Жаңалықтар

Қарағандыда Әлімхан Ермековтің мұрасына арналған кездесу өтті

Алаш мұрасын тану және оны өскелең ұрпақ санасына сіңіру – жауапкершілігі зор міндет. Саналы ғұмырын ұлт мүддесіне арнап, елдің ертеңі үшін өлшеусіз еңбек сіңірген қайраткерлердің тағылымды жолы бүгінгі буынға қашанда өнеге. Осы мақсатта Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, алаштанушы Кенжебек Сержанұлымен «Әлімхан Ермек – Алаш мұрасы» атты тағылымды кездесу өтті.

Сурет ұйымдастырушылардан

Филология факультетінде ұйымдастырылған басқосуда Алаш қозғалысының көрнекті өкілі, қазақтан шыққан тұңғыш математика профессоры Әлімхан Ермековтің қайраткерлік болмысы мен ұлт алдындағы ерен еңбегі кеңінен сөз болды.

– Бүгінгі ел тұтастығы үшін кешегі ұлт қайраткерлеріне қашанда қарыздармыз. Негізінде, менің зерттеу тақырыбым – Жалау Мыңбайұлының қайраткерлік ғұмыры. Дегенмен, Алаш арыстарының ұлт алдындағы еңбегін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Әсіресе, қазақ жерінің шекарасын шегендеуде елеулі еңбек сіңірген Әлімхан атамыздың тағылымын бүгінгі жастар терең білуі керек. Ол – ұлт мүддесін қорғаумен қатар, қазақ ғылымының дамуына да айрықша үлес қосқан тұлға. Жоғары оқу орындарына арнап ана тілімізде алғашқылардың бірі болып математика оқулығын жазуының өзі қандай өнеге! Қарағанды топырағында мәңгілік тыныстаған ардақты тұлғаның рухы разы болғай, – деді Кенжебек Сержанұлы.

Тағылымды басқосудың тағы бір маңызды бөлігі – «Алаштың Әлімханы» атты кітаптың таныстырылымы. Маңғыстаулық ақын Сабыр Адайдың ұлт қайраткеріне арнаған поэмасы негізінде жарық көрген туынды оқырманға жол тартты.  Сонымен қоса, кездесу барысында жас ақын Нұрасыл Аманжол да «Алаш рухына тағзым» атты өлеңін оқыды.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button