Мүмкіндікті мүлт жібермеді
Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында дәстүрлі садақ атудан жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты мәреге жетті. Аталған чемпионатта өңір намысын жеті спортшы қорғап, бақ сынаған. Нәтижесінде, ерлер арасында өнер көрсеткен Дәулет Насыр 40 метр қашықтықтағы «Орта Азия» нысанасы бойынша күміс жүлдеге ие болды. Әрі Дәулет жастар арасындағы ел чемпионатында дәстүрлі садақ атудан олжа салған алғашқы мерген атанды.

Аталған чемпионатқа елдің түпкір-түпкірінен 50-ден астам мерген қатысып, төрт нысан бойынша өзара мықтыны анықтады. Чемпионат ережесіне сәйкес барлық спортшы осы төрт нысан бойынша өнер көрсетуі шарт. Жерлесіміз Дәулет «Орта Азия» нысаны бойынша жоғары нәтиже көрсетіп, ақтық кезеңге дейін жетті. Ол 1/8 финалда алматылық мергенді, ал, ширек финалда маңғыстаулық қарсыласынан басым түссе, шешуші бәсекеде елордалық мергеннен айласын асыра алмады.

– Чемпионатқа қатысқан қарсыластардың ешқайсысы осал емес. Десе де, тыңғылықты дайындығымның арқасында «Орта Азия» нысанасы бойынша жүлдегер атандым. Ақтық сында қарсыласыма ұпай айырмашылығымен есе жібердім. Алдағы уақытта жіберген қателіктеріммен жұмыс істеп, шеберлігімді шыңдаймын. Мақсатым – келесі жарыстарда чемпион атану. Жалпы, өңірде дәстүрлі садақ ату спорты қарқынды дамуда. Спортшыларға көрсетіліп жатқан қолдау да, демеушілік көмек те бар. Осы орайда маған қолдау білдірген барша жанға шынайы алғысымды білдіремін, – деді Дәулет Насыр.
Айта кетейік, бұған дейін ересектер арасындағы ел чемпионатында Айгерім Қадірман, Анарбек Сахаба сынды жерлестер жүлделі орындарға қол жеткізген. Бұл жолы Дәулет Насыр тұңғыш рет өңір қоржынына жастар арасындағы ел чемпионатынан жүлде салып отыр.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»



