер астындағы жұмыстың жайын жеңілдететін тағы бір жаңалық – бағытталған бұрғылау технологиясы. Қазірде шахта мамандары қытайлық әріптестерімен тізе қосып, осы теңгерімді тәсілді тәжірибеге енгізуге әзірленуде. Оның артықшылығы – ұңғыманы ойластырылған бағытпен жүргізіп, жер қойнауының геологиялық ерекшелігіне қарай бұрғылау бағдарын өзгерте алуында. Мұның өзі жаңа лаваларды әзірлеу уақытын күрт қысқартып, жұмыс дәлдігін арттыруға әрі артық шығынның алдын алуға жол ашады.

Айталық, кәсіпорын үшін Д-6 көмір қабатын игеру де айрықша мәнге ие. Бұл қабаттың кокстелетін көмірі – металлургиялық өндірістің отына қуат беретін стратегиялық шикізат. Сондықтан оны игеру шахтаның ғана емес, тұтас комбинаттың өндірістік берекесін бекемдеуге қызмет етеді. Алдағы уақытта кезектегі лаваларды кезең-кезеңімен іске қосу көзделген. Көмір өндіру көлемін қайта қалпына келтіру жолында басқа кәсіпорындардан келген тәжірибелі шахтерлерден жасақталған бригаданың еңбегі ерекше. Бір кәсіптің ыстығы мен суығына бірге төселген, бір-бірінің қолтаңбасын жазбай танитын азаматтар ортақ міндетті жұмыла атқарды. Бригада жетекшісі Александр Измер әріптестерінің осы орайдағы білігі мен тәжірибесін, ауызбіршілігін басты жетістікке балайды.

Ғылым мен ізденіс бір орында тұрмайды. Мұны мойындасақ та, мойындамасақ та солай. Теңдессіз техника жер қабатын тереңдетсе, адам әрекеті ілкімді істің берекесін артырады. Біздің бригада әртарапты мықты. Саналы, ойы озық, технологияны жатсынбайтын еңбекқор жігіттерден құралған. Әріптестерімізбен көптен бері бірге жұмыс істеп келемін. Барлығын басқа шахталарда еңбек еткен кезден-ақ білемін. Бір-бірімізді жақсы түсінеміз, әркім өз міндетін біледі. Нәтижеге қол жеткізуіміздің сыры да осында, – дейді Александр.

Qarmet кәсіпорнында қолға алынған жаңғырту жұмыстары осындай өміршең өзгерістің айқын көрінісіне айналып отыр. 2028 жылға дейін кәсіпорынға 3,5 млрд доллар инвестиция салу көзделген. Қазірдің өзінде Болат департаментінде жасанды зердемен біріктірілген жүздеген бейнебақылау камерасы жұмыс істей бастады. Роботтандыру бағытындағы жоспарлар да жүзеге асырылуда. Бір кездегі адам қолының ептілігі мен көзінің қырағылығына сүйенген өндіріс өзегі ендігі кезде цифрлық зерде мен автоматтандырылған басқарудың теңгерімді тетіктерін игеріп келеді.

Жетістіктің көлеңкесінде менмұндалар әрі шешімін күткен мәселе де барлығын жасырмаймыз. Ғылым өрісіндегі негізгі түйткілдің бірі – зерттеу нәтижелерін коммерцияландырудың баяулығы. Мемлекет басшысы мыңдаған қолданбалы жобаның ішінен нарыққа нақты өнім болып шыққандарының аздығын сынға алған еді. Аудит қорытындылары да ресми есеп пен нақты экономикалық нәтиже арасында алшақтық барын аңғартады. Осыған орай, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылыми жобаларды іріктеуде бизнес-серіктестердің қатысуы, патенттік әлеуеті мен нарық сұранысы негізгі өлшемге айналатынын атап өтті. Мұндай табанды талап ғылыми жұмысты өмірден алшақтатпай, өндірістің нақты қажетіне бағыттай түспек. Себебі жеке капитал мен кәсіпорын мүддесімен бекімеген ғылыми бастаманың өндірістік айналымға енуі қиын. Яғни, тапқанына тоқкөңіл болған күндер келмеске кетті.

Өлкемізде ғылым мен өндірістің арасын жалғайтын көпірдің іргесі сәтімен қаланып келеді дерлік негіз бар. Тоқсан сайын бас қосатын ғылым және технологиялар жөніндегі кеңес металлургия, машина жасау, жасыл энергетика тәрізді стратегиялық салалардың бағдарын белгілейді. Ал жергілікті шикізатты терең өңдеу ісі жаңа өндірістік тізбектерге жол ашуда. Qarmet болатынан автобус бөлшектерінің жасалуы, құбыр зауыттарының дамуы, алюминий мен жылу оқшаулағыш материалдар өндірісінің қанат жаюы – соның жарқын айғағы. Кеннен алынған шикізаттың дайын бұйымға айналу жолында ғылымның да үлесі бар. Өндірістің жаңа тынысы осындай ізденіс пен іскерліктің тоғысында ашылса керек.

Ерқанат Кеңесбекұлы
“Ortalyq Qazaqstan”

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button