Шет ауданында жастар арасында құқықтық квест ұйымдастырылды
Шет ауданында колледж студенттері құқық қорғау және төтенше жағдайлар қызметтерінің жұмысымен танысып, құқықтық білімдерін сынады. «Заң мен тәртіп аумағы» атты іс-шараға алты команда қатысты.

13 қазанда Шет агротехникалық колледжінің студенттеріне арналған құқықтық квест Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылды. Басты мақсат – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттау.

Бағдарлама аясында қатысушылар аудандық полиция бөліміне, прокуратураға және төтенше жағдайлар бөліміне барып, мамандардың қызметімен танысты.

Полиция бөлімінде студенттер қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және заң талаптарын орындау жөнінде ақпарат алды. Прокуратурада азаматтардың құқықтарын қорғау мен заңдылықты қамтамасыз етудің маңызы түсіндірілді. Ал төтенше жағдайлар бөлімінде қауіпсіздік ережелері және қауіпті жағдайда әрекет ету тәртібі сөз болды.

Танымдық экскурсиялардан кейін жастар аудандық Жастар ресурстық орталығында бас қосып, құқықтық квестке қатысты. Алты команда түрлі тапсырмаларды орындап, құқықтық білімдерін ортаға салды. Қатысушылар сұрақтарға бірлесіп жауап іздеп, ұйымшылдық пен белсенділік танытты.

Іс-шара соңында барлық қатысушы марапатталды. Жеңімпаз командалармен қатар, белсенділігімен және командалық жұмысымен ерекшеленген жастар да атап өтілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастардың заң алдындағы жауапкершілігін түсінуіне, құқықтық сауаттылығын арттыруына және мемлекеттік органдардың қызметі туралы білімін кеңейтуіне мүмкіндік береді.
Материалды әзірлеген Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ



